Киелі жерлер: аңыз бен ақиқат

Мау 18, 2026

Ертіс-Баян өңірінде тарихы терең киелі орындар аз емес. Оларды ғылыми тұрғыда зерттеп, рухани әрі мәдени мән-маңызын айқындап, көпшілікке таныстыру — маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта ерінбей еңбек етіп жүрген жас ғалым, Торайғыров университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Рахимов Мәди Илялұлымен сұхбаттасқан едік.

– Мәди Илялұлы, Павлодар облысындағы киелі жерлерді зерттеген екенсіз. Осы еңбегіңіз жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз…

– Ертіс-Баян өңіріндегі киелі жерлерді зерттеу – менің ғылыми ізденісімнің басты бағыттарының бірі. Бұл тақырыпқа деген қызығушылық аймақ тарихының тек жазба деректерінде ғана емес, аңыз-әңгімелерде де айтылатындығынан басталды. Әсіресе, Баянауыл өңіріндегі Қоңыр әулие, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кесенесі, Кемпіртас, Саймантас, Сабындыкөл, Торайғыр, Жасыбай, Әулиебұлақ сияқты нысандардың тарихи-мәдени мәніне назар аударылды. Осы орындар халық аңыздарымен, жер-су атауларымен, тарихи тұлғалармен және табиғатқа қатысты көне түсініктермен тығыз байланысты.

Зерттеудің басты мақсаты – өңірдегі киелі орындарды жүйелі түрде ғылыми айналымға енгізу, олардың тарихи-мәдени маңызын ашу және болашақ ұрпаққа сақтап жеткізу. Сонымен қатар, облыстағы киелі орындар негізінде
ішкі туризмнің басым бағыттарын айқындайтын карта жасалып, қазақстандық патенттік бюродан авторлық куәлік те алынды. Бұл зерттеудің қолданбалы маңызын көрсетеді деп ойлаймын.

– Зерттеу барысында қандай жаңа деректер таптыңыз немесе тың жаңалықтар аштыңыз?

– Осы іспен айналысу кезінде бұрын ауызша деректер арқылы ғана белгілі болып келген кейбір мәліметтерді архив материалдары арқылы нақтылауға мүмкіндік туды. Мысалы, Қошқарбай батыр туралы деректер ел аузында сақталғанымен, ғылыми айналымда жеткілікті деңгейде қарастырылмаған еді. Архив құжаттарынан табылған мәліметтер оның жоңғар шапқыншылығына қарсы күреске қатысқанын және Ертіс бойын азат ету жолындағы оқиғалармен байланысты болғанын көрсетеді.

Сонымен қатар, Қалмаққырғанға қатысты да маңызды картографиялық деректер анықталды. Алтай өлкесі мемлекеттік архиві мен Ресей мемлекеттік тарих архивінен алынған картографиялық материалдарда бұл жерге қатысты мәліметтер кездеседі. Халық арасында Қалмаққырған Олжабай батырдың қолбасшылығымен жоңғарларға қарсы ірі шайқас өткен орын ретінде айтылады. Бұған дейін бұл туралы деректер көбіне ауызша аңыздарда, Ә.Бөкейхан мен Ә.Марғұлан еңбектеріндегі жекелеген жазбаларда кездесетін. Енді аталған ақпараттар картографиялық материалдармен де расталып отыр. Сондықтан зерттеудің бір жаңалығы – ауызша тарихи жадта сақталған мәліметтерді архивтік және картографиялық деректермен салыстырып, Ертіс-Баян өңіріндегі киелі орындардың тарихи негізін нақтылай түсуінде деп айтуға болады.

– Аңыз бен ғылыми фактіні қалай ажыратасыз?

– Ол үшін ең алдымен деректің шығу тегіне назар аударамыз. Ауызша айтылған мәлімет жазба деректермен, архив материалдарымен, жер-су атауларымен немесе тарихи оқиғалармен салыстырылады.

Аңыз – халықтың қиялы ғана емес, көп жағдайда оның ішінде тарихи оқиғаның ізі, белгілі бір тұлға туралы естелік сақталып қалады. Бірақ аңыз уақыт өте келе өзгеруі, көркемделуі, жаңа мағына алуы мүмкін. Сондықтан зерттеуші үшін аңыз — дайын тарихи факт емес, бірақ маңызды дерек көзі. Ғылыми зерттеуде ол басқа археологиялық, архивтік, картографиялық деректермен салыстырылып, талдау арқылы қарастырылады.

– Облыстағы киелі орындардың қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз?

– Біздің өңірдегі киелі орындардың жағдайы әртүрлі. Кейбір нысандар туристік бағыттарға енгізіліп, белгілі деңгейде насихатталып жатыр. Әсіресе, Баянауыл өңіріндегі табиғи және тарихи орындарға қызығушылық жоғары.

Дегенмен де, барлық киелі орын толық қорғалған немесе зерттелген деп айту қиын. Кейбір жерлерде ақпараттық тақтайшалар аз, ғылыми сипаттамалар жеткіліксіз, жол қатынасы мен инфрақұрылым әлсіз. Мәселен, Драверт жарлауытындағы үңгір қабырғаларына адамдар өз есімдерін жазып, соның салдарынан көне дәуір адамдары қынамен салған суреттердің өшуіне және бүлінуіне себеп болып отыр. Осындай жазулар Қалмаққырғандағы жартастарда да байқалады. Сол үшін киелі орындарды тек «көрікті жер» ретінде емес, тарихи-мәдени мұра ретінде таныстыру маңызды. Олардың ғылыми мазмұнын ашу, дұрыс насихаттау және қорғау жұмыстары жүйелі жүргізілуі керек.

– Қандай киелі жерлер жойылып кету немесе ұмытылу қаупінде тұр деп ойлайсыз? Сондай-ақ, бүгінгі ұрпақ қасиетті орындарды сақтап қалу үшін ең алдымен не істеуі керек?

– Жойылып кету немесе ұмытылу қаупі көбіне кең танымал емес, жергілікті деңгейде ғана белгілі орындарға қатысты. Мысалы, шағын бұлақтар, көне қорымдар, ескі қоныс орындары, аңызға байланысты төбелер мен тастар уақыт өте келе ұмытылуы мүмкін. Мұндай орындардың жоғалу қаупі бірнеше себепке байланысты болады. Біріншіден, ауызша деректі жеткізуші үлкен буын азайып барады. Екіншіден, жастардың көпшілігі туған жерінің жер-су атаулары мен аңыздарын терең біле бермейді. Үшіншіден, кейбір нысандар табиғи тозу, адам әрекеті, құрылыс, шаруашылық немесе қараусыз қалу салдарынан бүлінуі мүмкін. Оларды сақтап қалу үшін ең алдымен құжаттау қажет. Яғни, әрбір киелі орынның атауы, орналасқан жері, оған байланысты аңыздар, тарихи деректер, фотосуреттер, жергілікті тұрғындардың естеліктері жинақталуы керек. Бұл жұмыс тек ғалымдардың ғана емес, мектеп мұғалімдерінің, студенттердің, өлкетанушылардың, музей қызметкерлері мен жергілікті әкім-діктердің бірлескен ісі болуы тиіс.

– Туризм саласын дамыту киелі орындардың рухани құндылығына кесірін тигізуі мүмкін бе?

– Иә, егер туризм дұрыс ұйымдастырылмаса, киелі орындардың рухани құндылығына зиян келтіруі мүмкін. Себебі, киелі жер – жай ғана демалыс орны емес, ол – рухани құндылық.

Туризмнің зиянды жағы көбіне коммерциялық көзқарас басым болғанда байқалады. Мысалы, киелі жер тек ақша табу нысанына айналып, оның тарихы мен мәні түсіндірілмесе, туристер сол орынның қасиетін сезінбей, оны жай ғана көрікті фон ретінде қабылдауы мүмкін. Сонымен қатар, бақылаусыз көп адам келсе, табиғи орта ластанады, тарихи нысандар бүлінеді, тыныштық пен рухани атмосфера жоғалады. Бірақ бұл туризмді мүлде дамытуға болмайды деген сөз емес. Керісінше, дұрыс ұйымдастырылған туризм киелі орындарды танытуға, қорғауға, жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Мәселе туризмнің қандай принципке негізделуінде.

Менің ойымша, киелі жерлерге қатысты туризм «рухани жауапты туризм» қағидасымен дамуы керек. Яғни турист келген кезде ол тек табиғатты көріп қайтпай, сол жердің тарихын, аңызын, халық үшін маңызын түсінуі тиіс. Егер туризм біліммен, құрметпен және жауапкершілікпен ұштасса, ол кесірін тигізбейді, керісінше киелі мұраны сақтаудың бір тетігіне айналады.

– Киелі орындарды коммерцияландыру мәселесіне көз-қарасыңыз қалай? Сонымен қатар, мемлекет пен жергілікті билік киелі мұраны қорғау үшін не істеуі керек деп ойлайсыз?

– Киелі орындарды коммерцияландыру мәселесіне өте сақ қарау керек. Әрине, инфрақұрылым мен туризмді дамыту қажет. Бірақ киелі жердің негізгі рухани және тарихи мәні көлеңкеде қалмауы тиіс. Киелі орын тек табыс көзі немесе туристік нысан ретінде ғана қабылданса, оның шынайы құндылығы төмендеуі мүмкін. Сондықтан мұндай жерлерде жүргізілетін кез келген жұмыс тарихи-мәдени ортаға зиян келтірмеуі керек. Жол салу, демалыс аймағын ұйымдастыру, белгі орнату, туристік маршрут жасау сияқты жұмыстар тарихшылармен, археологтармен, экологтармен және жергілікті өлкетанушылармен бірлесе отырып жүргізілуі қажет. Сонымен қатар, жергілікті қауымның пікірі міндетті түрде ескерілгені жөн. Себебі, киелі орындарды ең жақсы білетін адамдар – сол жерде тұратын халық. Олардың естелігі, түсінігі, құрметі және сол орынға қатысты қалыптасқан дәстүрлі көзқарасы назардан тыс қалмауы керек.

Мемлекет пен жергілікті билік тарапынан киелі орындардың нақты тізімін жасап, олардың қазіргі жағдайын анықтау, қорғау мәртебесін белгілеу, ақпараттық тақтайшалар орнату және ғылыми сипаттамаларын дайындау маңызды. Сондай-ақ, киелі жерлер туралы ғылыми кітапшалар, деректі фильмдер, сайттар, интерактивті карталар, мектептерге арналған әдістемелік материалдар дайындалса, бұл мұраны қорғауға және насихаттауға үлкен үлес қосар еді.

– Болашақта осы салада қандай да бір зерттеулер жүргізу жоспарыңызда бар ма?

– Иә, бұл бағыттағы зерттеулерді алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап жүрмін. Ертіс-Баян өңірінің киелі географиясы әлі толық зерттеліп бітті деп айту қиын. Болашақта Тереңкөл, Железин, Успен аудандарына экспедициялар ұйымдастырып, осы өңірлердегі киелі орындар туралы мәліметтерді толықтыру ойым бар. Себебі, біз тек Баянауыл өңірімен ғана шектелмеуіміз керек. Павлодар облысының басқа аудандарында да әлі толық зерттелмеген, халық жадында сақталған киелі орындар бар. Оларды анықтап, жүйелеп, ғылыми айналымға енгізу – алдағы маңызды міндеттердің бірі.

Тағы бір маңызды жоспар – жергілікті тұрғындардан ауызша тарих материалдарын жинау. Себебі, бүгін жазып алынбаған аңыз, естелік, жер атауы ертең жоғалып кетуі мүмкін. Әсіресе үлкен буын өкілдерінің әңгімелері – өте құнды дерек.

Жалпы, мен үшін бұл зерттеу тек ғылыми тақырып емес. Бұл – туған өлкенің тарихын тану, оның рухани құндылығын түсіну және келесі ұрпаққа жеткізу жолындағы жұмыс. Киелі орындарды зерттеу арқылы біз тек өткенді ғана емес, өзіміздің кім екенімізді, қандай тарихи-мәдени кеңістікте өмір сүріп жатқанымызды да тереңірек түсінеміз.

– Ақпаратыңызға рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Нұржайна ШОДЫР.