Талапкер, таңдауың нық болсын!

Мау 25, 2026

Мектеп бітірген әр түлек үшін жоғары оқу орнына түсу маңызды белес саналады. Алайда олар ең алдымен мамандықты дұрыс таңдау, ҰБТ нәтижесін тиімді пайдалану, грант ұтып алу мүмкіндігін иелену, құжаттарды уақытылы тапсыру сынды жауапты міндеттерді білуі тиіс. Осыған орай «Білім» бетінің бүгінгі санында талапкерлер мен ата-аналарға қажетті ақпараттарды ұсынғанды жөн көрдік.

Қабылдау мерзімі қашан?

Қазіргі таңда қазақстандық талапкерлер ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) өтіп, он бір жыл бойы алған білімдерін таразылауда. Бұл шара биыл 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады деп жоспарлануда.

Ал жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін құжат қабылдау мерзімі 20 маусымнан 20 тамызға дейін созылмақ. Осы орайда «Денсаулық сақтау» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттарын таңдаған талапкерлер үшін арнайы емтихандар қарастырылғанын атап өткен жөн. Бұл емтихандарға өтініштер 20 маусымнан бастап қабылданса, сынақтар 20 тамызға дейін жалғасады. Сондай-ақ, шығармашылық мамандықтарға түскісі келетіндер үшін жеке кесте бекітілді. Сол бойынша шығармашылық емтихандарға өтініш қабылдау – 20 маусымнан 10 тамызға дейін (грантқа үміткерлер үшін – 7 шілдеге дейін), ал шығармашылық емтихандарды өткізу – 7 шілдеден 15 тамызға дейін (грантқа үміткерлер үшін – 20 шілдеге дейін) жүргізілмек.

Грантқа қатысатындар үшін…

Мемлекеттік білім гранты кон-курсына құжаттар қабылдау науқаны осы жылдың 13-20 шілдесі аралығында жүзеге асырылады. Құжаттарды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы оффлайн немесе виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн, сондай-ақ, eGov қосымшасы арқылы да тапсыруға болады, дейді мамандар.

Ал ол үшін қолыңызда төмендегідей құжаттар болуы тиіс. Олар:

  • жеке куәлік;
  • ҰБТ сертификаты;
  • 3х4 көлеміндегі фото;
  • орта білім туралы аттестат немесе колледж түлектері үшін диплом;
  • жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар;
  • B167 «Ұшу аппараттарын және қозғалтқыштарды ұшырып пайдалану» мамандығы үшін дәрі-герлік ұшу-сараптамалық комиссиясының медициналық куәландыруы керек.

Сондай-ақ, қосымша ақпарат алғыларыңыз келсе, өзіңіз таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссияларына хабарласа ала-сыздар.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылы да шекті балдар өзгеріссіз қалды. Яғни, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін 65 ұпай, басқа жоғары оқу орындарына – 50, «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – 75, «Денсаулық сақтау» білім беру саласы бойынша – 70, «Құқық» даярлау бағыты бойынша – 75 балл. Бұл ретте, «Қазақстан тарихы» және ҰБТ-ның екі бейіндік пәні мен шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндері бойынша кемінде 3 ұпайдан жинау қажет. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша өздерінің шекті балдарын белгілей алатынын айта кеткен жөн.

Ескерте кететін тағы бір жайт, мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады деп күтілуде.

Қанша орын бөлінеді?

Ағымдағы жылы жоғары оқу орындарына бөлінген мемлекеттік тапсырыс көлемі алдыңғы оқу жылдарының деңгейінде сақталып отыр, дейді мамандар. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті. Оның айтуынша, 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік білім гранты бөлінген. Атап айтқанда, бакалавриатқа – 75 371 орын, магистра-тураға – 11 007, докторантураға 3 079 грант қарастырылған. Оның ішінде гранттардың 60 пайызы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына, ал 21 пайызы педагог кадрларды даярлауға бағытталған. Сонымен, ведомствоның мәліметі бойынша білім гранттары осылай үлесті-рілмек:

– инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына — 19 250;

– педагогикалық ғылымдарға – 13 738;

– ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша – 11 662;

– жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға – 9 363;

– ауыл шаруашылығы және биоресурстарға – 3 145;

– денсаулық сақтау саласына – 2 700;

– қызметтер бойынша – 2 400;

– өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1 915;

– әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бойынша – 1 485;

–  бизнес, басқару және құқыққа – 1 423;

– ветеринарияға 1 275 грант бөлінбек.

Бұл аталғандарға қосымша еліміздің жоғары оқу орындарында «Серпін» бағдарламасы жүзеге асуда.

Осылайша, талапкерлер үшін құжат қабылдау науқанының әр кезеңі белгіленіп, сол бойынша тиісті жұмыстар жалғасын табатын болады.

Барлық мектеп бітірушіге сәттілік тілейміз!

Нұржайна ШОДЫР.