Әрбір адамның әдетіне байланысты

Мау 18, 2026

Железин ауданының жастары «Өзіңнен баста» челленджіне қатысып, тұрғындарды табиғатты қорғауға әрі қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Бұл үндеуді ерекше бейнекөрініспен жеткізуге тырысқан.

Яғни, «Айбат» аудандық жастар орталығының ұйымдастыруымен жас азаматтар қысқа ғана бейнероликпен қоқысты сұрыптаудың, айналаны таза ұстаудың маңызын жеткізген. Бұл бейнежазбада ауада ұзақ жылдар бойы ыдырап, зиян келтіретін заттар бейнеленген футболка киіп, сол қоқыстың атынан пікірлерін жеткізеді. Мәселен, пластик бөтелкенің суреті бейнеленген футболка киген қыз «мен пластик бөтелкемін, мені небәрі он минут пайдаланып тастадыңыз, ал мен болсам 500 жыл бойы ыдыраймын» деп өзектілігін жеткізеді. Батарейканың суреті бар футболка киген жас «кіп-кішкентай ғанамын, ешкімге қаупім жоқ сияқты, бірақ, мені қатты қалдықтармен қосып, лақтыра салсаңыз, топырақ пен суды ластаймын» дейді. Салафанның суретімен футболка киген жігіт «мені бір ретке деп алады, сәлден соң суда, далада, көрінген жерде жатамын, жануарларға азық болып кеттім. Ол азық малға ең соңғы қорек болуы мүмкін» дейді. Осылайша, железиндік жастар табиғатты қорғау әрбір әрекеттің салдарын ойлау екенін білдіруді мақсат еткен. Сондықтан, тұрғындарды қоқысты сұраптауға, ресурстарды үнемдеуге шақырды. Жер шарының болашағы әрбіріміздің әрекетімізге, әдетімізге байланысты екенін білдіруді жөн көрген.

Г.МАҒЖАН.

ЖЕЛЕЗИН АУДАНЫ