Павлодар облысында мал шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығы жануарларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артқан.
Облыста ірі қара мал саны 603,8 мың басқа жетсе, қой саны 765,2 мың басты құрады. Сондай-ақ ешкі – 79,7 мың, шошқа – 107,8 мың, жылқы 354,7 мың басқа жеткен. Құс саны 1 миллион 710,4 мыңды құрап отыр. Ал жыл басынан бері 29,1 мың тонна ет өнді-ріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7 пайызға артқан. Сонымен қатар 63,3 миллион дана жұмыртқа өндірілді.
Бұл сандардың артында қаншама адамның адал еңбегі жатыр. Сапалы мал өнімдері шыққан аумақтағы малдың бабы да сай болғанының көрсеткіші. Бүгінде ата-баба кәсібін жалғастырып жүрген жандар бұл салада бір-бірінен кем түспейді.
Солардың бірі — Ақсу қаласына қарасты Қанаш Қамзин ауылындағы шаруашылық иесі Ермек Жақатаев. Әке жолын жалғастырып келе жатқан Ермек Абайұлы бүгінде екі шаруа қожалығын басқарады. Оның айтуынша, мал шаруашылығы бүгінде тұрақты табыс көзіне айналған.
– Жалпы, мал шаруашылығымен айналысуды әкем 1995 жылы қолға алған. Сол кезде «Жанат» шаруа қожалығын ашқан. Кейін 2017 жылы бірлесе отырып, «Асан» шаруа қожалығын қостық. Қазіргі таңда екі қожалық әртүрлі бағытта жұмыс істейді. Біреуі ет бағытында жұмысын жалғастырса, бертін ашылған қожалық сүт өнімдерін сату және жылқы бағу мақсатында жұмыс істеуде. Жалпы қожалығымызда 1 мыңнан аса ірі қара бар, – дейді ол.
Шаруашылық белгілі бір уақыт аралығында мемлекет ұсынған лизингтік бағдарламаларды пайдаланған. Қазіргі таңда бұл міндеттемелер толық орындалып, қожалық өз күшіне сүйеніп жұмысын жалғастырып келеді.
Мал шаруашылығы — жай ғана кәсіп емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр. Осындай еңбекқор шаруалардың арқасында өңірдің аграрлық саласы дамып, тұрғындар сапалы әрі табиғи өніммен қамтамасыз етілуде.
Сара ӘБДОЛ.
