Депутатқа цифрлық кеңесші көмектеседі

Мау 11, 2026

Жасанды интеллект элементтері облыстың мәслихаттарына да етене енуде. Мәселен, депутаттардың виртуалды кеңесшісі пайда болды. Жасанды интеллект көмегімен жасалған бұл цифрлық өнім өңір депутаттарына тұрғындардың өтінімдеріне жылдам жауап беруге жәрдемдеседі. Виртуалды цифлық кеңесші жұмысы Достық үйінде арнайы таныстырылды.

Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, аймақтың барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңе-сінің өкілдері қатысты.

– 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тиіс деді. Заманауи технологиялар экономиканың және мемлекеттік басқарудың барлық салаларына енгізілуде. Мамыр айында Президенттің осы бағыттағы хаттамалық тапсырмаларының орындалуы мәселесі қаралған жиында Павлодар облысының цифрлық бастамалары айтылды. Өңіріміз пилот ретінде анықталды. Қазіргі заман өкілді органдардан жұмысты тиімді ұйымдастыруды ғана емес, сондай-ақ, қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға, депутаттық корпус қызметінің қолже-тімділігіне, ашықтығына ықпал ететін жаңа технологияларды белсенді енгізуді талап етеді. Міне, сондықтан да, облыс мәслихаттарының жұмысын жаң-ғырту біздің жұмысымыздың маңызды бағытының бірі болды, – деді облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко.

Яғни, жаңғырту аясында цифрлық құралдарды қолдану арқылы депутаттық қызметті жүзеге асыруға заманауи жағдай туғызуға назар аударылуда. Соның айқын дәлелі – мәслихат депутаттарына арналған виртуалды цифрлық кеңесші. Қазіргі таңда бұл кеңесші тесттік режимде жұмысын бастаған. Кеңесші жұмысы Павлодар қалалық мәслихаты алаңында ұйымдастырылды. Осылайша, виртуалды кеңесші депутаттың бірінші көмекшісіне айналады деп күтілуде. Мамандар цифрлық өнімді әрдайым жетілдіріп, толықтырып отыру қажет болатынын айтады.

– Цифрландыру және жасанды интеллект жылы Павлодар қалалық мәслихат депутаттарының бастамасымен депутаттың виртуалды цифрлық кеңесшісі жасалып отыр. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін әр депутаттық округ туралы, онда жауапты депутаттар туралы ақпарат 2Гис қосымшасына жүктеліп, сәтті жүзеге асты. Енді екінші кезеңі –
осы цифрлық кеңесші. Мұнда кез келген қаламыздың тұрғыны сұрағын қосымша арқылы қоя алады. Жасанды интеллект бұл мәселенің қай округтен екенін анықтап, сол округтегі жауапты депутатқа жолдайды. Одан кейін депутатқа сауал түскеннен кейін жасанды интеллект жүктелген ақпаратқа сүйене отырып, жауабын әзірлеп береді. Жауапты депутат тексеріп, нақтылап, сауал жолдаған тұрғынға жібереді. Бұл сауалға жауап беру уақытын қысқартады, сонымен қатар, сұраққа жауап берілгенде заңдарға, кодекстерге, мәслихаттың шешімдеріне де сілтемесі болады. Яғни, тұрғын көтерген мәселесіне ары қарай сілтемелермен терең үңіле алады, – дейді Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобыланбек Қожин.

Айтуынша, жүйеге Ата заңымыздан бастап, мәслихаттың шешімдеріне дейін ақпараттар жүктеледі. Қалалар мен аудандарда жүзеге асып жатқан жобалар, олардың мердігерлері бойынша ақпараттарды әр аудан-қаладағы бағдарламаның әкімшісі жүктеп қоятын көрінеді. Алдағы уақытта бұл кеңесші жұмысы бүкіл облыс көлемін қамтымақ.

Цифрлық кеңесшіні құруға Павлодар қаласының ақпараттық технологиялар колледжі, облыстық білім беру, цифрлық технологиялар басқармалары, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы қолдау көрсеткен. Аталған колледждің 2-курс студенттері осы жобамен айналысқан. Білім ордасының арнайы пәндер оқытушысы Светлана Олейниктің айтуынша, студенттер наурыз айынан бері осы қосымшаны құру жолында ауқымды жұмыс атқарған.

– Бұл жоба биыл еліміздің барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумында Президент тарапынан қолдау тапқан. Жобада жасанды интеллект өтінімдерді құрылымдайды. Жауаптары дұрыс болуы үшін білім базасы қажет болды. Ол үшін облыстық, қалалық мәслихаттармен, мемлектетік қызмет академиясымен тығыз жұмыс істедік. Бұл қалтадағы анықтамалық деуге болады. Депутат мұнда қызметіне қатысты барлық жаңалықтан хабардар болып отырады. Одан бөлек, қосымшамыз жобаларды басқарудың мемлекеттік жүйесімен кіріктірілген. Мәселен, қандай да бір мектеп, аурухана, жол құрылысы туралы өтінім түссе, депутат қосымшаға нақты осы уақытта бірден жобалар туралы мәлімет сұрай алады. Жауапты да лезде алады, – дейді С.Олейник.

Жүйе сонымен қатар, талдау, статистикалық есеп те жүргізетін көрінеді. Мамандар қосымшаны кең көлемде таратуға дайын. Сұраныс та жоғары болатынына сенімді. Себебі, қосымша тегін, тіркеуді қажет етпейді.

Жиында облыстық қоғамдық кеңес, облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық мәслихат арасында үшжақты меморандум жасалды. Бұл құжат арқылы өңір тұрғындарының мүддесіне бірлесіп еңбек ету көзделген.

Сондай-ақ, облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен мәслихаттарды жаңғырту жұмыстары нәтижесін бергенін атап өтті. Яғни, азаматтардың өтініштер қарау жеделдігі артқан, мәслихаттар шешімдерінің орындалуына депутаттық бақылау жетілдірілуде.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ 

Павлодар қаласы.