Жеңіл табыс көзі мақсатқа жеткізе ме?

Шіл 2, 2026

Жақында Мемлекет басшысы мынадай мәселе қозғады. «Көзге көрсетіп байлық шашуды және оңай ақша культін дәріптеуге жол беруге болмайды. Мұндай үрдіс жас ұрпақты дұрыс жолдан адастырып, олардың дүниетанымы мен өмірлік құндылықтарын бұрмалайды. Жастар медиа кеңістікте адал еңбек пен таза табыстың, жоғары мәдениеттің нақты үлгілерін көруі керек. Ал даңғаза ысырапшылдық пен мәнсіз бос өмірді емес» деді. Бұл — бүгінгі қоғамның бет-бейнесіне айналып бара жатқан әлеуметтік желідегі өмір тәжірибесі жоқ психологтар мен кәсібі жоқ бизнес тренерлеріне тосқауыл керек дегенді меңзейді. Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі бұл шынымен өзекті проблема десе, енді бір тобы бүгінгі заманның талабы мен талғамы деп санайды. Тақырыпты «Алаңның» талқысына салып көрдік.

 

Еламан ҚАБДЫЛӘШІМ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

— Мемлекет басшысы: «Жастар медиа кеңістікте адал еңбек пен таза табыстың, жоғары мәдениеттің нақты үлгілерін көруі керек» деп атап өтті. Бұл – бүгінгі қоғам үшін өте маңызды ұстаным. Сондықтан әлеуметтік желіде оңай ақша табуға шақыратын, жеңіл табысты насихаттайтын, ешқандай дәлелі жоқ курстар мен тренингтерді жарнамалайтын блогерлерге, коучтар мен тренерлерге тосқауыл керек.  Өйткені, көп жастар жеңіл жолмен баюды көздеп, білім алу мен еңбек етуді екінші жолға ысырып тастады. Бұл жас ұрпақты пұшпаққа шығаратын жол емес. Ал керісінше, біліммен, кәсібімен, еңбегімен жетістікке жеткен адамдардың тәжірибесі кеңінен насихатталса, жастардың да құндылықтары дұрыс қалыптасады. Президент сондай-ақ зерделі ұлт қалыптастыру идеясын үнемі көтеріп, кітап оқуды, білім алуды және үздіксіз дамуды дәріптеп келеді. Бұл бастамалардың барлығы жастарды салмақтылыққа, сыни ойлауға, жауапкершілікке, адал еңбек пен адал табысқа бағыттайды. Сондықтан медиа кеңістіктегі контент те осы құндылықтарды қолдап, қоғамға пайдалы әрі тәрбиелік мәні жоғары болуы қажет.

 

Бақытхан РЫСБЕК, блогер:

—  Әлеуметтік желіні толықтай пайдасыз деп айтуға келмейді. Жастардың бір бөлігі осы желінің арқасында кәсіп игеріп, жұмыс істеп, табыс тауып жүр. Мен білетін көптеген блогерлердің жастарға тигізіп жатқан пайдасы зор. Олар ақыл-кеңес беріп қана қоймай, өздерінің нақты тәжірибелерімен бөлісіп, адамдарға жаңа мүмкіндіктер ашуға, білім алуға және өзін-өзі дамытуға ықпал етіп келеді.

Дегенмен, блогерлерге қойылатын талаптарды күшейту қажет деп ойлаймын. Әсіресе белгілі бір салада кеңес беретін немесе адамдардың денсаулығы, психологиясы, қаржысы, құқықтық мәселелері сияқты маңызды бағыттарда ақпарат тарататын блогерлердің тиісті білімі немесе арнайы сертификаты болғаны дұрыс. Бұл жалған ақпараттың таралуын азайтып, қоғамның сенімін арттыруға және аудиторияның сапалы, сенімді ақпарат алуына мүмкіндік береді. Себебі әлеуметтік желіде айтылған әрбір сөз мыңдаған, тіпті миллиондаған адамның көзқарасы мен шешіміне әсер етуі мүмкін.

 

Гауһар КАМАШЕВА,
Павлодар қаласының тұрғыны:

— Бұл тақырып бала өсіріп отырған ата-аналар үшін де өте маңызды әрі өзекті болып отыр. Қазір балалардың барлығының қолында бір-бір ұялы телефон бар. Өкінішке қарай, оған тосқауыл қоя алмаймыз, заман талабы солай, қатарынан қалмай үйренсін дейміз. Бірақ,  олар кімді тыңдап, не көріп жүр деген сұрақ бәрін мазалайды. Қазір кәмелеттік жасқа толмаған балалардың тілінде сөйлеп, өз аудиториясын жинап алған блогерлер өте көп. Жақында мектеп оқитын бір балам: «Павлодарға бір блогерлер келіп, біз сияқты кішкентай достарымен кездеседі екен, мен де барғым келеді» дейді. Атын айтқан еді, есіме түспей тұр. Естіген сәтте шошып кеттім. Сонда ол блогер кішкентай балалармен қандай мақсатпен кездеспекші, не айтып, не көрсетпекші? Басы ашық сұрақ. Сондықтан, мұндай үлкен аудиториясы бар блогерлер мен психологтарға, бизнес тренерлерге бақылауды күшейтіп, нақты талап қою керек. Блогерлік қызметті реттейтін заң барын білеміз. Бірақ, ол қаншалықты орындалуда? Міне, мәселе осында  болып тұр.

 

«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.