Әуезов шығармалары – бір сахнада

Мау 4, 2026

Алматылық Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының Павлодар қаласында өткен үшкүндік гастроль барысында театр ұжымы көрерменге мазмұны терең, жанры әртүрлі сахналық қойылымдар мен лирикалық кеш ұсынды. Сахнадағы әр образ, әр диалог өмірдің өзінен алынғандай шынайы сезіліп, көрерменді бірде ойға жетелесе, бірде толқытып, бірде терең тебіреніске салды.

Гастрольдің алғашқы күні жазушы Мұхтар Әуезов шығармаларының желісімен сахналанған «Қорғансыз» спектаклі көрсетілді. Онда жазушының «Қорғансыздың күні», «Жетім» және «Қаралы сұлу» әңгімелері негізге алынып, адам тағдыры, әділетсіздік пен рухани жалғыздық секілді терең тақырыптар көркем тілмен өрнектелді.

Қойылымда Қасымның рөлін сомдаған театр әртісі Рахат Жұмаханов бұл туындының астарында қазіргі қоғамға да жақын ой бар екенін айтады. Себебі кей ата-аналар жұмыс пен тұрмыстың, кейде дүниеқоңыздықтың соңына түсіп, бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмей жатады. Осы әлеуметтік мәселе де сахналық туындыда көркем түрде бейнеленген.

– Жалпы, Қасым – әке-шешесінен жастайынан жетім қалған бала. Кейін ол әжесінің қолында тәрбиеленеді. Алайда әжесі де қайтыс болған соң, нағашыларының қолына өтеді. Бірақ ол жерде де түрлі қиындыққа тап болып, қорлық көреді, өзіне тиесілі мал-мүлкі талан-таражға түседі. Уақыт өте келе өмірдің ауыртпалығынан қажып, тығырыққа тіреледі. Соңында өзін өлімге қияды, – дейді Р.Жұмаханов.

Гастрольдік сапар барысында актер Павлодар сахнасымен қайта қауышудың өзі ерекше толғаныс болғанын атап өтті. Ол бұл қалада алғашқы кәсіби еңбек жолын бастап, тәжірибе жинағанын еске алып, жергілікті көрерменмен кездесуді жылы сезіммен қабылдағанын жеткізді.

– 2017–2022 жылдар аралығында Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында қызмет еттім. Бұл менің алғашқы жұмыс орным болғандықтан, Павлодар мен үшін өте ыстық. Осында көп тәжірибе жинап, өнердің қыр-сырын тереңірек түсіндім. Бұрынғы әріптестермен қауышу ерекше сағыныш сезімін сыйлады, – дейді ол.

Екінші күні көрермен назарына екі бірдей сахналық туынды ұсынылды. Күндіз балалар аудиториясына арналған «Кішкентай ханзада» желісіндегі спектакль ұсынылып, ертегілік әлем, балалық қиял мен адамгершілік құндылықтары сахналық шешімдер арқылы әсерлі жеткізілді. Ал кешкі бағдарламада махаббат пен сезімге толы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасы бойынша сахналанған қойылым көрермен назарына ұсынылды. Спектакль барысында жастық шақтың албырт сезімі, алғашқы махаббат пен өмірлік таңдау тақырыптары терең драмалық бояумен өрілді.

Сапардың соңғы күнінде «Мұқағали, Музаға» қойылымы қойылып, ақын поэзиясындағы терең лиризм мен нәзік сезімдер сахна тілімен өзара үйлесім тапты. Әр көрініс жүрек қылын тербеген сырлы сәттерге толы болды.

Қойылым соңында көрермен ұзақ уақыт бойы әсерден шыға алмай, Мұқағали поэзиясының мәңгілік мәні мен рухани тереңдігін тағы бір мәрте сезінді.

 

Аяулым ЖЕҢІС, театр көрермені:

– Жазушы Мұхтар Әуезов шығармашылығы біз үшін қазақ халқының тарих сахнасындағы келбетін, қилы кезеңдері мен қиын өткелдерін шынайы әрі терең суреттейтін құнды рухани мұра ретінде қабылданады. Әсіресе, «Қаралы сұлу», «Жетім», «Қорғансыздың күні» әңгімелері желісі негізінде сахналанған «Қорғансыз» драмасы бізге қазақ қоғамының жаңа ғасыр табалдырығындағы құбылмалы қалпын, әлеуметтік теңсіздік пен адам тағдырына түскен ауыр салмақты тереңірек сезіндіре алды.

Біз көрермен ретінде 3 шығармаға ортақ негізгі ойдың – қорғансыздық пен шарасыздықтың, ар-ұят пен жауапкершілік жүгінің қаншалықты ауыр екенін анық сезіндік. Қарагөз сұлу, Қасым, Ғазиза сынды кейіпкерлердің тағдыры арқылы әлсіздік пен нәзіктікке қарамастан адам мойнына артылатын сынақ пен ішкі рухани арпалыс айқын көрінді. Қойылым барысында олардың зұлымдықпен күресі, ішкі қайшылығы мен жан күйзелісі терең психологиялық деңгейде әсерлі жеткізілді. Осы арқылы жазушы көтерген адам жаны мен
қоғам шындығы бізге жаңа қырынан ашылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.