Жасанды интеллект – облыс мектептерінде

Мау 25, 2026

Аймақта білім беру саласын цифрландыру қарқынды түрде жалғасуда. Мәселен, облыс мектептеріндегі қауіпсіздікті күшейту мақсатында бейнебақылау жүйелері жаңартылып, оған жасанды интеллект технологиялары енгізілуде. Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап павлодарлық оқушылар елімізде алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект негіздерін пән ретінде оқи бастайды.

Облыстық білім беру басқармасының ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Елнар Өтебаевтың айтуынша, бүгінде өңірдегі білім беру ұйымдарында қауіпсіздік жүйелерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Соның аясында ескі аналогтық бейнекамералар заманауи цифрлық құрылғылармен алмастырылып жатыр. Жаңа үлгідегі камералар бейнені жоғары сапада түсіріп, ақпаратты ұзақ мерзім сақтауға мүмкіндік береді.

– Цифрлық камералар жоғары сапалы бейнежазба жасап қана қоймай, деректерді сақтау үшін аз көлемдегі жадты қажет етеді. Соның нәтижесінде бейнематериалдарды ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік бар, – дейді Е.Өтебаев.

Қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бағы-тындағы тың жобалардың бірі Павлодар қаласындағы №48 мектепте жүзеге асырылуда. Мұнда «Қазақтелеком» компаниясымен бірлескен жоба аясында жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған бейнекамералар пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – адамның тұрақты бақылауынсыз жұмыс істей алуында.

– Жасанды интеллект жүйесі адамның тұрақты бақылауынсыз жұмыс істейді. Камералар буллинг, төбелес, адамдардың жаппай жиналуы немесе қару алып кіру секілді қауіп-қатер белгілерін автоматты түрде анықтап, мектеп әкімшілігіне және білім беру органдарына жедел хабарлама жібереді. Егер жоба тиімділігін дәлелдесе, оны алдымен Павлодар қаласының мектептеріне, кейін облыс көлемінде енгізу жоспарланып отыр, – дейді орталық басшысы.

Жобаның тиімділігі іс жүзінде де тексерілген. Биыл жүйенің жұмысы бірнеше рет арнайы сынақтан өткізілген. Мамандар ойыншық қарумен мектепке кіру әрекетін және оқушылар арасындағы төбелес жағдайларын әдейі ұйымдастырып, жүйенің әрекетін бақылаған.

Сынақ нәтижесінде жасанды интеллект барлық жағдайды дұрыс анықтап, белгіленген тәртіп бойынша дер кезінде дабыл берген. Дегенмен, пилоттық жоба іске қосылғалы бері №48 мектепте нақты қауіп-қатерге байланысты оқиғалар тіркелмеген.

Қазіргі уақытта бейнекамералар мектептердің дәліздерінде, рекреациялық аймақтарында, баспалдақ алаңдарында және кіреберіс топтарында орнатылған. Сонымен қатар, санитарлық тораптарда түтін датчиктері қарастырылған. Түтін анықталған жағдайда жүйе автоматты түрде жауапты қызметтерге хабар береді. Жоба мектептердегі қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған маңызды бастама ретінде бағалануда.

Жасанды интеллект мүмкіндіктері тек қауіпсіздік жүйелерімен шектелмейді. Жаңа оқу жылынан бастап облыс оқушылары елімізде алғашқылардың бірі болып бұл технологияның негіздерін арнайы пән ретінде оқиды.

Пилоттық жобаға Павлодар және Қызылорда облыстарының мектептері енгізілген. Павлодар өңірінде жасанды интеллектіні зерделеу үшін 5 шағын жинақты мектептің 4-сынып оқушылары таңдалып отыр. Атап айтқанда, Павлодар, Ақтоғай, Ертіс, Железин және Аққулы аудандарының білім беру мекемелері жобаға қатысады.

Елнар Өтебаевтың айтуынша, жаңа пәнді енгізу жұмыстары биылғы жылдың 1 қыркүйегінен басталады.

– Барлық оқушы жасанды интеллект негіздерін үйренетін болады. Бірақ бірден айтқым келеді: жасканды интеллект барлық мәселені шешпейді. Бұл — мұғалім мен оқушы үшін материалды тереңірек түсінуге, бір жерде оқу процесін жеңілдетуге және жеделдетуге көмектесетін құрал. Ол түбегейлі адамды алмастырмайды, тек оған көмектеседі. Біздің педагогтер қазірдің өзінде осындай технологияларды белсенді пайдалануда. Бұл жоба Қазақстанның Білім министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылуда, – деді ол.

Білім беру саласы мамандарының мәліметінше, бүгінде өңір педагогтері жасанды интеллект құралдарын күнделікті жұмыс барысында кеңінен пайдаланып келеді. Осы бағыттағы қолдау шараларының бірі ретінде Білім министрлігі OpenAI компаниясымен бірлесіп, павлодарлық мұғалімдерге 4 мың ChatGPT лицензиясын тегін ұсынған.

– Біздің мұғалімдер лицензиялар алып, оқу-тәрбие процесінде жасанды интеллектті белсенді пайдалануда. Бұл уақытты айтарлықтай үнемдеуге көмектеседі. Егер бұрын хаттама, есеп немесе басқа құжаттарды дайындауға 1 сағат кетсе, қазір көптеген тапсырма бірнеше минуттың ішінде орындалады. Сонымен қатар, AI сабақ-тарды дайындауға, оқу материалдарын әзірлеуге және тақырыптарды тереңде-тіп оқытуға көмектеседі. Бүгінде бұл технологиялар білім беру процесінің барлық бағыттарында қолданылуда, – дейді Е.Өтебаев.

Дегенмен, сарапшылар технологияларды енгізумен қатар оларды жауапкершілікпен пайдалану мәселесіне де ерекше назар аудару қажеттігін атап өтуде. Осыған байланысты Қазақстанда педагогтер мен оқушылардың жасанды интеллектіні қолдануына арналған этикалық кодексті әзірлеу мәселесі талқыланып жатыр. Мұндағы мақсат – технологияларды шектеу емес, оларды сауатты әрі қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыру. Өйткені жасанды интеллект мұғалім мен оқушыға көмекші құрал болғанымен, адамның өз бетінше ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін және академиялық адалдық қағидаттарын алмастырмауы тиіс.

Айдана БОРАНБАЕВА