Осы жазда облыс бойынша 111 мыңнан астам оқушы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамтылмақ. Қазіргі таңда аймағымызға қарасты әр қала, аудан, ауыл балалары асыға күткен лагерьлер сәтті жұмыс істеп, бірінші маусымын аяқтады. Павлодар қаласындағы №25 жалпы орта білім беру мектебінің оқушылары да бірінші ауысымды ойдағыдай тәмамдады. Лагерьдегі әр күнін қызықты өткізген балалардың қуанышына ортақтасып қайтқан едік.
Облыс орталығындағы №25 жалпы орта білім беру мектебінің лагерь басшысы Жанат Мүслімованың айтуынша, аталған білім ордасының жанындағы «Күншуақ» жазғы сауықтыру лагерінің бірінші ауысымында 380 бала демалған. Олардың қатарында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан шыққан 29 бала бар. Бастысы, оқушылар демалысын көңілді де мазмұнды өткізулері үшін барлық жағдай жасалған.
– Лагерьде балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына ерекше көңіл бөлінді. Демалушылар үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілді, яғни таңғы ас, түскі ас және бесін ас беріліп тұрды. Күн тәртібі қатаң сақталып, әр таңымыз салауатты өмір салтын ұстану мақсатында жаттығу жасаудан басталды. Лагерь бағдарламасы мазмұнды әрі қызықты іс-шараларға толы болды. Балалар күн сайын түрлі спорттық жарыстарға, танымдық ойындарға, шығармашылық байқауларға қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізді. Сонымен қатар, оқушылар мәдени-танымдық орындарға да саяхат жасады. Атап айтқанда, олар Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында «Симба» және «У-Сана» қойылымдарын тамашалады. Бұдан бөлек, Ертіс және Потанин атындағы мұражайларға барып, тарихи-мәдени құнды жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ, балалар скалодромда өздерін өрмелеу спортынан сынап көріп, қызықты әсер алды, – дейді Жанат Мүслімова. Оның айтуынша, лагерь тәрбиеленушілері «Ertis Cinema» және Шәкен Айманов атындағы кинотеатрларға да барып, қызықты фильмдер мен мультфильмдерді тамашалаған.
– Лагерьдегі балалардың әсерін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Демалушыларымыз көп қызықты сәттің куәсі болды. Мәселен, демалыс барысында «Әжемнің қолөнер әлемі», «Батл караоке», «Sport Fest тимбилдинг» секілді ауқымды медиа-жобалар ұйымдастырылды. Қонаққа қуыршақ театры, 3D кино және планетарий келіп, балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Жеткіншектер сондай-ақ, қалалық байқауларға белсенді қатысып, жоғары жетістіктерге жетті. Атап айтар болсақ, «Павлодар дарыны» және «Жігер» орталықтары ұйымдастырған «Абайды оқы, ерінбе!», «Ақыл додасы» интел-
лектуалдық эстафетасы, «Күн астындағы сахна» театрландырылған байқауы, «Қазыналы арал» шығармашылық викторинасы, «Ұлттық Fashion», «5 белес – 1 жеңіс» эстафеталық сайыстарында І және ІІ жүлделі орындарды иеленді, –
дейді лагерьдің тәлімгері Найля Алашпаева.
Балалар шаһардағы көркем сурет мектебі, оқушылар сарайы, «Жас толқын» орталығы, №2 кітапхана сынды мекемелерге де барып, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға да мүмкіндік алған. Олардың жазғы демалысын одан әрі қызықты өткізу мақсатында мектеп ауласына каркасты бассейн орнатылып, балалар күн сайын суға да шомылған екен.
– Мектеп қабырғасында да түрлі сайыстар мен мерекелік шаралар өткізілді. Лагерьде «Рәміздер күні», «Ханзада мен ханшайым», «Нептун күні», «Көбік кеші», «Арбуз party», «Мультидостар сайысы», «Экспромт театр шеберханасы», «Smile day», «Бірге болашаққа» би фестивалі, «Кино және жарнама әлемі», «Маска шоу», «Заттарға екінші өмір сыйла» шығармашылық жобасы, «Future ел» сурет салу байқауы, «Color party», «Эко-мейірімділік: заттардың екінші өмірі» және басқа да қызықты іс-шаралар үздіксіз ұйымдастырылды, – дейді тәлімгер Дидар Шаханова.
Осылайша, «Күншуақ» лагерінің бірінші ауысымында өткен жазғы демалыс әр бала үшін жарқын әсерге, жаңа достыққа және ұмытылмас естеліктерге толы болды, дейді тәлімгерлер. Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарға Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледждің студенттері де белсенді атсалысып, педагогикалық тәжірибеден өту барысында ұйымдастырушылық жұмыстардың қызықты өтуіне үлкен көмек көрсеткен екен.
Байрам БАЙЗОЛЛА, 2-сынып оқушысы:
– Маған лагерь қатты ұнады. Әсіресе, бассейнде шомылғанымыз қызықты болды. Кинотеатрға да барып, мультфильм көрдік. Көңілді ойындар ойнап, жаңа достар таптым. Келесі жылы да осы лагерьге келемін деген үміттемін.
Нұрайым ЕЛЖАСҚЫЗЫ, 2-сынып оқушысы:
– Жазғы демалысым көңілді әрі мазмұнды өтіп жатыр деп айта аламын. Біз мектептегі түрлі іс-шараларға және қалалық сайыстарға қатыстық. Соның ішінде ертегіні өзгертіп, жаңа форматта сахналау сайысынан жүлделі І орынға ие болдық. Мұражайға барып, туған өлкеміздің тарихы мен мәдениеті туралы көп мәлімет білдік. Қысқасы, біз демалумен қатар, пайдалы іспен де айналысып, зердемізді аштық деп айта аламын.
Айжан АМАНБАЙ, 1-сынып
оқушысы:
– Биыл мен лагерьге алғаш рет келдім. Мұндағы демалыс көңілімнен шықты. Күн сайын қызықты ойындар ойнап, түрлі іс-шараларға қатысып, әр сәт естен кетпестей қызықтарға толы болды. Түскі уақытта тынығып, жақсы демалдық. Сол үшін тәлімгерлеріме алғыс айтамын.
Рамина ЖҮСІПОВА, 4-сынып оқушысы:
– Демалысым қызықты әрі пайдалы өтті. Олай дейтінім, мен Абай атамыздың көптеген өлеңдерін оқып, рухани азық алдым. Сонымен қатар, қалалық сайысқа қатысып, жүлделі орынға ие болдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік деп білемін.
Нұржайна ШОДЫР.
