Мәртебелі мамандық иесі

Мау 18, 2026

Мамандықты жүрек қалауымен таңдаған дұрыс дейміз. Сенімді шешім биік белестерге жетелейді. Павлодар облыстық сотының судьясы Айгүл Хамитова бала күнінен армандаған саласына оқуға түсу үшін жылдар бойы меңгеріп, еңбек еткен медицина қызметінен бас тартқан. Осы табанды шешімнен-ақ кейіпкеріміздің заң саласына деген құрметін айқын көруге болады.

Айгүл Айткелдіқызы — Ақсу қаласының тумасы. Жүрек қалауындағы мамандығы бойынша оқуға кеш түссе де, заң саласында жинаған тәжірибесі өте көп.

— Отбасымда құқық саласын таңдаған адам жоқ. Бала күнімнен адамдардың құқығын қорғауды қаладым. 1989 жылы медициналық училищеде білім алып, медбике болып еңбек еттім. Бұл жұмысқа жауапкершілікпен қарадым. Бірақ жүрек түбінде өзге мамандыққа деген қызығушылық тұрды. Сөйтіп, 26 жасымда  Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне  түсіп, оқуды 30 жасымда  қызыл дипломмен аяқтадым. Құқық саласын меңгеру үшін күндізгі оқу бөлімін таңдадым. Сол уақытта жақсы оқитын студенттер мемлекеттік қызметке тест тапсырды. Бұл сынақтан сүрінбей өтіп, сот орындаушысы қызметіне орналастым. Алғашқы еңбек жолым Қарағанды қаласында басталды, —
дейді Айгүл Айткелдіқызы.

Айгүл Хамитова отбасылық жағдайға байланысты Павлодар қаласына көшіп келеді. Туған жерінде мамандығы бойынша түрлі лауазымда қызмет етіп, тәжірибе жинақтайды. Әу баста «Павлодарэнерго» АҚ-да заңгер-кеңесші болып жұмысқа орналасады. Кейін атқарушылық іс жүргізу ісіне қайта араласады. Бұл ретте аға сот орындаушысы, құжат айналымы және бақылау,  атқарушылық іс жүргізу бөлімдеріне жетекшілік етеді.  Сот орындаушыларының  I съезінің  алғашқы делегаты болады. Кейін Павлодар заң колледжіне ауысып, студенттерге бухгалтерлік есеп, қылмыстық іс пәндері бойынша сабақ береді. Айгүл Айткелдіқызы облыстық сотқа шақырту алып, мекемеде баспасөз хатшысы қызметін де атқарады. Бұдан бөлек, адвокатура саласында 4 жыл еңбек етеді. 2014 жылы Павлодар қаласының Азаматтық істер жөніндегі аудан-аралық сотының судьясы болып тағайындалады.

— Мен 43 жасымда судья атандым. Халық  қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығаруға күш салатын сот жүйесіне үлкен тәжірибемен келдім. Сот залына келген әр адамның өз шындығы бар. Екі тарапты тыңдап, әділ шешім шығару – жауапты міндет.

Екібастұз қалалық сотында жұмыс істеп жүргенімде бір іс есімде жақсы сақталды.
4 жастағы баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды. Кішкентай бала отбасында дұрыс тәрбие көрмеді. Қызды басқа отбасы асырап алды. Сәбидің тағдыры үшін дұрыс шешім қабылдадық деп ойлаймын. Балаға қатысты сот отырыстарында шешім шығару оңай емес. Сот залына келген көршілер, әріптестерді де көрдім. Бірақ маған отбасылық жанжал ауыр тиеді. Мұндай сот отырыстары санамда көп сақталады, — дейді судья.

Айгүл Хамитова — азаматтық істер жөніндегі сотта татулас-тырушы судья. Ол бұл бағытта күніне 40-қа жуық талап-арыз  түсетінін айтады. Ең аз дегенде тәулігіне 10 талап-арыз түсуі мүмкін. Әр өндіріске алынған іс бойынша адамдарға хабарласып, бітімгерліктің ұтымды тұсын түсіндіреді. Тек Павлодар қаласы бойынша ғана емес, Павлодар ауданы бойынша түскен талап-арызды да қарайды.

— Күнделікті жұмыс барысында түскен істерді қарасам, қоғамда қарызға батпаған адам жоқ сияқты көрінеді. Өйткені телефонға телмірген заманда онлайн сауда, инвестиция тарту, қосымша табыс сынды жарнамалар адамдардың өмірін билеп алғандай. Жастар да, ересектер де алданып жатады. Жақында ғана 70-тен асқан әже Инстаграм арқылы жұмысқа тұрып, қарызға батқан. Онлайн дүкеннен тапсырыс беріп, тауар қолына тимеген немесе сапасына көңілі толмайтын шағымдану да көп. Адамдар танымайтын есепшоттарға ақша аударуға құмар. Тағы бір істе екі тарап соттасты. Жауапкердің ақшасы Қырғызстанға жолданғаны белгілі болды. Осы бағыттағы істер күн сайын түседі десем, қателеспеймін. Сондықтан тұрғындардан сенімсіз сайт, мол ақшаға кенелу сынды жағдайлардан бойларын аулақ ұстауды сұраймын, — дейді судья.

Айгүл Айткелдіқызы сот саласындағы цифрландыру жүйесінің қарқыны көңілден шығатынын айтады. Қазір сот залдары толығымен аудио-видео жазбамен толық қамтылған. Адамдар талап-арызды онлайн бере алады. Сот кабинетінде іс материалдары толық орналастырылады. Істердің электронды форматқа көшірілуі судьяның жұмысын едәуір жеңілдете түсуде.

Айдана ҚУАНЫШЕВА