Жаңа кезеңге жол ашылады

Шіл 2, 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі. Президент жаңа Конституцияның күшіне енгізілуімен елімізде жаңаша заманға сай даму негізі қалыптасып, осы жолда барлығымыз бірлесіп, игілікті істерді атқаруға күш салуымыз керектігін атап өтті.

Отыз жылда ел жаңа

«Бүгінгі Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысының тарихи мән-маңызы айрықша деп айтсақ, дұрыс болар. Бұл — дүйім халқымыз үшін де айқын нәрсе, ақиқат. Бүгін біз мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап отырмыз. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Жалпы, бұл өзгеріс Қазақстанда тарихи сабақтастық бар екенін анық көрсетеді», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылып, мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті. Сондай-ақ еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды. Қысқаша айтсақ, отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды. Ал әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болды. Заң шығару жүйесінің қайнар бастауында бүкіл халқымызға және халықаралық қауымдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет қайраткерлері, белгілі қоғам қайраткерлері тұрды. Олардың жемісті еңбегі Парламент тарихында өшпес із қалдырды. Қажырлы қызмет халқымыздың жадында мәңгі сақталып қаларына күмән жоқ.

«Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалды. Әрине, дәуірлік ауқымдағы мұндай реформалардың бел ортасында жүру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Осы тұрғыдан алғанда, сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықтыңыздар. Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру үшін қажырлы еңбек еттіңіздер. Сіздердің табанды, мардымды еңбектеріңіз еліміздің жылнамасында қалатынына күмән болмауы керек. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадам-
дар жасалуға тиіс. Осы өзекті мәселені мен бұрын да бірнеше рет айтқам. Бұл – заман талабы», деді Қ.Тоқаев.

Кезекті реформа емес

Бірақ халықаралық ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп, құбылып, тұрақсыздық белең алып келеді. Бұл жағдай жаһандық экономикаға орасан зардабын тигізіп жатыр. Үкімет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін барынша белсенді және ширақ жұмыс істеуге тиіс. Инфляцияны тежеп, оны мейлінше төмен деңгейге жеткізген жөн, сондай-ақ экономиканың қарқынын төмендетпей, керісінше, оның көрсеткіштерін ұлғайту қажет».

Мемлекет басшысы Жаңа конституцияның енгізілуімен мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алатынын алға тартты.

«Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Себебі, бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз. Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз. Біз ел Тәуелсізді-гінің мызғымас тұғыры мен іргета-
сын көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсуге міндеттеміз», деді
Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент Қазақстанның Тәуел-сіздігі мен Егемендігін сенімді түрде қорғау мәселесін әлі түбегейлі шешпегінімізді ескертті. «Жау жоқ деме, жар астында» деген тәмсілді әрқашан қаперде ұстаған жөн.

«Біздің басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл көрсеткіштерді ұдайы көтеріп, осы үрдісті үздіксіз жалғастыра беруіміз қажет. Сондықтан біздің мұндай кезде қол қусырып отыруға құқымыз жоқ. Алдымызда тұрған аса ауқымды әрі күрделі міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін табанды, нәтижелі еңбек етуіміз керек. Осы тұста бірлесіп атқарған жұмысты қорытындылап, алдағы даму жоспарымызды айқындап алу қажет деп санаймын» деген Мемлекет басшысы бірнеше басым бағытқа тоқталды.

Ел дамуының қозғаушысы

Біріншісі — мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру. Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Мұны түсіну, ескеру өте маңызды. Яғни Президент – мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындайды, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, Қазақстан атынан халықаралық аренада өкілдік етеді. Сонымен қатар жаңғырту жұмыстары парламенттік жүйені одан әрі трансформациялау тетіктерін де қарастырады.

Қ.Тоқаев шын мәнінде, тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана, Озық және Әділетті мемлекет қалыптасатынын айтты. Сол себепті, Мемлекет басшысы жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсынды.

Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді. Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады. Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың символы. Бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек, халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады. Елімізде жүргізілген реформалардың ең басты нәтижесі – азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы», деді Президент.

Екінші мәселе ретінде Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру міндеті аталды.  Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Оған жедел түрде қол жеткізу үшін жаңа көзқарас, жаңа ұстаным қажет.

Мемлекет басшысы елімізде көлік, тұрмыстық техникалар, жүк вагондарын, құрылыс материалдарын және басқа да сапалы өнімдер шығаратын заманауи зауыттар ашылып жатқанын, тек 2023-2025 жылдардың ішінде 540 индустриялық жоба жүзеге асырылғанын атады. Іске қосылған жобалардың арқасында қазірдің өзінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қалған жобалар жүзеге асқан соң тағы 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.  Мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауға
баса мән беруде. Осы мақсатқа қомақты қаржы бөлініп жатыр», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Жетістікті еселеу — басты бағыт

Мемлекет басшысы сонымен қатар елімізде түбегейлі жаңа Құрылыс және Су кодекстері қабылданғанын, өткен жылы елімізде 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынғанын айтты. Бұл да – тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш. Ең басты нәтиже – мыңдаған отбасы баспаналы болды. Қалаларды абаттандырумен қатар, ауылдардың жағдайын жақсартуға басымдық берілуде. Мемлекет ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бұрын-соңды болмаған ауқымда қолдау көрсетіп жатыр. Өткен жылы агроөнеркәсіп саласына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге қаржы тартылды. Осылайша, шаруалар алғаш рет жылына 5 пайыздық мөлшермен ұзақмерзімді қаражат алу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай қадам ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуға ықпал еткені сөзсіз.  Отандық дәрі-дәрмек нарығының көлемі 1 триллион теңгеден асты. Кейінгі үш жылда бұл салаға тартылған шетелдік инвестиция көлемі үш еседен астам ұлғайды.  Алайда, бұған мәз болып отыра беруге болмайды, алдымызда тұрған міндет аз емес, қойылған мақсаттарға міндетті түрде жетуіміз керек, деді Президент.

Үшінші міндет ретінде еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту айтылды.  Экономиканың жаңа үлгісіне көшу үшін алдымен энергетикалық, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды толыққанды дамыту қажет. Келесі жылы алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталады.

«Елімізде неғұрлым құрылыс көп болса, Қазақстан да соғұрлым өркендей береді.  Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек», деді Президент.

Төртінші — толыққанды цифрлық мемлекет құру міндеті тұр. Жаңа Конституция азаматтардың киберкеңістіктегі дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Президент атаған бесінші мәселе – адам капиталын дамыту.  Нағыз әділеттілік – әрбір азаматқа тең мүмкіндік беретін тиімді әрі мұқият ойластырылған жүйе құру деген сөз.  Ең бастысы, барлығы заң алдында тең болуға тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты. Қазақстан  арнайы конституциялық нормаға сүйене отырып, табиғи байлықты азаматтардың бастапқы капиталы ретінде бекітті. Қазақстан – осындай бірегей бастаманы іске асырған аймақтағы алғашқы мемлекет. «Ұлт-тық қор – балаларға» бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Білім мен отандық медицинаны дамыту да – зор міндеттердің бірі. Бұл бағытта да ауқымды істер атқарылуда.

Шақырылым депутаттары белсенді болды

Президент Парламенттің сегізінші шақырылым депутаттары белсенді әрекет танытқанын атап өтті.

Үкіметке 2 мыңнан астам сауал жолдады. Сондай-ақ 31 Үкімет сағатын және 9 Парламент тыңдауын өткізді. Қос палатаның комитеттері белсенді әрі жемісті жұмыс істеді. Бір палаталы Құрылтай жүйесіне көшкен соң заң шығарушы органның комитеттері де мемлекет саясатының басым бағыттарын негізге ала отырып құрылғаны жөн. Осы жылдар ішінде депутаттық корпус азаматтармен ашық әрі тиімді байланыс жүйесін қалыптастырды.

«Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоғамда жаңа этиканы қалыптастыруға арқау болды. Депутаттар осы жалпыұлттық бастамалардың мән-маңызын халыққа түсіндіруге және іске асыруға белсене атсалысты.  Парламенттің қажырлы қызметінің арқасында «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекет саясатында түбегейлі орнығып, ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айнала бастады.  Сонымен қатар Парламент депутаттары Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға елеулі үлес қосты. Сол арқылы еліміздің жауапты әрі ықпалды «орта держава» ретіндегі рөлі күшейе түсті.

Жаңа Конституция — тарихи оқиға

Президент  Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға деп атады.

«Тұғырына қонған Ата Заңымыз аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістер кезеңіне жол ашады. Осыған орай, мен бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоямын. Соған сәйкес партиялар арасындағы бәсеке де жандана түседі. Біз жасампаз ел ретінде осы саяси науқанды да жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс. Қазақстан халқы – қоғамда жасалып жатқан түбегейлі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Азаматтарымыз елдің ертеңіне бейжай қарамай, шешуші сәтте таңдау жасауға қабілетті екенін айқын көрсетіп келеді.  Бұл – жауапкершілігі жоғары, бірлігі бекем, рухы және мәдениеті биік ұлттарға ғана тән қасиет.  Сайлауға қатысу – елдік істен шет қалмау деген сөз. Осы ретте жұртымыз алдағы саяси науқанға белсене атсалысады деп сенемін», деді Мемлекет басшысы.

Президент  Құрылтай – жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы болады деп атады. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі, халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап бағалайды.

«Жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер уақыты. Депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді деп ойлаймын.   Қазақстан Халық Кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті азаматтар болуы керек деп санаймын» деді Президент.

Қ.Тоқаев түптеп келгенде баршамыздың мұратымыз – бір екенін атап өтті. «Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін! Осы жолда аянбай еңбек ету – әр азаматтың перзенттік парызы. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! Қазақ елі мәңгі жасасын!» деді Мемлекет басшысы.

Әзірлеген —

Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.