Екібастұз қаласының туған күні биыл да айрықша сән-салтанатпен аталып өтілді. Шаһар тұрғындары мен қонақтары күндіз ұлттық спорттың тартысты бәсекесіне куә болса, кешкісін елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертті тамашалады. Бірлік пен берекені ұлықтаған думанды шаралар қала жұртшылығын ортақ қуанышқа ұйыстырып, туған өлкенің мерейін үстем етті.
Алдымен Екібастұз қаласының иппо-дромында бәйгеден Қазақстан чемпиона-тының 3-інші іріктеу кезеңі өтті. Онда еліміздің бірнеше өңірінен келген жүйріктер өзара бақ сынады. Күннің ашық, алайда сәл самалды райы додаға ерекше серпін беріп, көрермендер мінберін толтырған жұртшылық әр шабыс сайын делебесі қозып отырды.
Қазақстан бәйге федерациясының ұйым-дастыруымен өткен жарыс бағдарламасы Қазақстанда туған құнандар бәйгесі, ашық құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйге түрлері бойынша ұйымдастырылды. Жарыс барысында тұлпарлардың тұяқ дүбірі даланы жаңғыртып, ұлттық ат спортының қадір-қасиетін айшықтай түсті.
Қазақстан бәйге федерациясының вице-президенті Жанболат Сайболатовтың айтуынша, чемпионат осымен 5-інші мәрте ұйымдастырылып отыр. Ал Екібастұз қаласы бұл айтулы доданы алғаш рет қабылдады.
– Жалпы, чемпионат 8 кезең бойынша Қазақстанның әр өңірінде өткізіледі. Соның бірі ретінде Екібастұз қаласы таңдалып отыр. Бұл – ұлттық спортты өңірлерде кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды бастама. Жүлде қоры да айтарлықтай. Аламан бәйгеде жеңімпазға 5 миллион теңге қарастырылса, құнан бәйгелерде 2-3 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі, – деді ол.
Жарыстың тартысты сәттерінің бірі 7 шақырымдық құнан бәйгеде анықталды. Бұл бәсекеде Қарағанды облысының намысын қорғаған 2 жасар «Айханым» тұлпары мәреге алғаш болып жетті. Шабандозы – жас спортшы Әли Қаупен.
Әлидің айтуынша, бұл жетістікке жету оңай болмаған. Соған қарамастан, ол жарыс алдында қарсыластарынан озып шығуға бар күшін салғанын және жеңіске деген сенімі жоғары болғанын айтады.
– 3 жылдан бері осы спорт түрімен айналысып келемін. Әр жарыстың өз қиын-дығы бар. Бұл жолы да қарсыластар өте мықты болды. Сонда да жеңіске жетемін деген үміт болды. Дегенмен, жарыс барысында аздап қобалжу да сезілді. Ендігі мақсат – ақтық кезеңге жақсы дайындалу, – деді ол.
Ал «Айханым» тұлпарының бапкері Мерей Райымбек аттың бапталу барысы мен тарихына тоқталып өтті.
– Бұл тұлпар өткен жылы Ресей мемлекетінен арнайы әкелінген. Алғашқы жарыстарынан-ақ жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бірнеше бәйгеге қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Жалпы, тәжірибемізде мұндай тұлпарлар аз емес. Бұған дейін «Батыр», «Марғұлан» секілді сәйгүліктермен де жетістікке жеткенбіз, – дейді бапкер.
2-орынды «Томми» (шабандозы – Ерсұлтан Тілеуқабыл), 3-орынды «Дария» тұлпары (шабандозы – Нұрислам Минасипов) иеленді. Ал Қазақстанда туған құнандар арасындағы жарыста «Анадиа» сәйгүлігі қарсылас шақ келтірмей, 1-орынды (шабандозы – Болат Әлімшайхы) жеңіп алды. 2-орын «Зымыранға» (шабандозы – Никита Ходырев), 3-орын «Раушанға» (шабандозы – Санжар Бақтыбай) бұйырды.
12 шақырымдық топ бәйге көрермендер ерекше ықыласпен тамашалаған жарыстардың бірі болды. Бұл сында «Алтын алқа» сәйгүлігі мәреге алғаш болып жетіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Шабандозы – Нұрсұлтан Анвархан. Жүлделі орындарды «Нәзік» және «Аль-Хадид» тұлпарлары бөлісті. Оларды жас спортшылар Ерсұлтан Тілеуқабыл мен Ертілеу Адамия тізгіндеді.
***
Қала күніне арналған мерекелік бағдарлама кешкі уақытта «Өнер» мәдениет сарайының алаңында жалғасты. Салтанатты жиынға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, Екібастұз тұрғындарын Қала күнімен құттықтады. Кейін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды табыстады.
– Екібастұз – Павлодар өңірінің мақтанышы, еліміздің өркендеуіне серпін беріп отырған ірі орталықтардың бірі. Бүгінде қала моноқала шеңберінен шығып, заманауи индустриялық, энергетикалық және инвестициялық орталық ретінде жаңа белеске көтерілуде. Мұнда республикалық маңызы бар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көреген саясаты мен қолдауының, экономиканы әртараптан-дыру бағытындағы жүйелі жұмыстың және бастысы, сіздердің адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Баршаңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық пен молшылық тілеймін. Жастарға – биік мақсаттар мен толайым табыс, аға буынға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және лайықты құрмет тілеймін, – деді А.Байханов.
Кештің көркін елімізге танымал эстрада жұлдыздарының өнері аша түсті. Сахнада Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева, BayanSulu, Yenlik, V $ X V Prince сынды өнерпаздар өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал кештің арнайы қонағы ретінде әлемге әйгілі әнші Willy William қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлап, мерекелік кештің мәртебесін арттырды.
Осылайша, Екібастұзда өткен Қала күні ұлттық спорт пен өнерді тоғыстырған, елдік рухты көтерген ауқымды мерекеге айналды. Дүбірлі бәйге мен әсем ән көмкерген бұл күн қала тұрғындарының жадында ұзақ сақталары анық.
Екібастұз қаласы.
Айдана БОРАНБАЕВА.
