Жаздың аптап ыстығында жанына сая іздеген тұрғындардың көбі өзен-көлдерге ағылатыны айтпаса да түсінікті. Алайда кейбіреулер, әсіресе, балалар судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Соның салдарынан қайғылы жағдайлар орын алуда. Мәселен, былтыр шомылу маусымы кезінде өңірімізде 14 адам суға кетіп, өмірден өткен. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек? Жауапты сала мамандары тарапынан қандай жұмыстар жүргізілуде? Осы және өзге де сұрақтар бұрнағы күні аппараттық жиында жан-жақты талқыланды.
Аталған шара барысында сондай-ақ, аймағымызда мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруына қаншалықты қолайлы жағдай жасалып жатқаны жайлы да сөз болды.
Судан сақтан!
Облыс басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен алқалы жиында алдымен шомылу маусымындағы қауіпсіздік мәселе-лері талқыланды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рустамбек Амриннің айтуынша, аймағымызда 140-тан астам өзен мен 1200-ге жуық шағын көл бар.
– Біз үшін су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісі өзекті болып қала береді. Өйткені, мұның артында адамдардың өмірі тұр. Өкініштісі, өткен жылы шомылу маусымында 14 адам ажал құшты. Олардың қатарында кәмелет жасына толмаған 2 бала бар. Осынау қайғылы оқиғалардың барлығы шомылуға рұқсат берілмеген, яғни жабдықталмаған жерлерде орын алған. Бұған қарап, жазғы кезеңде балалардың бос уақытын қауіпсіз ұйымдастыру жөніндегі жұмысты күшейтудің маңыздылығын түсінуге болады, – деді департамент басшысы.
Облыс әкімі балалардың қауіпсіздігі бірінші орында екенін атап өтті.
– Барлығымызға мәлім, күн күрт ысып барады. Осындай кезде ешкімді үйде ұстап отыра алмаймыз. Кейбір балалар үйдегі үлкендерге айтпастан шығып кетіп, шомылуға арналмаған орындарда жүреді. Мұның соңы қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін. Әсіресе, Ертіс жағасында орналасқан ауылдарда қауіп жоғары. Сол үшін ата-аналар баласының қайда екенін әрдайым қадағалап отырғаны жөн. Мемлекеттік мекемелер, соның ішінде білім беру басқармасы тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс, – деді Асайын Қуандықұлы.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Әбенова осы тақырып бойынша мамыр айында барлық мектепте ата-аналар жиналысы өткенін және оған полиция қызметкерлері, медицина мамандары мен төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қатысқанын жеткізді. Сонымен қатар, ол тұрғындарға судағы және жолдағы қауіпсіздік туралы бейнероликтер көрсетіліп, «Қауіпсіз су айдыны», «Қауіпсіз терезе», «Қауіпсіздік аттракционы» атты акциялар ұйымдастырылып жатқанын мәлім етті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының айтуынша, бүгінде өңірде су жағасында орналасқан 45 демалыс орны жұмыс істейді. Оның ішінде 29 коммуналдық және 16 жеке жағажай бар.
– Ендігі кезекте төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның тапсырмаларына сәйкес жабдықталған демалыс орындарының желісін кеңейту, коммуналдық және жеке жағажайлар санын ұлғайту, құтқару қызметін дамыту жоспарлануда. Сонымен қатар, аумақтарды су басу және құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты бұрын белгіленген демалыс орындарын одан әрі пайдалану мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Бұл ретте, су жағасындағы демалыс инфрақұрылымын дамыту бойынша Тереңкөл ауданы оң тәжірибе көрсеткенін атап өткен жөн. Онда жағалау аймағын абаттандыру, балалар бассейнін салу және отбасылық демалысты ұйымдастыру үшін жақсы мүмкіндік жасалған, – деді Рустамбек Амрин.
Асайын Байханов өзге өңірлер Тереңкөл ауданының тәжірибесінен үлгі алып, демалушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау қажет екенін қадап айтты.
Департамент басшысының сөзіне қарағанда, өңірдегі бірқатар су айдындарында қауіпсіздік ережелерінің талаптары сақталмаған. Яғни, кейбір қоғамдық жағажайлар құтқару бекеттерімен, медициналық пункттермен және басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етілмеген. Мәселен, ресми белгіленген 45 жағажайдың 7-уі ғана балаларға арналған аймақтармен жабдықталған. Ал Аққулы, Шарбақты, Железин, Ертіс, Ақтоғай аудандарында қауіпсіздік талаптары әлі де өз деңгейінде емес екендігі белгілі болды.
Алқалы жиында аймақтағы табиғаты көркем туристік өлке – Баянауылдағы жағажайларда демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне баса мән берілді. Аталған аудан әкімінің міндетін атқарушы Қинаятолла Талиповтың айтуынша, қазіргі уақытта Сабындыкөл жағажайында бейнебақылау камералары орнатылып, барлығы аудандық полиция бөліміне қосылған.
Облыс әкімі Жасыбай көліндегі жағажайларда да абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін бейнекамералар орнатып, жедел басқару орталығына қосу керектігін тапсырды.
Отырыста сондай-ақ, қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асып жатқаны сөз болды. Соның бірі – Баянауыл ауданында жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру мақсатында құрылатын модульдік құтқару кешені. Бүгінде департамент тарапынан 10 құтқарушыдан тұратын қосымша штат бөлінген. Мұндай жаңа жобалар туристер көп келетін өзен-көлдердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халықтың алаңсыз демалуына мүмкіндік беретіні сөзсіз.
– Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. Сонымен қатар, тұрғындар арасында түсіндіру шараларын жүргізіп, қала-аудан әкімдіктері шомылуға арналмаған орындарға тақтайшалар орнатуы тиіс. Автокөліктердің жағажайларға емін-еркін кіруін шектеу үшін арнайы белгілер қою қажет, – деп тапсырма берді облыс әкімі.
Қолайлы жағдай жасалуы тиіс!
Аппараттық жиында өңірдегі мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдай жасау, кедергісіз инфрақұрылымды дамыту мәселесі де қарастырылды. Бұл жөнінде баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырованың айтуынша, бүгінде аймағымызда шамамен 31 мың мүгедектігі бар адам тіркелген. Олардың 8 787-і ауылдық жерде, ал 21 311 адам қалаларда тұрады. Өкінішке қарай, 15 мыңнан астам адам ғимараттарға кедергісіз кіріп-шығу және қызметтер алу үшін қолайлы жағдайлардың жасалуын қажет етеді. Бұл санаттағылардың қатарында көру қабілеті нашар 4 403 адам, құлағы естімейтін 1 168 жан, тірек-қимыл аппараты бұзылған
8 196 азамат және кресло-арбамен қозғалатын 1 305 адам бар. Қолданыстағы заң бойынша мүгедектігі бар азаматтардың инфрақұрылым нысандарға, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық жарыстарға және мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу құқықтары бар.
– Қазіргі уақытта инклюзивті қоғам құру, мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыру бағытында барлық қажетті шаралар қабылдануда. Осындай азаматтар үшін 10 жыл бойы «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» порталы жұмыс істеуде. Онда республика бойынша қолжетімділік деңгейі туралы ақпараты бар 42 мыңнан астам әлеуметтік нысан орналастырылған. Оның ішінде біздің облыстан 1 731 әлеуметтік нысан бар. 2021 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету көрсеткіші бекітілген болатын. Инфрақұрылымның қолжетімділігі туралы деректерді өзектендіру жұмыстары аясында қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері партия филиалдарымен бірлесіп, әлеуметтік нысандарға мониторинг жүргізуде, – деді басқарма басшысы. Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы облыс бойынша қолжетімділіктің қамтамасыз етілуі бекітілген 60 пайыздық жоспарды асыра орындап, 67 пайызға жеткен. Яғни, 1163 нысан бейімделген. Ал ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша жоспарланған 80 пайыздың 68,5 пайызы орындалған. Нақтырақ айтқанда, 1 186 нысанда қажетті жағдай жасалған. Осы жылдың соңына дейін әлеуметтік ғимараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету көрсеткіші 90 пайызға жетеді деп күтілуде, деді баяндамашы.
Облыс әкімі жыл сайын осы мақсатқа қазынадан қаражат қарастырылатынын айтып, жұмыстың өз деңгейінде орындалмай жатқанын сынға алды.
Мониторинг нәтижесі бойынша Успен, Шарбақты, Аққулы, Май, аудандарының артта қалып отырғаны анықталды. Аталған өңір әкімдері алдағы уақытта қажетті жұмыстардың орындалатынын мәлімдеді. Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов 125 нысанның 75-і қолжетімді екенін, жыл соңына дейін тағы 29 нысанды қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын алға тартты. Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов биыл жоспарланған 131 ғимараттың ішіндегі 87 нысанда кедергісіз орта жасалғанын, жыл аяғына дейін 20 ғимаратқа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жоспар 90 пайызға орындалатынын жеткізді.
Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды ширату керектігін айтып, келесі жылдың ортасына дейін барлық аудан-қалалардағы әлеуметтік нысандарда 100 пайыз қолайлы жағдай жасауды тапсырды.
Жиында ғимараттардың қолже-тімділігіне қатысты тексеру нәтижелері де сөз болды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедова баяндады.
– Департамент өз құзіреті бойынша әлеуметтік салаларда бақылау шараларын ұйымдастыруда. Өткен жылы прокуратурамен бірлесіп 52 тексеру жүргізілді. Оның ішінде мәдениет, білім беру, спорт, денсаулық сақтау саласы бойынша 98 нысан тексерілді. Жұмыс барысында жалпы 170 заң бұзушылық анықталды. Оның 106-сы кедергісіз ортаны қамтамасыз етуге қатысты екенін атап өткен жөн. 14 нысан бойынша жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазіргі кезеңде 9 нысан бойынша 31 бұзушылық әлі жойылған жоқ. Сондай-ақ, олардың қатарында 5 бюджеттік мекеме бар, – деді департамент басшысы. Осынау нысандардың талапқа сай емес деп танылуына пандустар, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған тактильді бағыттағыштар, құлағы нашар еститін жандарға арналған құралдар мен автотұрақтардың жоқтығы негізгі себеп болған.
Алқалы жиынды қорытындылаған аймақ басшысы қолжетімді орта қалыптастыру өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтып, жауапты тұлғаларға 2027 жылдың бюджетін бөлу кезінде осы бағытқа қажетті қаражатты қарастырып, қолайлы орта қалыптастыру мәселесін толық шешуді тапсырды.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.
