Дәстүрлі әннің дүлдүлі

Мау 11, 2026

Қазақ халқының дәстүрлі ән өнеріұлт руханиятының сарқылмас қазынасы. Сол қазынаны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуді өмірлік мұрат еткен өнерпаздардың қатарында баянауылдық Жәнібек Мәліковтің орны ерекше. Халықтың ықыласына бөленіп, «Жәнібек сал» атанған өнер иесі Арқа әншілік мектебінің асыл мұрасын насихаттап, ұлттық өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.

Жәнібек Мәліков 1961 жылдың 15 қаңтарында Баянауыл ауданына қарасты Қаныш Сәтбаев атындағы кеңшардың Теңдік бөлімшесінде дүниеге келді. Сұлу табиғат аясында өскен болашақ әншінің бойына туған жердің тылсым сұлулығы мен қазақы болмыс ерте сіңді. Атқа мінсе тақымына басқан, ауыл ақсақалдарының ескі шежіре, тарихи әңгімелеріне құлақ түріп өскен зерек баланың бойындағы өнерге деген құштарлық та сол кезден бастау алды.

Жастайынан әнге жақын болған Жәнібек Мәліков ауыл арасындағы той-думанның сәніне айналды. Ән айтқанда үлкендер сүйсініп, құрдастары қызыға қарайтын. Оның табиғи дауысы мен орындаушылық қабілеті көпшіліктің назарын ерте аударды.

Орта мектепті тәмамдап, азаматтық борышын өтегеннен кейін 1981 жылы Екібастұз қаласына қоныс аударды. №1 жөндеу-құрылыс басқармасында еңбек ете жүріп, өнерден қол үзген жоқ. Қаладағы мәдениет ошақтарын жағалап, өнерлі азаматтармен араласты. Осы кезеңде оның шығармашылық жолына бағыт-бағдар берген азаматтардың бірі  белгілі ұстаз, мәдениет жанашыры Жүрсін Бәтенов болды.

Жәнібек Мәліковтің өнердегі жолы табанды еңбек пен үздіксіз ізденіске толы болды. Ол қазақтың дәстүрлі ән өнерін терең меңгеріп, республикалық және одақтық деңгейдегі байқауларға қатыса бастады. Бүкілодақтық халық шығармашылығы байқауының лауреаты атанып, Алматы қаласында өткен республикалық әнші, жыршы және термешілер байқауларында жүлделі орындарға ие болды. Әсіресе, 1991 жылы Орал қаласында ұйымдастырылған әйгілі әнші Мұхит Мералыұлының 150 жылдық мерейтойына арналған дәстүрлі әншілер байқауындағы жеңісі оның өнердегі беделін одан әрі арттырды. Бұл байқау қазақтың әр өңірінен келген таңдаулы әншілердің басын қосқан үлкен өнер додасы болатын. Сол додада топ жарып шығуы Жәнібек салдың кәсіби шеберлігін айқын танытты.

Оның әншілік дарынын өнер майталмандары да жоғары бағалады. Қазақтың белгілі дәстүрлі әншісі, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов Иса Байзақовтың 90 жылдық мерейтойы аясында Павлодар өңіріне келген сапарында Жәнібек Мәліковпен бірге жүріп, оның орындаушылық өнеріне тәнті болған екен.

Жәнібек салдың орындауындағы әндерде Арқа даласының кең тынысы, қазақтың асқақ рухы, халықтық болмысы анық сезілетін. Оның қоңыр үні тыңдаушының жан дүниесіне жол тауып, жүрегін тербейтін. Сондықтан ол қай жерде өнер көрсетсе де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңдерде көптеген өнер ұжымы тарап кеткені белгілі. Алайда Жәнібек Мәліков өнерден алыстаған жоқ. Керісінше, отбасылық ансамбль құрып, ұлттық өнерді насихаттауды жалғастырды. Павлодар, Екібастұз, Семей, Қарағанды қалаларында және Астанада бірнеше мәрте концерт ұйымдастырып, халықпен жүздесті.

Өнердегі еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Ол «Озат мәдениет қызметкері» атағына ие болып, облыс әкімінің «Өнер» грантын иеленді. Ал 2004 жылы «Мәдениет қайраткері» атағы беріліп, ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі жоғары бағаланды.

Өнер иесінің адамгершілік болмысы да көпшілікке үлгі болды. Жұбайы Айсұлу Қасымованың айтуынша, Жәнібек сал отбасының тірегі, балаларының қамқоршысы еді. Ол өнерді ғана емес, ұлттық тәрбиені де жоғары қойды. Балаларына жастайынан домбыра ұстатып, сахна мәдениетіне баулыды, қазақтың халық әндерін үйретті.

Бүгінде өнерпаздың ұрпақтары әке аманатын абыроймен жалғастырып келеді. Үлкен ұлы Жеңіс дәстүрлі әндерді орындаса, екінші ұлы Шапағат жұбайы Салтанатпен бірге өнер көрсетеді. Қызы Шынар да әншілік жолды таңдаған. Немерелері де музыкаға жақын өсіп келеді. Мәселен, Біржан домбыра тартып ән айтса, Мұстафа ұлттық аспапта өнер көрсетіп, түрлі байқауда жүлделі орындарға ие болуда.

Өкінішке қарай, қазақ өнерінің жанашыры, дәстүрлі әннің дүлдүлі Жәнібек Мәліков өмірден ерте өтті. Бірақ әншінің артында қалған әндері, шәкірттері, ұрпақтары және халық жүрегіндегі жарқын бейнесі оның есімін ұмыттырмайды.

Жәнібек салдың қоңыр үні бүгінде сахнадан естілмегенімен, оның орындауындағы әндер мен өнегелі ғұмыры қазақ руханиятының алтын қорында мәңгі сақталады. Өнерді өмірінің өзегіне айналдырған дара таланттың есімі туған халқының жадында әрдайым құрметпен атала бермек.

Бетті әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА

Сіз өткізіп алған