Шыбын-шіркей қайдан шықты?

Мау 11, 2026
Foto Valeriy BUGAYEV

Соңғы күндері облыстың бірқатар аудандарында шыбын-шіркейдің көбеюі туралы шағымдар түсті.  Осыған байланысты облыстық табиғат пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасының мамандарынан түсініктеме берілді.

Басқарма мәліметінше, облыстық бюджет есебінен қаржыландырылатын барлық дезинсекциялық іс-шаралар Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан облыс қалалары мен аудандарының аумағына бағытталған. Олар — Павлодар және Ақсу қалалары, Май, Ақтоғай, Ертіс, Железин, Аққулы және Тереңкөл аудандары.

Ертіс өзеніне шықпайтын Успен, Шарбақты, Баянауыл аудандарында және Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы жайылмадан тыс және далалық аумақтарды өңдеу қарастырылмаған. Бұл аумақтарда тек жекелеген учаскелерде және балалар лагерьлері орналасқан орындардың айналасында тосқауылдық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

Шарбақты ауданы тұрғындарының өтініші бойынша жер қойнауын пайдалану басқармасының, облыстық ғылыми топтың және аудан әкімдігінің өкілдері Шошқалы, Бозалаң, Садықащы және Шалдай ауылдарына барды.

Қанаттанған шыбын-шіркейдің қалыптан тыс жаппай көбею фактісі расталды. Бұл күрделі жағдай соңғы 2-3 күн бойы байқалуда. Жайылма аумақтарынан тыс жерлерде шыбын-шіркейдің жаппай шығуына орман өрттерін сөндіру кезінде су алуға арналған жасанды су айдындары, сондай-ақ аталған ауылдардың маңында пайда болған шағын жергілікті су қоймалары себеп болуы мүмкін.

Осыған байланысты 10 маусымнан бастап аталған ауылдарда қанаттанған шыбын-шіркей түрлеріне қарсы дезинсекциялық тосқауылдық өңдеу жұмыстары қолға алынды. Өңдеу жұмыстары ранц бүріккіштері мен ыстық тұман генераторының көмегімен жүргізілуде. Сонымен қатар шыбын-шіркейдің дернәсілдік түрлеріне қарсы су айдындарын биологиялық «Бактицид» препаратымен өңдеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Өз тілшіміз.