Павлодар қаласында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні оқытушылары арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен облыстық «Сардар» жарысы өтті.
Дәстүрлі сайысқа облыстың 10 ауданы мен 3 қаласынан келген командалар қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Тартысты додада Ертіс ауданының құрамасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жүлделі І орынды иеленді. Қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынап, әскери-қолданбалы спорттағы шеберліктерін дәлелдеді. Атап айтқанда, Калашников автоматын бөлшектеу және жинау, пневматикалық мылтықтан нысана көздеу, арқан тарту, әскери қорғаныш жиынтығын уақытқа кию сынды сынақтар ұйымдастырылды.
Жарыс барысында ертістік ұстаздар ұйымшылдық пен кәсіби даярлықтың жоғары деңгейін көрсетіп, барлық кезеңдерде үздік нәтижелерге қол жеткізді. Нәтижесінде команда қарсыластарынан басым түсіп, жеңімпаз атанды.
Жеңімпаз команданың құрамында №1 Ертіс орта мектебінің оқытушысы Сайдаш Бекниязов, №3 Ертіс орта мектебінен Қайыргелді Досанов, №4 Ертіс орта мектебінің мұғалімі Константин Карякин, М.Горький атындағы орта мектептің оқытушысы Құмар Мұхамеджанов, Қызылжар орта мектебінен Нұрқанат Рысбек және Ұзынсу орта мектебінің оқытушысы Нұрлан Өтебаев болды.
«Сардар» жарысы алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр.
С.ӘБДОЛ.
ЕРТІС АУДАНЫ
