Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша екі жыл бұрын елдегі шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын қаржыландыратын «Artsport» бағдарламасы қанат қаққан болатын. Көптеген ұл-қыздың қосымша білім беру орталықтарына тегін барып, бос уақыттарын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп отырған аталмыш бағдарламаның аймағымызда жүзеге асу барысы қалай? Бұл жөнінде ақпарат алу үшін облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Самал Сәменовамен сұхбаттасқан едік.

— Самал Елжасқызы, «Artsport» бағдарламасы облысымызда қалай жүзеге асуда?

— «Artsport» бағдарламасы бойынша аймағымызда атқарылған жұмыстар ойдағыдай деп айтуға болады. Мәселен, бағдарлама алғаш іске қосылған 2021 жылы облыс бойынша 2971 бала тегін үйірмелермен қамтылса, былтыр 4740 бала тегін үйірмеге барды. Ал 2023 жылы мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жүзеге асыруға 1 012,8 млн теңге қаражат қарастырылды. Осы жылдың 17 мамыры күні бюджет қаражатының үнемделуіне байланысты кезекте тұрған 2448 балаға қосымша ваучер берілді. Сонымен қатар, биыл 10 тамыз күні тағы да 1143 баланың үйірмеге қатысуына мүмкіндік туды. Осылайша, бүгінгі таңда өңірімізде 53 қызмет көрсетуші тіркеліп, 35 бағыт бойынша 157 үйірме жұмыс істеуде. Мұндағы 5181 баланың ішіндегі 351 жеткіншек екі үйірмеге қатар қатысуда. Балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, спортпен айналысуларына жағдай жасау үшін бағдарламаның берері мол. Қуантарлығы, жыл сайын бала саны артуда.

— Биыл аталмыш жобаға қатысты қандай өзгерістер, жаңашылдықтар орын алды?

— Бүгінгі күні Artsport.edu.kz порталы Ұлттық білім беру дерек қоры, «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қоры, «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен интеграцияланған болатын. Ал биылдан бастап «Artsport» порталы ақпараттық қауіпсіздік сертификатын алды. Сондай-ақ, порталда жұмыс істеу үшін қызмет көрсетушілер мен ата-аналарға ЭЦҚ арқылы верификациядан өту қажеттілігі енгізілді.

— Бұл жобаға кімдер қатысуда және олардың жұмысы талапқа сай ма? Яғни, іс барысы қаншалықты қадағаланады?

— «Artsport» бағдарламасына жастар мен жас өспірімдердің шығармашылығын шыңдауға және шығармашылық қабілеттерін ашуға бағытталған қызмет көрсетушілер үміткер бола алады. Олар ұсынған үйірмелерге 4-17 жас аралығындағы кез келген бала қатысуға құқылы. Алайда, 2020 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қантарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін және профилактикалық бақылауды тоқтату туралы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес қадағалу жүргізілмейді. Сонымен қатар, біздің басқармаға да бағдарлама қатысушыларының қызметін қадағалау, тексеріс жүргізу құзыреті берілген жоқ. Бірақ қызмет көрсетушілер ай сайын ата-аналардың қолы қойылған шығармашылық үйірмелері туралы табельдер жиынтығын жолдап тұрады.

— «Artsport» бағдарламасы ауылдық балаларды да қамти ма? Қаламен салыстырғанда қандай кем-кетіктер бар?

— Қазіргі уақытта облысқа қарасты ауылдық аймақта 13 қызмет көрсетуші жұмыс істейді. Барлығы 32 үйірме қызмет көрсетеді. Олардың қатарында ағаш ою, ұлттық билер, заманауи билер, сурет салу, домбыра, көркем оқу, поэзия, актерлық өнер және басқа да шығармашылық үйірмелер бар. Онда барлығы 500-ге жуық бала қатысады. Ал қандай мәселе бар десеңіз, ауылдық елді мекендерде бала санының аз әрі үй-жайлардың талапқа сай болмауына байланысты үйірме саны шектеулі болып тұр.

— Бағдарламаны дамытуға байланысты алда қандай жоспар бар?

– Келесі 2024 жылы осы бағдарламаға қазынадан 1 064,6 млрд теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Бұл қаражат шамамен 5 мыңнан астам баланы түрлі үйірмемен қамтитын болады. Осы бағыттағы іс-шаралар ары қарай сәтті жалғасын табуы үшін қызмет көрсетушілермен қоян-қолтық жұмыс істей береміз.

— Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.