Павлодарлық тұрғын корпустық жиһаз жасаушы жеке кәсіпкермен келісімшартқа отырып, ас бөлмесіне лайықтап тапсырыс жасайды. Алайда, межеленген мерзімнен үш ай асырып әкеледі. Оған қоса, шартта көрсетілгендей жинақталмағаны анықталады. Екі тарап бір мәмілеге келе алмады. Ақыры, сот арқылы реттеуге тура келген.
Сотта облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті үшінші тұлға ретінде тұрғынның мүддесін қорғаған. Іс материалдарына қарағанда тұтынушы мен жеке кәсіпкер арасында корпустық жиһаз жасауға шарт жасалған. Тапсырыс беруші жиһаз құнының бір бөлігін алдын ала төлеген. Бірақ, кәсіпкер шартта белгіленген уақытта жасап бермеген.
Ас бөлмесіне арналған гарнитур шартта белгіленген мерзімнен үш ай кешіктіріп жеткізілген. Орнату барысында толық жинақталмағаны және шарт талаптарына сәйкес келмейтіні белгілі болады. Нақтысы, конструкцияның жекелеген элементтері және фурнитуралары болмай шығады. Ал бұйымның бөліктері келісілген тапсырысқа сай келмейді. Сонымен қатар, жиһаз орнатылмаған әрі тараптар тапсырысты қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймаған.
Тұтынушы кемшіліктерді жоюға, қаржыны қайтаруға және айыпақы төлеуге байланысты талабын көрсетіп, бірнеше мәрте жазбаша арыз түсіреді. Алайда, бұл арызға ешбір жауап берілмейді. Сөйтіп, тұтынушы департамент көмегіне жүгінеді. Құзырлы орган жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тұтынушының арызына заңнамада көрсетілген мерзімде жазбаша жауап берілмегені үшін кәсіпкерлік субъектісі 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалады. Сондай-ақ, кәсіпкерге анықталған кемшіліктерді жоюға қатысты ескерту жолданады.
Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен тұтынушының пайдасына 747 076 теңге өндіріліп алынды. Оның ішінде 460 мың теңге жиһазды аяқтауға әрі қайта өзгертуге кеткен шығындар, 77 832 теңге міндеттерді орындау мерзімін бұзғаны үшін айыпақы түрінде төленді. Сондай-ақ,
200 мың теңге моральдік шығын ретінде өндірілді. Одан бөлек, сот және пошта шығындарын да кәсіпкерлік субъектісі төлеуге міндеттелді.
Департамент мамандары ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңының 24-бабының 4-тармағына сәйкес тапсырыс орындаушы атқарылатын жұмыс немесе көрсетілетін қызметті тиісті сапада қамтамасыз етуге міндетті екенін еске салады. Яғни, тұтынушы көрсетілген қызметтер, жасалған жұмыстар барасында кемшіліктер байқаса, аталмыш заңның 35-бабына сәйкес бірнеше тармақтың бірін таңдауына құқылы. Мәселен, кемшіліктерді қайтарымсыз негізде жоюды талап ете алады. Жұмыс немесе қызмет құнын сәйкесінше төмендетуді таңдауына болады. Дәл сондай немесе сол сияқты сападағы материалдан басқа өнімді қайтарымсыз істете немесе қайтадан жасата алады. Тағы бір нұсқаға келсек, шартта қарастырылған болса, кемшіліктерді жоюға кеткен шығындарды өтеуді талап етуге құқылы. Сонымен қатар, егер орындаушы кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоймаса, ақаулар айтарлықтай ауқымды немесе жоюға жарамайтын жағдайда болса, тұтынушы шартты бұзып, шығындарды өтеуді талап ете алады.
Құзырлы орган биыл төрт айда 18 сот процесіне қатысқан. Соның 15-інде сот тұтынушылар пайдасына шешіп берген. Нәтижесінде 25 млн теңгеден астам қаражат тұтынушыларға қайтарылған.
Осы ретте, тұтыну құқықтары бұзылған жағдайда азаматтар Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесі,
9 мекенжайы бойынша өтініштерді қабылдаудың бірыңғай платформасы арқылы жүгіне алады. Атап айтсақ,
E-otinish.gov.kz, E-tutynushy.kz ақпараттық жүйесі немесе 8 (7182) 55-10-70 сенім телефоны бойынша көмек алуға болады.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
