«Таза Қазақстан» акциясы аясында өңіріміздің жастары бас қосты. Олар облысымыздағы Баянауыл ауданындағы туристер көп шоғырланатын нысандар мен тарихи орындарды қоқыстан тазартты. Сондай-ақ белсенділер тарихи нысандардағы қалдырылған бұзақылардың жазу-сызу граффитилері мен түрлі жазбаларын өшіріп, бастапқы келбетін қалпына келтірді.
Екі күнге созылған тазалық акциясына Политехникалық колледж студенттері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшелері, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты. Олардың тазалық жұмыстарын жүргізуіне Баянауыл ұлттық табиғи паркінің инспекторлары да көмектескен. Олар қауіпсіздік шараларын сақтау және сирек өсетін өсімдіктерді қорғау мақсатында өз жұмыстарын атқарған.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының туризм бөлімінің бас маманы Еламан Өмірбек экологиялық іс-шараның жай-жапсарымен бөлісті.
— «Таза Қазақстан» акциясы аясында Баянауыл ауданының туристік орындарын абаттандыру жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл экологиялық сенбілікке 100-ге жуық адам қатысуда. Біз қатысушыларды үшке бөлдік. Әр 20 қатысушыға бір жетекші тағайындалған. Олар Кемпіртас, Қоңыр әулие, Торайғыр көлі және Жасыбай демалыс аймағының орталығына дейінгі аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізді. Белсенділерді арнайы қоқыс жинауға қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етті. Мұндай экологиялық шаралар әр жыл сайын жалғасын табады, — деді ол.
Айта кету керек, мұндай экологиялық акциялар жыл сайын өткізіледі. Іс-шараға қатысушы ұйымдар өз беттерінше де тазалық жұмыстарын жүргізуден қалыс қалмауда. Солардың бірі – «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымы. Аталмыш ұйымның филиалының кеңесшісі Жанақ Заятов рухтастардың белсенділігі жайлы айта кетті.
— «Жастар рухы» жастарының атынан 30-ға жуық қатысушы бүгінгі акцияны қолдап келді. «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағындағы вандалдардың жазып кеткен жазбаларын өшірумен айналысу басты мақсатымыз болып табылады. Бұдан өзге әр апта сайын вандалдар бүлдіріп кеткен қалаішілік нысандарды бастапқы қалпына келтірумен айналысамыз. Бұл — қала тазалығы мен тұрғындар жайлылығы үшін жасалатын негізгі шаралардың бірі. Мұндай іс-шаралардың мемлекеттік нысандар мен қоғамдық орындарды таза ұстауды насихаттау жолында идеологиялық маңызы да жоғары деп санаймын, — деді ол.
Ауқымды экологиялық сенбілік «Заң мен Тәртіп» идеологемасы негізіне де бағытталған. Дәлірек айтқанда, қоғамдық тәртіпті сақтау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау және тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
— Заң мен тәртіп амбассадоры ретінде осындай ауқымды экологиялық акцияға қатысудамын. Таза Қазақстан тек қоршаған ортаны ластамаумен шектелмейді. Ол азаматтардың қоршаған ортаға деген экологиялық мәдениетін қалыптастыру болып табылады, — дейді Павлодар мұнай-химия зауытының лаборанты Жәмиля Бүланбаева.
Баянауыл туристік аймақ болғандықтан елімізден ғана емес, шет елдік туристер келіп, табиғаттың әсем көрінісін тамашалап, қасиетті орындардан дертіне дауа іздеп келіп жатады. Мұндай сәтте адам баласы Табиғат-Ананың алдындағы жауапкершілігін естерінен шығарып жатады. Алайда, жердің қасиеті мен киесі тазалықпен бірге жоғалады дейді Баянауыл ұлттық-табиғи паркінің экскурсия жөніндегі нұсқаушысы, өлкетанушы Алтынбек Құрманов.
— Тазалық деген ең бірінші ішкі жан дүниеде болу керек деп ойлаймын. Себебі, жан дүниесі таза адам қоғамда да тазалық мәдениетін көрсетеді. «Қоңыр әулие» үңгіріне адамдар осы бір ішкі тазалықты көздеп келеді. Кіреберіске үш тілде тазалық туралы тақтайша орнатып қойғанбыз. Бұдан өзге, келушілерге сөзімнің арасында қасиетті жерді ластамау керегін еске саламын. Алайда, күніне екі-үш қап қоқыс жиналатыны жасырын емес. Жан-дарына ем іздеп келмесе де, киелі орынның құтын қашырмаса екен деймін, — дейді ол.
Мұндай шаралар қоршаған ортаны сақтауға ғана емес, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға және туған жерге деген жанашырлықты нығайтуға ықпал етеді. «Таза Баян — Таза жүрек» деп аталып келген экологиялық акция өз жалғасын таба берсін.
Сара ӘБДОЛ.
Баянауыл ауданы.
