Мемлекеттік қызметтің тартымдылығы қалай артпақ?

Мау 18, 2026

Елімізде 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы іске асуда. Яғни, мемлекеттік қызмет моделін одан әрі жаңғыртуға күш салынуда. Мемлекеттік аппараттың беделін арттыру көзделіп отыр. Ол үшін нақты қадамдар қолға алынғаны белгілі. Осы орайда, биыл Мемлекет басшысы ҚР «Мемлекеттік қызметі туралы» заңына және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Заң алда шілденің бірінде күшіне енеді. Заңның жаңа редакциясында саланы барынша алға бастырудың түрлі тетіктері қарастырылған. Заңның негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызметтің миссиясын бекіту, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және кадрлық процестерді цифрландыру жайы айқындалған. Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға маңыз беріліп отыр. Бұл нақты қандай өзгерістер? Енгізілген жаңашылдықтар салаға қандай серпін береді? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР  Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ерғанат Абисаликов «Тікелей желі» барысында жауап берді.

Тілші:

Ерғанат Дәулетұлы, алдымен, заңға енгізілген негізгі өзгерістерге тоқталсаңыз. Олар салаға қандай серпіліс әкеледі деп күтілуде?

Ерғанат АБИСАЛИКОВ:

– Негізі, заң Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде әзірленді. Басты мақсаты мемлекеттік қызмет миссиясын жетілдіріп, мемлекеттік қызметке кіру-шығу жайын оңтайландыруға бағытталған. Мемлекеттік қызметтің сервистік және клиентке бағдарланған жаңа моделін құру көзделіп отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, кадрлық (HR) үдерістерін цифрландыру, мемлекеттік қызметшілердің мінсіз беделін қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлыққа және мүдделер қақтығысына төзбеушілік мақсат етілген. Жалпы, заңда мемлекеттік қызмет тартымдылығын арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылданатынын атап өткен жөн. Мәселен, мемлекеттік қызметшілердің жалақысын әр үш жылда бір рет индексациялау міндеттелді. Бұл жұмыс 2029 жылдан бастап қолға алынады.

Тағы бір жаңашылдық, енді мемлекеттік қызметшілер бір лауазым шеңберінде көлденең жоғарылау мүмкіндігіне ие болады. Яғни, бір лауазымды атқара отырып, кәсіби бағыты дамыған, біліктілігі жоғары, еңбек өтілі жеткілікті азаматтар еңбекақысын арттыра алады. Қазіргі таңда заңға тәуелді актілер дайындалуда. Сонда барлық тәртібі, талабы айқындалады. Мұндай мүмкіндік жетекші маманға да, бас маманға да, сектор меңгерушісіне де, басқарма басшысына да беріледі. Төрт лауазымдық деңгей белгіленеді. Мұнда оның біліктілігі, білімі, еңбек өтілі ескеріле отырып, актіде айқындалатын тәртіппен лауазымдық деңгей беріледі. Лауазымдық деңгейге сай еңбекақы алады. Демек, лауазымдық жалақысына қосымша ақы алады. Аталмыш тетіктің басты мақсаты – білікті азаматтарға қолдау көрсету. Кейде кәсіби мамандар білімі-білігі, өресі жетіп тұрса да, басшылық лауазымға қызықпайды. Басшы болуға ұмтылмайды. Міне, осындай кәсіби азаматтарды ынталандыру көзделген. Яғни, мамандарды мемлекеттік қызметте ұстап қалуға бағытталған. Олардың мемлекеттік қызметтегі индустиционалдық жадын сақтау мақсат етілген. Бұл мүмкіндік мемлекеттік қызметші санатына жатқызылған лауазым иелерінің бәріне қолданылуы мүмкін. Кейбір органдарда 2027 жылы пилоттық режимде басталмақ. 2029 жылы барлық мекемеге енгізу межеле-
ніп отыр. Талаптары әлі тетіктері заңға тәуелді актілерде айқындалады.

Тілші:

– Мемлекеттік қызмет саласында соңғы жылдары қандай жаңашылдықтар енгізілді? Олардың қандай тиімділігі байқалуда?

– Бастысы, мемлекеттік қызметке цифрлық іріктеу жүйесі енгізілуде. Президент мұны Жолдауда тапсырды. Мемлекеттік қызметке кіру және шығуды жеңілдету жүктелді. Іске асты, нәтижесінде цифрлық іріктеу қолға алынды. Бұл жүйеге сәйкес үміткер біліктілік талаптарына сәйкес келсе, e-qyzmet ашық порталы арқылы өтініш бере алады. Мемлекеттік қызметте бұрын істемеген азаматтар 4 заң бойынша тест тапсырады. Бұл сыннан сүрінбей, тиісті балл жинаса, біліктілік талаптары сай келетін кез келген лауазымға өтініш береді. Одан кейін жеке қасиеттерін бағалайтын тесттен өтеді. Сол тесттен адалдығы, әділдігі, күйзеліске төзімділігі, мәтінге, математикалық жағдайларға байланысты әртүрлі сұрақтар қойылып, IQ деңгейі анықталады. Жиналған балдары негізінде рейтинг қалыптастырылады. Рейтинг жоғары, басшылық емес орындаушылық лауазымға үміткер болса, онда келесі практикалық тапсырмаларды орындайды.  Мемлекеттік қызметке үміткерге ашық портал арқылы тапсырма түседі. Яғни, «өтінішке жауап жазып көріңіз», «мемлекеттік органға сұрау жолдаңыз» сияқты тапсырмалар беріледі. Мемлекеттік қызметте тікелей айналысатын жұмысқа байланысты тапсырмалар орындайды. Орындаған тапсырмалары мемлекеттік органға жолданады. Басшы лауазымдарға үміткерлер 250 сөзден аспайтын қосымша эссе жазады. Бір ескеретіні, жауаптың кімнен түскені ешкімге көрінбейді. Шифрмен белгіленеді. Осылайша, бағалау кезінде адами фактор-
дың әсерін азайту көзделген. 2024 жылға дейін мұндай конкурс өткенде үміткер кадр қызметіне қағаз жүзінде құжат тапсыратын. Аты-жөні бәрі белгілі болатын. Бұл дегеніңіз адами фактордың әсер ету ықтималдығы жоғары еді. Қазір бәрі – онлайн.

Кейбір азаматтар үміткерлер көшіріп алады немесе өзгенің көмегіне жүгінеді деп күмәндануы мүмкін. Оған жол жоқ. Себебі, бәрі прокторинг жүйесімен бақыланады. Компьютерге кіргенде артық түрлі бағдарламалар ашық тұрса, ол бірден анықталады. Практикалық тапсырма, тест орындағанда бөгде адамның дауысы естілсе, ол да ескеріледі. Нәтижелерді жоюға жетелейді.

Тілші:

– Сарапшылардың пікіріне қарасақ, қолданыстағы заң негізінен еңбек қатынастарын ғана реттеп келген екен. Яғни, мемлекеттік қызметке кіру, оны атқару және тоқтату мәселелерімен шектеледі. Ал жаңа заңда мемлекеттік қызметтің мақсаты, оны атқарудың негіздері мен ерекшеліктері нақты бекітілген деп отыр. Осы орайда, ол қандай өзгерістер?

– Ол рас, қолданыстағы заңда мемлекеттік қызметшілердің еңбек қатынастары реттеліп келді. Жаңа заңда тиісті қағидаттар көзделген. Олар – Қазақстандық патриотизм, кәсібилік, клиентке бағдарлық, ашықтық, сервистік, әдептілік, мінсіз бедел. Оның әрбіріне тиісті анықтамалар берілген. Осы қағидаттарды жүзеге асырудың тетіктері енгізілген. Мысалы, мінсіз бедел институына тоқталсақ, бұрынғы заңда да, заңнамалық актілерде де болған. Бірақ, ол жеке ұғым ретінде қалыптастырылмаған еді. Мінсіз бедел үшін заңда көзделген іріктеуге сәйкес келген жағдайда оның әдеп нормаларын бұзу, мемлекеттік қызметке кір келтіру жағдайлары бойынша қолданыстағы тәртіптік жазалардың болмауы ескеріледі. Мемлекеттік қызметтегі ұстанымдары назарға алынады. Осы арқылы мемлекеттік қызметшінің мінсіз беделі түзіледі.

Тілші:

– Мінсіз бедел тіркесін жиі сөз еттіңіз. Бұл қандай бедел? Кімді беделі мінсіз деп айта аламыз?

– Негізі, мінсіз беделге қатысты институт қазір де бар. Ал жаңа заңда жеке ұғым ретінде енгізіліп отыр. Мысалы, қолданыстағы заңның 16-бабында мемлекеттік қызметшілерге қатысты көзделген тиісті шектеулер бар. Жаңа заңда да бұл шектеулер сақталды. Қылмыс жасаған, ауыр немесе орташа қылмыстар жасаған тұлғаларға, сыбайлас жемқорлық жасаған тұлғаларға өмір бойына мемлекеттік қызметке кіруіне жол жоқ. Заңның жаңа редакциясында да бұл бар. Қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін жұмыстан шыққан азаматтарға бір жылға дейін шектеулер қарастырылған. Лауазымдық тұлғаларға 3 жыл шектеу қойылады. Одан мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған азаматтарға екі жыл шектеу қарастырылған. Осындай шектеусіз, тиісті талапқа сай мемлекеттік қызметке орналасқан сәттен мінсіз бедел басталады. Мемлекеттік қызметті өткеру кезінде оның мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік қылық жасау, қызмет-
тік әдеп нормаларын бұзу жағдайлары ескеріледі. Егер екі жағдай бойынша қолданыстағы тәртіптік жаза болса, мінсіз беделі бар адамға жатпайды. Ал мінсіз беделі жоқ, тәртіптік жағдайлары бар адамды бағалау кезінде де аталған жайттар кері әсерін тигізеді. Мысалы, басшылық лауазымға тағайындау кезінде кедергі болуы мүмкін. Марапаттау, көтермелеуге де кері ықпалы болады. Лауазымдық деңгейін жоғарылату кезінде де ескерілуі ықтимал. Сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметші мінсіз беделін қалыптастыруға әрдайым жұмыс істейді. Мұның бәрі мемлекеттік қызметке деген халықтың сенімін арттыру, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отыр.

Тілші:

– Заң жобасының ауқымды бөлігі мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арт-тыруға, білікті кадрларды тарту және ұстап қалуға арналған көрінеді. Ол қандай тетіктер?

– Тартымдылықты арттырудың бір тетігі – көлденең өсу мүмкіндігі. Бір лауазым шеңберінде оның
еңбекақысын өсіру мәселесі көз-делген. Заңның қазіргі редакциясында, мәселен, бөлім басшысының бас маманнан еңбекақысы кез келген жағдайда көбірек. Бас маманның 20 жылдан астам еңбек өтілі болса да, бірнеше жыл ғана жұмыс істейтін басшысынан көп айлық алмайды. Жаңа жүйеге сәйкес бас маман білікті, кәсіби, тәжірибелі болса, онда басшысының айлығынан көбірек еңбекақы алу мүмкіндігі бар. Мұндай тәжірибе жеке секторда да бар. Кәсібилігі мықты маман басшы болуға ұмтылмауы мүмкін. Бірақ, кәсіпорынға тигізетін пайдасы өзгелерден әлдеқайда жоғары болады. Міне, осындай тетіктерді мемлекеттік қызметке де енгізу көзделіп отыр. Басшы да қарамағында білікті маманның ұзақ уақыт жұмыс істеп, қолғабыс жасағанын қалайтыны сөзсіз. Ол азаматтың тұрақтап қалуына ынталандыру арқылы септігін тигізеді. Айта кету керек, бөлім басшысына да, басқарма басшысына да бір лауазым шеңберінде көлденең өсу мүмкіндігі көзделген. Деңгей беруде кәсібилігі, еңбек өтілі ескеріледі. Критерийлер әлі де заңнамалық актілерде белгіленеді.

Тілші:

– Білуімізше, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін арттыру да көзделген. Заңда нақты қандай қолдау шаралары қарастырылған?

– Олардың алғашқысын айтсам, елімізде «Мемлекеттік қызмет ардагері» атағы енгізіледі. Мемлекеттік қызметте 25 жыл жұмыс атқарған, мінсіз беделі, мемлекеттік наградасы, мемлекеттік қызметтегі уәкілетті орган – ведомство наградасы бар азамат «Мемлекеттік қызмет ардагері» ретінде мойындалады. Кейін зейнетке шыққанда оған 4 лауазымдық жалақы түрінде әлеуметтік төлем беріледі. Бұл тетік – тәжірибесі мол, кәсіби кадрларды мемлекеттік қызметте ұстап қалуға өте мотивациялық қолдау. Институционалдық жадыны сақтауға бағытталған. Өйткені, еңбек өтілі көп, мемлекеттік марапаттар алған азаматтың салаға тигізген көмегі көп екеніне еш күмән жоқ. Әлбетте, мінсіз беделінің болуы да ескеріледі. Жас мамандарға тәжірибесімен бөліседі, сөйтіп, мемлекеттік аппараттың да дамуы жақсарады. Сонымен қатар, бір елді мекеннен екіншісіне ауысқан жағдайда мемлекеттік қызметшілердің көшіп-қону шығындары мемлекет тарапынан төленеді. Бұл тұста мұндай өтемақы ротация немесе мемлекеттік орган көшірілген жағдайда берілетінін айта кеткен жөн. Түскі уақытта, мереке, демалыс күндерінде жасаған жұмысқа үстеме ақы төлеу көзделген. Қазіргі заңда үстеме ақы немесе демалыс күні деп көрсетілген. Себебі, үстеме ақы, әдетте, үнемдеу есебінен төленеді. Ал мемлекеттік органдарда үнемдеу соншалықты жоғары емес. Сондықтан, төлеу мүмкіндігі болмайды. Мереке және демалыс күндері жұмыс істеген жағдайда оның тарифі 1,5 есеге артады.

Тағы бір әлеуметтік қолдау еңбек өтіліне қарай қосымша ақылы демалыс күндері қарастырылуда. Мәселен, 10 жыл мемлекеттік қызметте еңбек атқарса, оған 3 күн қосымша демалыс беріледі. 15 жыл еңбек еткен мемлекеттік қызмет-
шіге 5 күн қосымша демалыс, ал 20 жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметте жүрген азаматтарға 10 күн қарастырылған. Бұл заңда айқын жазылған. 30 күндік еңбек демалысынан бөлек беріледі.

Тілші:

– Бір кездері жұмыс уақытынан артық жұмыста қалдыруға қарсы шаралар жүргізілді. Яғни, компьютерлер 18.30-да тұтас сөніп қалады делінген еді. Сол тәртіп сақталды ма?

– 18.30-да компьютерлердің автоматты түрде сөнуі тиіс деген норма заңда көзделмеген. Бұрын мұндай тәжірибе болды. Жалпы, мемлекеттік қызметші күніне 2 сағаттан артық, айына 12 сағаттан артық жұмыс істеуіне заңда шектеу қойылған. Ал оны үстеме жұмысқа тарту кезінде мемлекеттік орган тиісті акт шығарады. Бұл ретте, мемлекеттік қызметшінің келісімі міндетті түрде қажет. Келісімі болмаса, акт та, үстеме жұмысқа тарту да заңсыз болып саналады. Үстеме жұмыс үшін үстеме ақы немесе қосымша демалыс қарастырылған. Егер күніне екі сағаттан, айына 12 асыра жұмысқа тарту, акт келісімсіз шығару орын алса, мемлекеттік орган басшысына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 89-бабымен әкімшілік жауапкершілік көзделген. Жаңа заңда үстеме жұмыс үшін үстеме ақы тағайындауға басымдық берілгенін айта кетейін. Бүгінде екеуінің бірін жұмыс беруші таңдайды. Көбінесе, мемлекеттік органдар демалыс күнін беруге бейімделген. Ал мемлекеттік қызметшілер,
әлбетте, үстемеақы алуды қалайды. Бұл – бір жағынан оларға әлеуметтік қолдау. Жаңа заң үстеме ақыға мекеме бюджетінде қосымша қаржы қарастыруды талап етуде. Қолданыстағы заңға сәйкес мекеме тек қана үнемдеу есебінен төлеп келді. Көбінде үнемделген қаржы бола бермейтіні ескеріліп отыр.

Тілші:

– Мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік жаза, жауапкершілік тұр-ғысында да бірқатар өзгеріс енген екен. Ол қандай?

– Қазіргі кездегі тәртіптік жауапкершілікке тоқталсақ, елеусіз тәр-тіптік қылық жасаса, азаматтарға ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс жазасы қолданылады. Елеулі тәртіптік қылық орын алса, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, лауазымын төмендету көзделген. Өрескел бұзушылыққа жол берілсе, атқарып отырған лауазымынан босату қарастырылған. Ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс заңнамалық тұрғыда бірдей тәртіптік жазалар түрінде көрінуі мүмкін. Мұндай жазалар алты айға беріледі. Жаңа заңға сәйкес оңтайландырылған жағдайлар енгізілді. Яғни, ескерту екі айға, сөгіс үш ай, қатаң сөгіс төрт айға жасалады. Қалған тәртіптік жазалар 6 айға беріледі. Бұл ретте, ауырлататын және жеңілдететін мән-жайлар ескеріледі. Егер жеңілдететін жағдайларға келсек, мемлекеттік қызметші бірінші рет осы тәртіптік теріс қылық жасаса, ол әрі елеусіз болса, оның теріс сипаттағы салдары болмаса, мемлекеттік орган басшысы жаңа заңға сәйкес оған тек құқықтық әсер етуді қолдануы мүмкін. Яғни, оған жаза қолданбай, профилактикалық мазмұнда сөйлесіп, жөн көрсетеді. Жазбаша түрінде ескерту шығаруы мүмкін. Бірақ, тәртіптік жаза қолданбау құқығы мемлекеттік орган басшысына беріліп отыр. Осы ретте, жеңілдетілген жағдай теріс қылықтың салдары болмаса, қызметші өзін жақсы маман ретінде көрсетсе ғана қолданылатынын айтып өту керек. Ауырлататын жағдайлар – тәртіптік жазаның болуы, бұрын теріс қылық жасауы, кері салдары азаматтарға, мемлекеттік қызмет беделіне тиюі. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар деген түсінік тағы бар. Олар елеулі және өрескел деп қаралады. Олар үшін де жаза қатаң. Яғни, біреуге заңсыз басымдық беру, кәсіпкерге заңнамада көзделмеген қолдау көрсету, лауазымын өз мүддесіне пайдалануы, азаматтардың құқықтарына қайшы келетін, олардың құқықта-
рын жүзеге асыруға кедергі келтіру сияқты қылықтар жатады. Негізі, 15-тен астам теріс қылық заңда жазылған. Олар үшін жұмыстан шығару, лауазымын төмендету немесе қызметке толық сәйкес еместік туралы ескерту берілуі мүмкін. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға жаңа заңда тағы қосымша екі теріс қылық қосылды. Атап өтсек, олар –
көлікті масаң күйде басқару, медициналық емес қасақана есірткі құралдарын пайдалану. Осы екі теріс қылыққа жол берген мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметке кір келтірді деп танылып, атқарылатын лауазымынан шығару тәртіптік жазасы қолданылуы мүмкін. Алда бұл жазаларға қатысты әлі заңға тәуелді актілер арқылы тиісті талаптары айқындала түсетіні сөзсіз. Естеріңізге сала кетейік, қазір қолданыстағы заңда аталған қосымша екі қылық қызметтік әдеп нормаларын бұзу әрекеті ретінде бағаланады. Яғни, Әдеп кодексімен реттеледі. Бұл өзгерістің енгізілгенін қолдаймыз. Мемлекет басшысы 2019 жылдан бері масаң күйде көлік жүргізуге қатысты жазаны қатаңдату керектігін айтып келеді. Автокөлікті масаң күйде басқарған адам бәрібір өзгеге қауіп төндіреді, поценциалды қылмыскер саналады. Масаң күйде көлік жүргізген мемлекеттік қызметшіні заңда енді 20 тәулікке дейін қамау көзделген.

Тілші:

– Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке қызығушылық қандай деңгейде? Жастар жағы көптеп келе ме?

– Жастар көптеп келіп жатыр. 2023 жылдан бастап елімізде мем-лекеттік тапсырыс (грант) негізінде оқуын аяқтап, GPA көрсеткіші 3,33 немесе одан жоғары болған жас түлектер мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдануда. Осы ретте, ауылдық, аудандық, қалалық деңгейдегі атқарушы орғандарға орындаушылық төменгі лауазымға конкурссыз орналасады. Бұл – жастарға өте жақсы мүмкіндік. Әлбетте, түлектердің біліктілік талаптарға сай келуіне де мән беріледі. Мемлекеттік қызметке орналасуға ынталы түлек біздің департаментке келіп, кеңес алады. Мемлекеттік органдарда оның қалауына әрі біліктілігіне жарайтын бос орындар болса, ұсыныс жіберіледі. Содан кейін тиісті құжаттары тапсырылады. Сол мекеме департаментке келісуге құжат жолдайды. Оң жауап алса, мемлекеттік орган жас түлекті конкурссыз тағайындай алады. Қазірдің өзінде осындай мүмкіндікпен жұмысқа орналасқан замандастарымыз баршылық. Одан бөлек, жастарға арналған Президенттік кадрлық резерві, өңірлік кадрлық резерві бар. Резервке енген жастар конкурссыз басшы-
лық лауазымдарға тағайындала алады. Мемлекеттік қызметте жастар үшін қолдау да, мансаптық өсу де бар. Бастысы, жас маманның ынтасы, талпынысы болу керек.

Тілші:

– Заңдағы тағы бір жаңалық – талантты жастарды мемлекеттік қызметке ерте даярлау институтын құру. Бұл қалай жүзеге асады? Оған кімдер қабылданады?

– Жалпы, заң кадр саясатының жаңа тетіктерін енгізіп отыр. Жас әрі талантты мамандарды тарту мақсат етілген. Бұл да алдағы уақытта заңға тәуелді нормамен реттеледі. Заңда нақты жазылған тұсына тоқталсақ, мемлекеттік қызметке мектеп жасынан бері даярлау көзделуде. Яғни, мектеп жасында, кейін жоғары оқу орнына барғанда да ол тиісті тізімде болады. Жетістіктері бар жастарды мемлекеттік қызметке конкурссыз орналастыру ойластырылуда. Әлеуметтік әртүрлі қолдау шаралары енгізілгеннен кейін жастар тарапынан қызығушылық артары сөзсіз.

Тілші:

– Бүгінде цифрландыру, жасанды интеллект барлық салаға енгізілуде. Мемлекеттік қызмет саласында бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынған?

– Мемлекеттік қызмет саласын-дағы цифрландырудың жарқын нәтижелерінің бірі – e-qyzmet ашық порталының енгізілуі. Бұрын жұмысқа қабылдау үшін сантүрлі құжатты қағаз түрінде тапсыру талап етілді. Орналасуды көздеген органға арнайы бару қажет болды. Қазір үйде отырып-ақ өтінішін жіберіп, құжаттарын порталға жүктей алады. Қаншама уақыт үнемделуде. Павлодар облысында отырып, өзге өңірлердің конкурстарына қатысуға жол ашық. Мәселен, еңбек демалысына шығу үшін де өтінішті қағазға жазу тарих боп қалды. Бәрі электронды форматта іске асырылады. Мемлекеттік қызметші кестеге сай еңбек демалысына шығуды жоспарласа, жұмыс кабинетінде отырып, өтінішті портал арқылы толтырады. Келісуге цифр-
лық өтініш басшысына түседі. Кабинет аралап, басшылардың қолын жинап жүрмейді. Өтінішіне тиісті жауап келгені туралы хабарлама түседі. Электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы басшысы қол қойып, келісімін береді. Келіспеген жағдайда уәжін жазып жіберуге де мүмкіндік бар. Осы тұрғыдан ыңғайлы. Жасанды интеллектті тиімді пайдалану тұрғысында мамандарымыз арнайы курстардан өтуде. Әрине, ЖИ-ді де орнымен пайдалану қадағаланады.

Одан бөлек, мемлекеттік қыз-меттің көп түрі egov.kz порталы арқылы электрондық форматқа көшірілді. Яғни, бұл жұмыстар бюрократиядан арылтуға бағытталған. Сәйкесінше, тұрғындарды әуре-сарсаңға салмайды.

Айнагүл:

– Бірқатар жақыным мемлекеттік қызметте. Олар еңбек демалысын толық алғанын көрген емеспін.
15 күннен бөліп береді. Кейбірінің балалары бар. Жазғы демалыста бір ай толық сол балаларының қасында болғылары келеді. Жалпы, олар толық алуды талап етуге құқықтары бар ма? Өзгеріс енгізілген заңда осы ескерілген бе?

– «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңда еңбек демалысының кестесіне сәйкес алу құқығы көзделген. Негізі, заңда мемлекеттік қызметшіге кесте бойынша еңбек демалысын толық алуына басымдық берілген. Қазіргі қолданыстағы заңнамада тараптардың келісімі бойынша іске асырылады. Дегенмен, заңнамаға тәуелді нормаларға сәйкес тетіктері айқындалады.

Ернұр:

– Мамандығым — география мұғалімі. 10 шақты жыл мұғалім болып ауылда жұмыс істедім. Енді мемлекеттік қызметке қызығып жүрмін. Осы мамандықпен орналасу мүмкіндігі бар ма?

– Әрбір лауазымға қойылатын біліктілік талаптары бар. Мұнда үміткердің еңбек өтілі, мамандығы бәрі ескеріледі. Сондықтан, бұл азаматтың мемлекеттік қызметке ынтасы болса, e-qyzmet ашық порталы арқылы бос лауазымдарға конкурстарды қарап, өтініш бере алады. География пәні мұғалімі мамандығы сәйкес келетін лауазымдарда бақ сынауына әбден болады. Яғни, біліктілік талабында педагогика, география мамандығы көрсетілсе, демек, конкурсқа қатысуына жол ашық. Басшылық қызметте еңбек өтілі де ескеріледі. Ауылдық округ әкімдіктерінде мемлекеттік қызметке кіру кезінде мамандық бойынша шектеулер көзделмеген. Ауылдық округтегі кейбір лауазымдарында біліктілік талаптарына сәйкес келсе, тиісті білімі болса, мамандығына қарамастан жұмысқа орналасу мүмкін-дігі бар.

Нұрай:

– Сіңлім мемлекеттік тілді жақсы біледі. Орысша түсінеді, бірақ сөйлей алмайды. Осындай жағдайда мемлекеттік қызметке орналаса ала ма? Әлде орыс тілін білу талап етіле ме?

– Заңнамада орыс тілін білу туралы талап жоқ. Ең бастысы, Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт. Заңда көзделген тиісті талаптарға сәйкес болуы керек. Одан бөлек, біліктілік талаптарына сай келсе, онда мемлекеттік қызметке кіруге еш кедергі жоқ. Конституциямызда да Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік қызметке кіруге құқылы деп жазылған. Сондықтан, бұл – азаматтардың конституциялық құқығы.

– Ерғанат:

– Мемлекеттік қызметке жас маман болып орналасқаннан кейін қанша жылдан соң басшылық лауазымға тағайындала аламын?

– Оның бәрі лауазымға байланысты. Мысалы, біздің департаментте басқарма басшысы болу үшін кемінде 3 жыл қызмет  атқару қажет. Басқа кейбір органдарда сектор меңгерушісі болып тағайындалу үшін екі жыл мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі талап етіледі. Сондықтан, біліктілік талаптарында осы жай анық жазылады. Жас маманның талпынысына байланысты. Кәсібилігі, біліктілігі жоғары, қызметіне адал болса, басшылық тарап әрдайым көтермелеп, жастарды ілгерілетуге күш салады. Адал, әділ азаматтың мансаптық өсуі де тиісті деңгейде іске асады.

Түйін:

Мемлекеттік қызметтің ілгерілеуі әрбір азаматтың өмір сүру деңгейіне оң әсер етері сөзсіз. Қазір енгізіліп жатқан өзгерістердің барлығы мемлекеттік аппараттың алға басуын көздейді. Саланың беделін көтеріп, кәсіби мамандарды көптеп тарту мақсат етілген. Мемлекет көрсететін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекет алдында тұрған міндеттерді тиімді орындауға бағытталғаны байқалады.

«Тікелей желіні» жүргізген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.