Қызметтік иттер – сенімді серік

Шіл 2, 2026

Аймағымызда қоғамдық тыныштықты, тұрғындардың қауіпсіздігін күзетуде полицейлермен  төрт аяқты сақшылардың еңбегі ерен. Қызметтік иттер жыл басынан бері 100-ден астам қылмыстың бетін ашып, қылмыскерлерді құрықтауға көмектескен. Бұл ретте төрт аяқты сақшылар есірткімен күрес және жоғалған адамдарды іздеу жұмыстарына тартылған.

Бүгінде кинология орталығында 16 қызметтік ит бар. Олар есірткіні іздеуге, жарылғыш затты анықтауға, жоғалған адамды іздеп табуға, ғимаратты қорғауға қауқарлы. Әр ит өзіне тиесілі бағытта жұмыс істейді.

Облыстық полиция департаменті кинология қызметі  орталығының кинологы Дамир Бейсенбаевтың айтуынша, төрт аяқты көмекшілерді жұмысқа баулуда кинологтардың еңбегі орасан. Жедел-іздестіру шарасы кезінде әрбір кинологтың қызметтік иті кез келген бұйрықты орындауға дайын болуы тиіс. Бұл ретте мамандардың еңбекқорлығы, шеберлігі  мен шыдамдылығын ерекше атап өту қажет. Себебі иттердің қызметтегі жетістігі оны баптаған иесіне тікелей байланысты. Кинологтардың пікірінше, бір жануарды бірнеше міндетке қатар бейімдеу оның тиімділігіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан олардың әрқайсысына нақты мамандану бағыты белгіленеді.

— Жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 100-ден астам қылмыс ашылды. Оның ішінде 40 қылмыс есірткімен күрес ісіне тиесілі. Жұмыс тиімділігін арттыру және қызметкерлердің кәсіби өсуі үшін облыстық полицияның кинология қызметі тұрақты түрде тәжірибелік сабақтар мен одорологиялық сәйкестендіру бойынша іріктеу ұйымдастырады.  Мұндай іс-шаралар иттердің де, тәлімгерлердің де дағдыларын шыңдауға көмектеседі, — дейді Д.Бейсенбаев.

Қызметтік иттер Алматыдағы кинология орталығынан әкелінеді. Бір ит 8-10 жылға дейін жұмыс істейді.  Бұл уақыт өткеннен кейін иттің есту, көру қабілетін ескеріп, тағы бір жыл қызметте қалдыруымыз мүмкін. Ал қызметтен босатылған иттерді көп жағдайда иелері алып кетеді. Басқа адамдарға берілмейді. Кинология қызметіндегі иттердің көпшілігі — неміс және бельгиялық овчаркалар, лабрадор тұқымы да бар. Бельгиялық овчарка Буран қызмет барысында жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

— Буран — ең белсенді жануардың бірі. Ол жедел-іздестіру шараларына жиі қатысып, түрлі есірткі заттарын табуға көмектесіп келеді. Ал неміс овчаркалары негізінен іздестіру жұмыстарына тартылады. Олардың көмегі жоғалып кеткен адамдарды, оның ішінде балаларды іздеу кезінде аса маңызды. Баланың киімі немесе жеке затынан алынған иіс арқылы үйретілген жануарлар оның жүрген бағытын анықтап, іздеу шараларының нәтижелілігін арттырады, — дейді Д.Бейсенбаев.

Қызметтік иттерге құрғақ тамақ бөлінеді. Күніне екі мәрте, таңертең және кешке тамақтанады. Тапсырманы мұқият орындаған кезде иелері шұжық беріп, көңілдерін көтеріп қояды екен. Сондай-ақ, арнайы ойыншық беріп те қуантады.

Кинологтардың қызметі итке таңғы ас беруден басталады. Одан кейін түрлі жаттығу орындайды. Оларға иісті ажыратып, оны шатастырмаудың жолы үйретіледі. Иттерді бейімдеуде ойын әдістерін пайдалану тиімді. Команданы неғұрлым көп орындаса, соғұрлым әр нәрсеге тез машықтанады. Тәжірибелі иттер иісті ешқашан шатастырмайды. Мысалы, қылмыс орын алған жерде күдіктінің қолғабы, ұялы телефоны сынды бір заты қалып қоюы мүмкін. Күдікті өзіне тиесілі затты мойындамайтыны ақиқат. Осы сәтте иісшіл иттер көмекке келеді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.