Май ауданының Саты ауылында тұрғындардың көптен бергі тілегі орындалып, жаңа медициналық пункттің құрылысы қарқын алды. Жаңа медициналық пункт пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындары алғашқы медициналық көмекті дер кезінде алып, түрлі тексеруден өтуге және дәрігерлік кеңес алуға мүмкіндік алады.
Саты ауылының учаскелік медбикесі Нұргүл Бекқожинаның айтуынша, ауыл тұрғындары денсаулық сақтау нысанының жаңартылуын ұзақ жыл бойы күткен. Өйткені осы уақытқа дейін медициналық пункт 1958 жылы салынған тұрғын үй ғимаратында орналасып келген. Ғимараттың пайдалану мерзімінің ұзақтығына байланысты оның техникалық жағдайы нашарлап, арнайы жүргізілген сараптама нәтижесінде апаттық жағдайда деп танылыпты.
– Денсаулық сақтау саласы әрдайым ерекше назарды қажет етеді. Жаңа ғимаратта науқастарды қабылдауға, профилактикалық жұмыстар жүргізуге және алғашқы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай қарастырылады. Әсіресе, егде жастағы тұрғындар мен жас аналар үшін қолайлы орта қалыптасады деп сенеміз, – дейді ол.
Әлеуметтік мекеменің жұмыстары осы жылдың 20 сәуірінде басталған. Құрылыс жұмыстарын «Ер Алаш» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Нысанды пайдалануға беру мерзімі 2026 жылдың 30 тамызына жоспарланған. Құрылысқа бөлінген қаржы көлемі 115,4 миллион теңгеден асады.
Жобаның сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында техникалық қадағалауды «Батыс Сапа Инжиниринг» ЖШС жүргізсе, авторлық қадағалауға «MBJ Project» ЖШС жауап береді.
Жаңа медициналық пункт заманауи талаптарға сай салынады. Жобада негізгі медициналық ғимаратпен қатар жедел медициналық жәрдем көлігіне арналған автотұрақ және автономды жылыту жүйесі бар қазандықтың құрылысы қарастырылған. Бұл өз кезегінде нысанның үздіксіз жұмыс істеуіне және қызмет көрсету сапасының артуына мүмкіндік береді.
Айдана БОРАНБАЕВА.
