Сұрыптау қалдықты қалай азайтпақ?

Мау 11, 2026

Қазір Павлодар қаласынан жылына 110 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық шығады. Ол толығымен полигонға төгіледі. Тау-төбе болатын қалдық орындарын көз алдыңызға елестете беріңіз. Ал оның құрамындағы органикалық қалдықтар ыдырап, ауаға улы газ бөлінеді. Елімізде осындай салдарды сейілту үшін тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды жаппай қолға алуда.

Мәселен, Павлодар қаласында жылына 150 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптайтын орталық бір ай ішінде іске қосылмақ. Нысанның негізгі жабдығы заңды түрде жұмыс істеуге дайын. Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні және Қазақстанда аталып өтетін Экологтар күніне орай экологтарға, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне экология үшін маңызды нысанның жұмысы таныстырылды. «Сұрыптау орталығы» ЖШС директоры Әлихан Албаковтың айтуынша, облыс орталығы тұрғындарынан шығатын тұрмыстық қатты қалдық алдымен аталмыш орталыққа жеткізіледі.

– Экологиялық талаптарға сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыптаудан өтуі тиіс. Павлодар қаласының қалдықтар тасымалдайтын ұйымдары бүкіл тұрмыстық қатты қалдықты бізге әкеледі. Көлікпен нысанның ішіне еніп, сұрыптау таспасының маңына төгеді. Арнайы техника бірден ауыр, ірі қалдықтарды шетке шығарады. Қалғаны сұрыптау конвейерімен жоғары жөнелтіледі. Жабдықтың әр бөлігінде әртүрлі сұрыптау жүргізіледі. Мәселен, көлемі 32 миллиметрден аспайтын органикалық қалдықтар ажыратылады да, онымен бірге кеткен металл үгінділерін жабдықтағы магнит ұстап қалады. Ал органикалық қалдық арнайы шұңқырға түсіп, компасталады. Яғни, одан тыңайтқыш алынады, – дейді орталық директоры.

Органикалық қалдықтар бір бүйіріне ажыратылған соң қалғаны ары қарай сұрыптау бөлігіне жетеді. Мұнда екі конвейерлік таспаның жан-жағында тұратын 36 адам қалдықтың фракцияларына қарай іріктейді. Бірі пластикалық өнімдерді сұрыптаса, бірі қағазды, енді бірі шыныны бөлек ажыратып тұрады. Осылайша, сұрыптау орталығына түскен қалдықтың қайта өңдеуге жарайтын бөлігі жеке жиналады. Оларды қайта өңдеу ұйымдарына өткізеді. Ал өңдеуге жарамайтын қоқысты тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына апарып төгеді. Сұрыптау орталығының басшысы жеткізілетін қалдықтың шамамен 30 пайызын кәдеге жаратады. Демек, бұған дейін толығымен полигонға төгілетін қалдықты 30 пайызға азайтады. Мамандардың мәлімдеуінше, пластик, қағаз, шыны, картон, целлофан, алюминий банкалар, металл, батарейкалар сұрыпталып, қайта өңдейтін ұйымдарға жіберіледі.

Жобаның бұл – бірінші кезеңі. Оның құны – 4,7 млрд теңге. Екінші кезеңіне 6,2 млрд теңге жұмсалмақ. Кәсіпкер жалпы инвестицияның 43 пайызы өз қаражаты екенін атап өтті. Қалғаны өнеркәсіпті дамыту қорынан алынған. Яғни, мемлекеттің қолдауымен «Жасыл даму» аясында несие берілген. Алда тағы екінші кезеңін де қолға алу межеленген. Жоба жылдап өзін-өзі ақтайды деп күтілуде. Орталық директоры «қоқыс ісі» пайдалы кәсіп екенін жоққа шығармады. Бұл кәсіпорынның бүгінде бөтелке, конистр сияқты бұйымдарды қайта өңдейтін шағын желісі бар. Алдағы уақытта қалдықтың өзге түрлерін де өңдеуді көздеп отыр.

– Бір жыл ішінде қаладан шығатын қалдықтардың егжей-тегжейлі морфологиясын айқындап алмақпыз. Сол есепке қарай, яғни, қандай қалдық жылына қанша көлемде шығатынын білеміз. Соған сай оларды қайта өңдеудің жабдықтарын алу жоспарымызда бар. Бұл дегеніңіз, қалдықтарды қайта өңдейтін өзге кәсіпорындарға өткізіп әуре болмаймыз. Негізі, біз пластиктің кез келген түрін өңдеуге әзірміз. Қағаз қалдықтарын «Гофротара» мекемесіне жіберіп отырамыз, олармен меморандум жасалған. Ал өңдеуге қауқарымыз жетпейтіндерін басқа фирмаларға жөнелтеміз, – дейді Ә.Албаков.

Айта кету керек, аталмыш орталықта тек жаңадан жеткізілетін қалдықтар сұрыпталады. Бұрыннан тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына төгілген қоқыстарға тиіспейді. Себебі, оны көтеруге болмайды. Жылдар бойы жатқан қалдықтан улы газ бөлініп, ауаға тарау қаупі бар. Күннің көзінде жатып, жану ықтималдығы да жоғары. Павлодардағы полигон 1970 жылдары салынған. Мамандардың айтуынша, әлі де мұнда қоқысты төгіп, жинауға орын жеткілікті. Толық толған күні бетіне топырақ төгіліп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Сұрыптау орталығына күніне Павлодар қаласы тұрғындары шығаратын 450 тонна қоқыс жеткізіледі деп күтілуде. Нысанды шілде-тамыз айларында іске қосуды көздеп отыр. Орталықтың жабдықтары дайын, қазіргі таңда әкімшілік-тұрмыстық кешен құрылысы басталуда.

Нысанның жұмысымен танысқан облыстық жер қойнауын пай-далану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағым Төлеутаев аталған жобаның өңіріміз үшін маңызды екенін атап өтті.

– Айналаның тазалығына тұр-ғындар да немқұрайлы қарамауы тиіс. Елімізде қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға бағытталған түрлі акциялар, іс-шаралар қолға алынуда. Ел Президентінің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясының бүгінде ауқымы кең. Жалпы, табиғатты, қоршаған ортану қорғау идеологиясы бірреттік акция еместігін, әрбір үйден басталатынын көпшілік білуі керек. Ресурстарға үнемшілдікпен қарап, экологиялық мәдениетті арттыруымыз қажет, – деді С.Төлеутаев.

Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына түсетін жүктемені біршама төмендететінін атап өтті.

– Полигонда органикалық қалдықтардың ыдырауынан пайда болатын қоқыс газы ауаға шығатын улы шығындылардың негізгісі саналады. Ал сұрыптау орталығында мұндай қалдықтар қайта өңдеуге жіберіліп, полигонға көмуге түсетін қалдық азаяды. Демек, қоршаған ортаға жағымсыз әсері де соншалықты төмендейді, – деді департамент өкілі.

Қазір елімізде қалдықтарды сұрыптау күл-қоқысты басқарудың ең маңызды элементі ретінде мән берілуде. Сондықтан ірі сұрыптау орталығы көп ұзамай өңір экологиясына оң әсер етеді деген үміт бар.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.