Ғалым, академик Айтмұхамет Тұрышев: Ұлтқа қызмет ету – ұлы мұрат

Мау 11, 2026

Жақында филология ғылымдарының докторы, мәшһүртанушы, академик, Ш.Уәлиханов және Ы.Алтынсарин атындағы сыйлықтардың иегері, жоғары оқу орнының екі мәрте үздік оқытушысы атанған профессор Тұрышев Айтмұхамет Қасымбайұлы мерейлі 70 жасқа толмақ.

Бұл жас – жай ғана ғұмыр белесі емес, ғылым мен парасаттың, ізденіс пен табандылықтың таразыға түсетін шағы. Саналы ғұмырын ана тілінің абыройын асқақтатуға, ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге арнаған ғалымның еңбегі ерен.

Мерейтой иесімен тілдесіп, ғылымдағы жолы, тіл тағдыры, бүгінгі қоғам және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік жайында әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Абай атамыз Бірінші қара сөзінде: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тар-тыстық — әурешілікті көре-көре келдік»,  –  деген екен.

Ал сіз осы жасқа дейінгі өміріңізді қалай өткіздіңіз? Әңгімемізді өткеніңізден бастасақ…

– Ғасыр ауысса да Абайдың сөзі ауысқан жоқ. Қалай дәл айтқан деп күні бүгінге дейін таңқаламын. Ол ылғи да қазақ халқының жанын жадыратып, қалың ұйқыдан оятудың қамын жасады, жолын іздеді.

Ал мен басқа қоғамдық формацияда өмір сүріп жатқан адаммын. Қазақстан егемендігін алып, еркіндікке қол жетті. Мемлекеттік рәміздеріміз және тіл, дін, тарихымыз бар. Шет елге шықсақ, табан тірер қара жеріміз, құшақ жаяр туған еліміз бар. Одан артық не керек?!

Бүгінде жетпіс жасқа қалай жылдам келіп қалғанымды өзім де білмеймін. Мәшһүр Жүсіп шығармалар жинағында Қызылым қарт Жиреншеге жолығып:

– Сізден сұрайын деген бір жоғым бар еді. Он бес лақ, жиырма бес серке, отыз бес орақ, қырық бес қылыш, елу бес егеу, алпыс бес арқан, жетпіс бес шідер жоғалттым, – деген екен. Сонда Жиренше шешен жоғыңыздың жөнін айтып берейін:

– Он бес жас – құйын қуған желмен, жиырма бес – дауыл ұрған перімен, отыз бес – ағып жатқан селмен, қырық бес – аю аспас белмен, елу бес – ерттеп қойған атпен, алпыс бес – арқандап қойған атпен тең. Жетпіс бесте – көңілің жермен тең, сексенде селкілдеген шал боларсың, тоқсанда толық миың орта түсер. Жүз жаста дүниеден күдеріңді үз, өлмесең де өліден кем боларсың, – дегенде Қызылым:

– Әттең-ай, өзім жиырма бестегі жігіттей едім, көңілімнің жердей болғанын қарашы, бекер сұраған екенмін, – деп жантая кеткен екен. Сол сияқты, менің де жетпіске келген жасымды бекер сұрадың-ау. Көңілім өзіме жас сияқты еді, «жетпіс-жетпіс» деп айтқан сайын қарттық түсіп, өрекпіген көңіл су сепкендей басыла береді екен…

Бәрін айт та, бірін айт! Абай хәкім:

Ақыл мен жан – мен өзім,

                               тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің»

                           мағынасы–екі.

«Мен» өлмекке тағдыр

                      жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін,

           оған бекі, – деген екен. Мен де рухани қоректі жанның азығы қылып жүрген адаммын. «Қозы көрпеш – Баян сұлу» кесенесінің түбіндегі ауылда өстім. Аякөз өзенінің құмына қыздырынып, осы махаббат символына ұзақ қарап жатып, маужырап ұйықтап кететінмін. «Мың бір түн» кітаптарын ата-анамның бөлмесінен алып, терезенің алдында айдың жарығымен тығып оқитынмын. Мен кітапханаға барғанда кітапханашы апайлар қызықты кітаптарды дайындап тұрушы еді. Халық қаһарманы Б.Момыш-ұлының «Москва үшін шайқас», Қ.Қайсеновтің «Жау тылында», Ә.Шәріповтің «Ормандағы от», тағы басқа шығармаларын қызығып бір күнге жеткізбей оқып тастайтынмын. «Қозы көрпеш-Баян сұлу»,
«Қыз Жібек» жырларын жатқа айтатынмын.  І.Есенберлин, Ә.Нұрпейісовтің кітаптарын оқып алып, күн ұзақ балаларға әңгімелеп беретінмін. «Қайрат» футбол командасының ойынын кішкене қара радиодан тыңдап, делебем қозып, айқайлап тұратынмын. С.Байшақов, Т.Сегізбаев, Қ.Ордабаев, басқа да ойыншылар есімде қалыпты. Дене шынықтыру мұғалімі Даниил Жихарев менің спортқа деген сүйіспеншілігімді арттырды. Әлі де спортты жақсы көремін, айналысамын. 10–сыныпты бітірген соң кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, 7-ші санаттағы ағаш шебері мамандығын меңгердім. Ленинград облысында 2 жыл әскери борышымды өтедім. «Досмұқасан» ансамблінің орындауындағы «Той жырымен» үйлену тойымызды өткіздік. Семей қаласындағы Н.К.Крупская педагогикалық институты, қазіргі Шәкәрім университетінен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын оқыдым. Қ.Мұхаметқанов, Қ.Жүсіпов, Ж.Шәкенов, А.Еспенбетов, Қ.Шаяхметов, өзге де ұстаздар тіл білімі мен әдебиет саласынан дәрістер оқыды. Институт қабырғасында жүріп ең алғаш Мәшһүр Жүсіптің өмірбаянымен таныстым. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Аякөз ауданының Таңсық совхозында (Тарлаулы ауылы) он жылдай интернат тәрбиешісі, әскери дайындық мұғалімі, тәрбие жұмысын ұйымдастырушы, оқу меңгерушісі сатыларынан өттім. Екі рет қатарынан ауылдық кеңестің депутаты, штаттан тыс жасөспірімдер инспекциясының инспекторы, аудандық «Алға» газетінің штаттан тыс тілшісі, маскүнемдікке қарсы күрес ұйымының мүшесі, тағы басқа да қызметтер атқардым. Сол уақытта ең алғаш рет Наурыз мейрамын, мектепте мұражай ұйымдастырдық.

Ал 1991 жылы Павлодарға мектеп директорларын дайындайтын курсқа келдім. Павлодар педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы құрылды. Меңгерушісі филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ермек Өтебаев болды. Ол арасында бізге дәріс оқып жүретін. Сөйтіп, бір күні конкурс ұйымдастырылып, мен өтіп кеттім. Ертеңінде ректор Тасболат Шаяхметов шақырды, қабылдауда Ермек Өтебаев та отыр екен. Сол кезде жарым, үш балам бар еді. Олар маған Павлодарға қазақ тілі мамандары керек екенін айтты. Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, мен павлодарлық болып шыға келдім. Біздің көшіміз тарихи оқиғаларға толы сәтте басталды. Бұл жылдары еліміз егемендік алып, төл теңгенің алғаш шыққан кезі еді.

Осылайша, қиын да қызықты қауырт қала тіршілігі басталды. Қазақ филологиясының алғашқы деканының орынбасары, кандидаттық, одан кейін докторлық диссертация қорғау, оның арасында тіл мәселесі жөнінде конференциялар мен семинарларға қатысу, газетке мақалалар жазу, оқу-әдістеме құралдарын шығару, бағдарлама жасау сынды көптеген жұмыстар үйге қарауға да мұрша бермеді. Қуантарлығы, павлодарлық достар, іні-қарындастар бір туғандай болып, тез бауыр басып кеттік. Биыл жақсы адамдармен араласқанымызға 35 жыл толады. Қалған өмірім өздерің көргендей өтіп жатыр.

– «Ғылым жолы – ауыр жол» деген сөз бар. Сіз осы соқпақты қалай жүріп өттіңіз және қазіргі деңгейге қалай жеттіңіз?

– Ғылым жолының өте ауыр екенін өз қара басымнан өткізген адаммын. Сезіп отырған сияқтысың сұрағыңның төркініне қарағанда. Жанды жерімді дөп бастың. Содан бастайын. Алғашқы ғылыми еңбегім бір себептермен жоғарғы аттестация комиссиясында бекімеді. 1998 жылы алдыңғы диссертациядан бөліп алып «Қыз Жібек» жырының тілі мен стилі» атты кандидаттық диссертацияны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында қорғадым, бәрі ойдағыдай болды. Ғылыми жетекшім ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Серғалиев болды. Қандай қиын жағдай болса да оны ауыстырмадым. Ал 2005 жылы «Мәшһүр Жүсіп шығармалары лексикасының этномәдени негіздері» атты докторлық диссертацияны А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қорғадым. 2010 жылы профессор ғылыми атағын алдым. Ғылыми жетекшім – филология ғылымдарының докторы, профессор Ербол Жанпейісов. Ол Мәшһүр Жүсіп этнолингвистикалық орталығын құрып жұмыс істеу керек деп айтып отыратын. Бұл мәселе Ерлан Арын ректор болған кезде шешілді. Сөйтіп, 2004–2014 жылдар аралығында «Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығының» директоры қызметін атқардым. Мәшһүр Жүсіп Көпей-ұлының 20 томдық шығармалар жинағының шығуына атсалыстым. Бұл ретте, ұстазым, профессор Қуандық Пазылұлының басшылығы мен кеңесі зор болды. Мәшһүр Жүсіптің энциклопедиялық мұрасының бірнеше сериясын студенттер дайындады. Осы еңбектің 3 томы орыс тілінде 3 томдық таңдамалылар жинағы ағылшын тілінде жарық көрді. Көптеген мектепте мәшһүртану сабақтары өтіп, кабинеттер ашылды. Жиілік сөздігі, эпостолярлық мұрасы, басқа да еңбектер шықты. Докторлық диссертация негізінде «Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы заттық мәдениет», «Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы рухани мәдениет», «Мәшһүр Жүсіп «шығармаларындағы метрологиялық терминдер», «Мәшһүр Жүсіп шығармаларын-дағы мерологиясы», «Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы этномәдени аспектісі», басқа да зерттеулер дүниеге келді. Ең бастысы, Мәшһүр Жүсіп оқулары облыстық, аймақтық, репспубликалық деңгейге дейін жетті. Ғұламаның шығармаларының тілінен дипломдық, магистрлық, докторлық диссертациялар қорғала бастады. Мұндай ауқымды жұмыстарға мәшһүртанушылардың сіңірген еңбектері мол екенін атап өткен жөн. Менің де маңдай терім бағаланып, университеттің және «Мәшһүр Жүсіп» қорының «Мәшһүр Жүсіп» медальдарымен марапатталдым. Зиялы қауым мені мәшһүртанушы деп жүр ғой, бұл атақты баяғыда елім беріп қойған. Негізі, педагогикалық еңбектерімнің нәтижелері библиографиялық көрсеткіште те (1 бөлім — 2016, 2 бөлім — 2020, 3 бөлім — 2026 жыл) жазылған.

– Ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп бабамыздың өмірі мен шығармашылығын зерттеумен айналыстыңыз. Қандай тың деректер таптыңыз?

– Абай өлеңдеріндегі, қара сөздеріндегі «толық адам» идеясы жан-жақты талданып, қазіргі кезде ұлттық тәрбие беретін тұтас ұғым ретінде қабылданды. «Адал азамат» тәрбиелеудің негізгі мақсатына айналды. Бұл ой Мәшһүр Жүсіп шығарамаларындағы «түгел адам» (бүтін адам) концептісіне ұласты. Түгел адам ілімін зерттеу – күрделі іс. Осы тақырыпта шәкіртім диплом жұмысын жазып қорғады. Бұл ашылған жаңалық өте ауқымды, бір сөзбен айтып түсіндіру мүмкін емес. Екіншісі, Скиф этнографиясын Мәшһүр Жүсіп шығармалары лексикасы арқылы дәлелдеу. Уақыт, кеңістік өтсе де біз өзімізді сөз арқылы табамыз. Құр сөз қызықсыз болар. Мысалы: «Таң атқан соң қопаның бір түбек, берік жерін тауып алып, қалмақтың бір атын азыққа сойып алып, шақпағы кісесінде, аттың қарынын қазан қылып, емін-еркін ыстығын қылып, ішіп жата береді» (Мәшһүр Жүсіп). «Скифтер құрбандыққа жылқы не мүйізді ірі қараны шалған. Малдың алдыңғы екі аяғын байлап, малдың артқы жағына шығып арқанды тартып құлатады да, жанына қарай аунатып жатқызады. Мойнына арқанды байлап, арасына ағаш салып «қыл бұғау» салғандай бұрап, тұншықтырып өлтіреді. Одан кейін терісін сыпырып, етін пысырады. Ет пісіретін қазан жоқ болса, қарынына етті салып, астынан от жағып пісіреді» (Гередот). «Қарынды бұзбай алады да, тазалап жуып, ішіне етті сыйғанынша толтырып, оған мөлшерлеп тұз салады. Онымен бірге сорпа қайнағанда бу шығып тұру үшін қарынның ауыз жағына қуыс қурай немесе малдың екі басы шабылған жілігін шығарып байлайды, сонан кейін ет салынған қарынды құмға көмеді де үстіне от жағады. Солай пісірілген, «сілікпе» аталатын ет көшпелі елдердің дәмді асының бірі болған» (С.Мұқанов). «Сілікпелеп үйге апарып бір жеймін» («Қозы көрпеш — Баян сұлу» жыры).

Міне, өздерің байқағандай осы сияқты Мәшһүр Жүсіп этимологиялық, түсіндірме сөздігі, басқа да материалдар жиналуда.

– Филология ғылымының докторы ретінде мемлекеттік тіл тағдырының бүгіні мен ертеңі жөнінде не айтасыз? Туған тіл тұғырына қонды ма?

– Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде «Ата заңның» 9-бабында нақты жазылған. Сондықтан да тіл өзінің тұғырында тұр. Қазақ барда, оның тілі өшпейді, өлмейді деп сенемін! Ұлттық тілдің тағдыры толғандыратын адамның бірі – менмін. 1977 жылдан бері туған тіл үшін жан аяған жоқпын. Әсіресе, еліміз егемендік алған соң, яғни 1991 жылдармен салыстырғанда Павлодарда қазақ тілінің мәртебесін көтеруде көптеген жұмыстар жасалды. Ауызды құр шөппен сүрте беруге болмайды. Қазақ тіліндегі мектептер саны көбейді, балабақшалар ашылды, көшелер мен елді мекендер ескірген атауларынан арыла бастады. Қоғамдық көліктерде, трамвайларда аялдамаларды қазақ тілінде айтады, жарнамалайды. Мысалы, М.Жұмабаев, Қ.Сәтбаев, басқа да көшелерден өтіп бара жатқанда олардың өмірбаян-тарихынан
мағлұматтар береді. Тамаша емес пе?! Сүйсініп отырамын.  Мен 1991 жылдан қазақ тілі қоғамының мүшесі, 1998 жылы осы қоғам төрағасының орынбасары және облыстық, қалалық, ауданаралық ономастика комиссиясының мүшесі ретінде көптеген талқылауларға қатыстым. Ақпарат құралдарында қазақ тілі туралы мақалалар да жазылды. Латын қарпіне көшуге байланысты айтыс-тартыстарға да белсене араластым.

Бастысы, қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек. Қазақ тілінде сөйлесуді отбасынан бастаған дұрыс. Мен бұл жағынан ұялмаймын, сөзім мен ісімнің арасында алшақтық жоқ. Үлкен қызым – Шарафат, ортаншы ұл – Әмірбек, кенже ұлым – Жарқын, жиендерім Қанат пен Кемел Абай атындағы мектепті бітірді. Немерелер бәрі қазақ тіліндегі балабақшаға барып, қазір де мемлекеттік тілдегі мектептерде білім алуда. Осыдан артық не керек?  Жеңгең – Шарбатты білесің қазақ тілі мен әдебиетінің жілігін шағып, майын ішкен адам, құрметті мұғалім. Президенттің қолынан марапат алды.

Осылайша, балаларым ана тілінде оқып-тоқып, ешкімнен кем қалған жоқ. Шүкіршілік етемін. Мәселен, Шарафат – ғылым докторы, ЖОО-да профессор, Әмірбек – доцент, кенже ұлым Жарқын – ғылым магистры.  Келінім – Торайғыров университетінің докторанты. Немерелерімнің алды Айару Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқиды. Барлығы қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді, хош әуез өнерін де меңгеруде. Солармен марқаямын, мақтанамын.

– Қазіргі таңда жасанды интеллект, ІТ, технология саласы қарқынды дамуда. Ал қазақ филологиясының келешегі қандай болады деп ойлайсыз?

– Заман өте зор қарқынмен дамуда. Ақылды қалалар салынуда. Әл-Фараби: «Қайырымды қала, надан қала, ділгір қала, пасықтық пен бақытсыздық қаласы, даңғой қала, мансапшыл қала, құштар қала», – деп жан-жақты мәнін ашып жазған. Соның ішіндегі қайырымды қала – ақылды қаланың бастауы. Alatau Cіty – стратегиялық маңызды ірі жобалардың бірі. Астана қаласында пайдалануға берілген LRT жаңа инфрақұрылымның, ғылыми-технологияның қарқынды дамудың көрсеткіші. Павлодар облысына келсек, сөз жоқ, қала дамуда және көркеюде. Екібастұз моноқалалар тізбесінен шығарылды.

«Қазақ филологиясы қандай болады?» – деген сұрағыңа көшсем, мен көріпкел емеспін. Қазақ халқы барда қазақ филолологиясы бар. Бұл – аксиома. Ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бағана сөзіңде «тұғыр» деп қалдың. Тұғыр – қазақ халқының бай фольклорлық мұрасы, ежелден келе жатқан сарқылмас бұлақ көзі. Ата-бабадан жеткен ауыз әдебиеті қанша жасанды интеллекті болса да алғашқы қазақ тілінде салынған мәліметтер қайталанып тұрады. Жасанды интеллекті сілтеме жасалған әдебиеттердің беттерін тіпті, деректер нақты қайдан алынғанын көрсете алмауы мүмкін. Ал сөздіктердің бағдарламасын жасауда әрине, жасанды интеллект — таптырмайтын құрылғы. Оның өзінде арап-парсы диалектісін, көне сөздерді ажырата ала ма, кірме қос сөздерді екі сөз қылып оқи ала ма деген сұрақ туындайды. Қазақ тілінің иммунитеті өте мықты, сыртқы ықпал ететін әсерден қорғалған болуы керек, ұлттық код сол үшін қажет. Кез келген технология  бұзып кете алмайтындай дәрежеде мамандар іске кірісуі тиіс. Тілді банкке салған ақша сияқты қорғап, киберқауіпсіздік шарасын қолдануымыз керек. Әсіресе, антиплагиат жүйесін құру аса маңызды. Авторлық құқықтың бұзылуына жол бермейтін, академиялық адалдық қағидаларын сақтауда өзгелердің нәтижелерін иемденуге, деректерге сілтеме бермей қолдануға тосқауыл қоятын кешенді аппараттық-бағдарлама заманауи бағытта жетілдірілуі уақыт күттірмейтін міндеттер болып табылады. Қазақ халқы талантты, өте қабілетті, оның ойлау жүйесінде тіл мен бірге математика, логика салынып қойылған. Бұл – ата-бабадан келе жатқан генетикалық құбылыс. Сондықтан да жасанды интеллектінің енуінен қорқудың жөні жоқ деп ойлаймын.

– Бүгінгі ұрпақ рухани тұрғыдан өсіп бара ма, өшіп бара ма? Айтары бар аға буын өкілі ретінде ой–пікіріңіз, ақыл–кеңесіңіз қандай?

– Қазіргі жастардың интелектуалды танымы өте жоғары. Бастауыш мектептен соң-ақ білім таңдауға еріктері бар, колледждерге, жоғары оқу орындарына, шет елдерге оқуға зор мүмкіндіктер жасалған. Бұл – біз үшін қол созса жетпейтін арман болатын. Шет елде оқу деген қиялдап түс көрумен бірдей еді. Кейбіреулердің «тәрбиесіз берілген біліміне» бола байбалам салудың реті жоқ, себебі, олар жалпы жастарды бағалауға критерий бола алмайды. Ежелден әр елдің «телі-тентегі» болған. Оларды жұрт тежеп, билер мен дала заңы тезге салып отырған. Әрине, газет-журналдар мен кітап оқуға келгенде көптеген тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар өткізген орынды. Өз заманына сай, өте сауатты және білімді жастар өсіп келеді. Оларға мінез керек, тәрбие керек.  Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», – десе, Ә.Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету — білімнен емес, мінезден» деген екен. Мағжан ақын да «Мен жастарға сенемін!», – деп жырлады. Бұл – жастарға міндетімізді артып қою деген сөз емес, Мағжандар да алаштың алға қойған егемендік жолындағы мақсат–мұраттары үшін аянбай күресті. Кейін сол ұлы мақсаттар Егемендік декларациясымен аяқталды.

– Саясатқа жақынсыз ба? Сіздің ойыңызша, ғылым мен саясат бір-біріне қаншалықты тәуелді? 

– Саясат деген не? Ең әуелі соған тоқталар болсақ, ол – белгілі бір мүдделерді қорғауға бағытталған, ел басқарудағы ішкі және сыртқы қарым-қатынастардың әрекеті. Қалай дегенмен де елдің, халықтың мүддесіне байланысты іс-шараларға араласу, қатысу, азаматтық позицияңды көрсету деп ойлаймын. Көзі қарақты адам елде болып жатқан оқиғалардан тыс қалмауы керек сияқты. Еліміздегі қазақ халқының тағдырына қатысты реформалар, құрылтай, сайлау, тағы басқа ірі мәселелер өтіп жатқанда қалай бей-жай қарап отыруға болады? Өз басым, Қазақстанның азаматы болған соң, талқыланып жатқан мәселелерге пікірімді айтып, орынды жерінде баспасөздерге жазып, теледидардан сөйлеп, ойымды білдіріп жүремін. Жай ғана мысал, аудан, облыс әкімдері кім болды? Үкіметте қандай ауыс-түйіс, тағайындаулар болып жатыр, кім таққа отырды деген сияқты ақпараттарды білген дұрыс-ау. Үйде балалар мен немерелер бар, сұрап қалса айдың, күннің аманында «білмеймін» деген ұят қой. «Ата заңға» байланысты референдум өтті, ол – біздің конституциялық құқығымызды қорғау үшін егеменді елде өмір сүру кодексін, заңын айқындап берді. Өзіңді өзің тану деген осыдан басталады.

Мінекей, менің саясат туралы түсінігім осындай. Егер саясат деген басқаша болса, онда мен білмейді екенмін. Мәшһүр Жүсіп шығармаларында «Мәшһүр Жүсіптің ол уақыттағы саясат ағымдарына көзқарасы» деген көлемді мақала да берілген. Сұлтамахмұт Торайғыровтың «Әлиханның Семейге келуі», «Социализм», басқа да мақалаларында сол заманның саяси оқиғалары жөнінде жазылған.

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Заманы оны илемек, – деп Абай айтқандай елімізде болып жатқан әлеуметтік-қоғамдық саяси мәні бар оқиғалардан түк көрмеген, түк болмаған сияқты жүрген өз басыма жараспайды. Адамның азаматтық парызы деген болады. Біз, аға буын өкілі, ертеден, октябрят, комсомол қатарына қабылданып, саясаттың қамытын бала кезден-ақ кигенбіз, коммунистік партияның қаулы, қарарларын талқылап, сайлауға қатысып, өзіміздің ойымызды білдіріп отыратынбыз.

Ал енді Қазақстан егемен-дігін алғаннан бері өте қауырт, біздің түсімізге кірмеген әлеуметтік-экономикалық реформалар болып жатыр. Ол — қазақ елінің жақсы өмір сүріп, өркениетті мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең болса екен деген ата-баба арманы, Ұлы даланың «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру жолындағы үлкен іс-шаралар еді. Сондықтан қазір болып жатқан оң өзгерістерге қалай араласпайсың, қалай үн қоспайсың? Радиодан, теледидардан да өзімнің ой-пікірімді айтып, білдіріп жүрген жайым бар.

– Осы күнге дейін орындалмай жүрген арман-мақсатыңыз бар ма?

– Әл-Фараби: «Адамзат кемел-ділігінің ең биік дәрежесіне жеткен мұндай адам бақыттың ұшпағында болады», – деген. Мінекей, бақыттың ұшпағында болсам да арманым ұшан-теңіз. «Армансыз адам — қанатсыз құспен тең», – деген бар. Адам арманына жету үшін жан-жақты терең, бәсекеге қабілетті бола алатындай білім алуы тиіс, өзін-өзі үнемі дамытып отыруы керек, үнемі ізденіс үстінде болғаны тіптен жақсы. Арман – ғажайып әлем. Армандаған адам ұлы арманмен бірге өседі, дамиды. Әр адамның алға қойған мақсаты мен міндеті болуы керек деп ойлаймын. Арманнан ой туады, қиялдай білген адамның қиялы заттанып іске асады. Адамзат өзінің тұрмысын жеңілдету жолында үнемі армандаумен болған. Абылай:

– Қазақтың арқасын – тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ – бір. Ақбоз аттың құнын ер құнына теңегенім жоқ – екі. Мылтығының оғын құралайдың көзінен өткізетұғын мергеннің құнын екі ердің құны дегізгенім жоқ. Ұста менен етікшінің құнын қатын құнымен бір бас қылып, «жарты құн» дегізіп, кесім кестіргенім жоқ. Онымен –
үш. Осы үш арман бойымда кетті, – деген екен. Абылайда там – қала салсам, егін ектіріп отырықшы қылсам деген  арман да болды. Алаш арыстары  қазақ халқын бодандықтан шығарып, оқыса екен, терезесі тең дербес, ауыздықсыз  ел болса екен деп армандады. Мұндай арман ұлы арман деп аталады. Ол орындалды, қызығын көріп отырмыз. Менің де арманым көп. Адам баласы арманға да тоймайды ғой деймін. Біреуі орындалса, екіншісі туатын сияқты. Мысалы, балаң өссе, оқыса, үйленсе дейсің, одан нәрестелі болса деп тілейсің. Ал мен Мәшһүр Жүсіп жазған
14 тоймастың бірін айтайын: «Кісі ойға тоймайды. Ғалым ғылымға тоймайды. Тірі іске тоймайды». Мен ғылымға және іске тоймаймын (іс – қозғалыс). Адам баласы қозғала беруі керек. Қозғалыс, ол – өмір.

– Ғылымға қосқан үлесіңіз, елге сіңірген еңбегіңіз мем-лекет тарапынан лайықты деңгейде бағаланып жүр ме?

– Мәшһүр Жүсіп шығармаларында: «Өзі ғылым иесі, ғалым болса да, көңілінде дүние махаббаты болса, жүрегі дүниені жақсы көрумен ғаллыт би болса, бұл ғаллыт оның көңілінде тұрған ғылымды қуып шығарады. Есі-дерті дүние болған адамның ғылым-білімі жүрегіне орнамайды», – деген.

Бір үйде жиюлы екен

                                қазына мал,

Көрсетті бәрін бізге

                               ақсақал шал:

«Бұрынғы атамыз сыйға

                                           берген,

Біздерде мынандай бар,

           мынандай бар», – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айт-қандай, мынаны істедім, ананы жаздым деудің өзі ыңғайсыз екен. Сұрадың ғой, айтайын.  Газеттің беті жетпей қалуы мүмкін. Қысқартып цифрлармен сөйлетейін:  2020-2026 жылдар арасында Оқу құралдары — 1; Оқу-әдістемелік құрал — 2; Силлабустар — 35;  Энциклопедиялық т.б. кірген  мәліметтер —
15;  Ғылыми журналдарда және шетелде шыққан мақалалар — 18;  Scopus ғылыми өлшеу деректер базасына кірген еңбектер — 8; Жинақтарда шыққан материалдар -6; Халықаралық, республикалық конференциялар — 68; Қоғамдық жұмыстар  (семинар, дөңгелек үстел, кездесулер, баяндамалар т.б.) — 239; Аудиосабақтар — 7; Аудио және видио мәтіндер мен сұхбаттар — 14; Аймақтық дәрістер — 27; Телевидения — 65; Радиохабарлар — 13; Деректі фильм — 2; «Сарыарқа самалы» облыстық газеті, басқа да басылымдарда-12; «Найзатас» және «Жас ғалым» журналы — 4; Жоғарғы оқу орындарының профессорлар мен оқытушылары, ақындардың т.б. еңбектеріне пікірлер — 47; Ғылыми жобаларға берілген пікірлер — 15; Докторлық диссертация жазып жүрген — 3; 7М01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алатын магистранттарға магистрлік диссертация (диполом) тақырыбы мен ғылыми жетекшілік-8; Диплом жұмыстары — 8; Дипломшыларға берілген пікірлер -1 0.

Міне, бұл есепке 1991–2020 жылдар арасындағы мәліметтер қосылған жоқ. 3-басылып шыққан биобиблиографиялық көрсеткіште  барлығы нақты жазылған. Неменеге жүрегім сыздайды? Ел аман, жұрт тыныш. Отбасым аман-есен. Құдайға шүкір, марапаттан кенде емеспін. Алла сәтін салған күні сый да, сияпат та болар. Мен осы жасыма дейін марапат үшін жұмыс істеген жоқпын. Ол үшін жоспар да құрған жоқпын. Алла бәрін көріп тұр. Адалдықты ту еттім, өтірік айтпадым, шынайы өмір сүруге тырыстым.

Назым Хикмет айтады:

Мен жанбасам лапылдап,

Сен жанбасаң лапылдап,

Біз жанбасақ лапылдап,

Аспан қалай ашылмақ.

Маған докторлық ғылыми дәреже, профессорлық атақ берген екен, менің соған сөзім де, ісім де лайықты болуы керек. Ұрпақтарым мені күтіп отыр ғой деп, оқыған-тоқығанымды, білгенімді айтайын деп шақырған жерден қалмауға тырысамын,  дайындалып, жүгіріп отырып барамын. «Көркем мінез – иманның көрінісі», –деген бар ғой.

– Осы сұхбатқа басқа да айтарыңыз, алып-қосарыңыз болса, мархабат!

– Мен қазақ халқыммен ғана бақыттымын. Ұрпағым аман болса екен деймін. Халқымның саулығын, елімнің тыныштығын тілеймін.

Жетпіске келсем де сана іздеп жүрмін. Сана – рухани байлық, кітап, оқу деген сөз. Саналы адам – ойлы адам. Сана арқылы бірнеше сапалы ұрпақ тәрбиеленеді, ауысады. Оқу іздеймін, одан өзімді іздеймін. Өзіңді өзің таны деген – осы! «Өзін танығаны – Тәңірісін таниды дегені», – дейді Мәшһүр Жүсіп шығармаларында.

– Әңгімеңізге рақмет! Мерейтойыңыз құтты болсын!

Сұхбаттасқан –

Нұржайна ШОДЫР.