Суға кету неге азаймай тұр?

Шіл 2, 2026

Биыл шомылу маусымы басталғалы облыс бойынша 6 адам суға кетіп, қайтыс болды. Мұндай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін аймағымызда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайы кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдай-ларды жою басқармасының бастығы Тілекжан Галямовтың айтуынша, бүгінгі таңда аймақ бойынша су маңындағы жаппай демалыс үшін 45 орын белгіленген. Олардың ішінде 29 коммуналдық және 16 жеке жағажай бар. Түрлі себептерге байланысты осы жылы 11 демалыс орны өз жұмысын тоқтатқан. Тұрғындар тарапынан келіп түскен өтініштер негізінде 36 жағажай тексерілген.

– Шомылу маусымы басталғалы 200-ден астам рейд жүргізілді. Соның нәтижесінде 100-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлескен рейдтік іс-шаралар барысында Павлодар қаласында шағын көлемді кемені алкогольдік мас күйінде басқарудың 2 фактісі анықталып, ҚР Қылмыстық Кодексінің 358-бабы 1 бөлігі бойынша 2 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бүгінгі таңда халық арасында ақпараттық-профилактикалық жұмыстар белсенді түрде жалғасуда. Мәселен, тұрғындарға 14 мыңнан астам жадынама мен ақпараттық материалдар таратылды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 1000-нан астам жарияланым орналастырылып, 700-ден астам профилактикалық бейнеролик дайындалды, – деді Тілекжан Назарұлы. Сондай-ақ, ол бұл бағыттағы жұмыстар әлі де үздіксіз жалғаса беретінін атап өтті. Оның айтуынша, құтқарушылардың ширақ жұмысының арқасында ағымдағы жылдың басынан бері су айдындарында өміріне қауіп төнген 19 адам құтқарылған. Өкінішке қарай, шомылу маусымы басталғалы өңірімізде 4 ересек адам мен
2 кәмелет жасына толмаған бала суға кетіп, ажал құшқан. Марқұм болған жандардың 5-еуі рұқсат етілмеген орындарда шомылғаны анықталды. Сондықтан төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері азаматтарды тек арнайы рұқсат белгісі қойылған су айдындарына ғана баруға шақырады. Мұндай орындарда кәсіби қоғамдық құтқарушылар жұмыс істейді. Осы жылы тұрғындардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 84 қоғамдық құтқарушы арнайы оқытылған. Бастысы, мамандар жеткілікті, деді басқарма басшысы. Сонымен қатар, ол кәмелет жасына толмаған балаларды үлкендердің қарауынсыз өзен-көлге шомылуға жіберуге мүлдем болмайтынын қатаң ескертті. Егер осындай оқиға орын алса, жеткіншектердің ата-анасы заң алдында жауапқа тартылатынын айта кеткен жөн.

Нұржайна ШОДЫР.