Еңбек пен берекенің мекені

Мам 28, 2026

Қазірде саяжай қала тұрғындары үшін тек жазғы демалыс орны ғана емес, отбасылық тұрмысқа қажетті өнім жинаудың да маңызды көзіне айналып отыр. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бақша шаруашылығы – маусым сайын қайталанатын үлкен еңбек пен жауапкершілікті талап ететін тіршілік.  Павлодар қаласында 44 мың саяжай учаскесі бар. Бүгінде оның жартысынан көбі пайдаланылуда. Соның ішінде 19 саяжай бағбандық бірлестігі еңбек етеді. Мұндай қауырт тірлікті бала кезінен атқарып келе жатқан жандардың бірі – қаладағы  «Металлург» саяжай кооперативінің төрағасы Илья Фёдоров.

Саяжайдағы жұмыс ең алдымен көшет егуден басталады. Кооператив төрағасының айтуынша, бұл кезең көбіне қыс мезгілінде, яғни ақпан-наурыз айларында қолға алынады. Кей тұрғындар көшетті үй жағдайында өсіріп, жазғы маусымға алдын ала дайындалады. Бұл әсіресе солтүстік өңірлерде жаздың қысқа болуына байланысты тиімді тәсіл саналады.

— Көктем келісімен алдымен жер тазаланып, былтырғы өсімдік қалдықтары мен қоқыс шығару жұмыстары жүргізіледі. Кейін топырақ өңделіп, тыңайтқыш енгізіледі. Алайда қазіргі уақытта көң, минералды тыңайтқыш, тұқым мен көшет бағасының қымбат-тауы бағбандарға едәуір салмақ түсіріп отыр. Себебі, барлық шығын толықтай тұрғындардың өз қалтасынан төленеді, — деді ол.

Мұнда өсірілетін дақыл-дардың түрі де әртүрлі. Көпшілік картоп, қияр, қызанақ, баялды, бұрыш секілді көкөністерді жиі егеді. Сонымен қатар алма, алмұрт, шие секілді жеміс ағаштары мен құлпынай, таңқурай сияқты жидектер де кең таралған. Кейбір бағбандар сирек кездесетін өсімдіктерді өсіруге талпынғанымен, ол көп жағдайда климаттық ерекшеліктерге байланысты қиындық тудыратын көрінеді .

Саяжайдағы шаруа-шылықтың әлеуметтік маңызы да жоғары. Көптеген отбасы жаз бойы тер төгіп, күзде жиналған өнімді қысқа сақтап, консерві жасап, компот, тұздалған тағам әзірлейді. Бұл – қымбатшылық кезеңінде отбасы бюджетін үнемдеудің бір жолы. Кей тұрғындар үшін саяжай –
күнкөріс көзі, яғни жай ғана хобби емес, өмірлік қажеттілік.

Саяжайдағы еңбек көбіне отбасылық дәстүрге айналған. Бірнеше ұрпақ бойы жалғасып келе жатқан бағбандықты бүгінгі таңда ата-ана баласына үйретіп, жұмысқа балаларын да тартады. Әдетте 6 соттық жер телімін 3-4 адам
бірігіп игереді. Бұл көлем бір отбасы-
ның қысқы азығына жеткілікті өнім жинауға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары саяжайға деген көзқарас та өзгере бастады. Бұрын саяжай тек еңбек орны саналса, бүгінде оны демалыс аймағына айналдырып жатқан тұрғындар көбейді. Көгал егіп, демалыс-әңгіме орнын жабдықтап қойып, әткеншек орнатып, табиғат аясында отбасы болып тынығу да сәнге айналған.

«Металлург» саяжай коопе-ративінің басшысы Илья Фёдоровтың айтуынша, саяжайлық өмір жастар үшін де пайдалы. Қараусыз қалған саяжайларды игеру арқылы әрі демалып, әрі өнім өсіруге болады. Оның үстіне саяжай –
туристік демалыс орындарын жалға алғаннан әлдеқайда арзан. Ең бастысы –
өз жерің, өз еңбегіңнің жемісі.

«Яблонька» саяжай коопе-ративінде өмірін бағбандықпен тығыз байланыстырған Гүлжанат Қабылдина бар. Ол үшін қаладағы тынымсыз тірлікті бір сәтке ұмыттыратын дүние  болса, ол — бағбандық.

— Бақша өсімдіктерін баптаумен айналысып жүргеніме қырық жыл болды. Өзіме бұл жұмысым қатты ұнайды. Қазіргі таңда бақшамда әртүрлі жемістер өсіремін. Күзде жақсы өнім алу үшін көктемде ерекше құлшыныспен іске кіріскен жөн. Себебі, әрбір өсімдік ерекше көңіл бөлу мен күтімді қажет етеді.  Жерді қопсыту мен тазалық жұмыстары әдетте дұрыс күтім үшін жеткіліксіз. Себебі, көктем айларында бау-бақшада зиянкестер көбейеді. Сондықтан дұрыс дәрумен таңдау да ұқыптылықпен жасалады. Өз басым алдын ала  тыңайтқыштармен бірге мыс сульфаты ерітіндісін қолданамын. Бір литр жылы суға ерітіп дайындалған тұнбаны он литр сумен араластырып, бақшадағы барлық ағаштарға сеуіп  шығамын. Табиғат пен адам бір-бірімен тығыз байланыста болса,  көңіл күйі де, денсаулығы да жақсы болады. Жақсы өнім алу үшін де ең бірінші жерді жақсы көру керек деп санаймын. Сондықтан менің бұл жерден кеткім келмейді, — дейді ол.

Бақша өнімдері мамыр айының аяғынан бастап жеміс беріп, маусым айында өнімдер толығымен піседі. Бұл кезеңде саяжай аумағында заңбұзушылықтар көбірек тіркеледі. Дәлірек айтсақ, піскен жеміс-жидектерді тонау сынды факторлар жиілейді. Мұндай жағдайда іске саяжай тыныштығына жауап беретін атты патрульдер араласады. Олардың міндеті жанын салып, жер-анадан өнім алғысы келетін бағбандардың еңбегін еш кетірмеу, олардың құқығын қорғау.

Павлодар қаласы Полиция басқармасының Патрульдік полиция батальонының атты полиция взводының командирі, полиция капитаны Бердібек Даяндах саяжайда көбінесе ұсақ
құқықбұзушылықтар тіркеледі дейді.

— Көктемгі саяжай жұмыстары басталғаннан күздің соғы айларына дейін қызметте боламыз.  Саяжай тұрғындарының шағымдары бойынша жұмыс жасаймыз. Көбінесе үйсіз жүрген адамдар мұндағы иен үйлерді паналап, тұрғындардың мазасын алып жатады. Кейде тұрғындардың жеке заттарына қолсұғуышылық факторларымен де айыпты болады. Мұндай азаматтарға арнайы әкімшілік хаттама толтырып, тиісті органдарға тапсырамыз, —
деді ол.

Сара ӘБДОЛ.