Алқапты қорғау – басты міндет

Шіл 9, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Павлодар облысының аумағында орман алқаптары баршылық. Өрт қаупі күшейе түсетін жазғы кезеңде осы жасыл желекті қорғау – сала мамандарының басты міндеті. Қызыл жалын адамдардың қауіпсіздігіне, экология мен өңір экономикасына қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан алдын алу шараларын мықтап қолға алған жөн. Қызметкерлер бұл міндетті қалай орындауда? Орманшылықтардағы техникалар жеткілікті ме?

Осы және өзге де мәселелерді облыс әкімі Асайын Байханов сүзгіден өткізді. Аймақ басшысы орман шаруашылығы мекемелеріне арнайы барып, жай-күйімен танысып, нақты тапсырмаларды жүктеді.

Алдымен Асайын Қуандықұлы Новоямышево ауылындағы Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемеге барды. Мұнда 108 адам тұрақты жұмыс істейді, ал өрт қаупі жоғары кезеңде маусымдық жұмыстарға қосымша 28 қызметкер тартылады. Мекеме 53 мың гектардан астам орман қоры аумағына қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету деңгейі 94 пайызды құрайды. Мекеме теңгерімінде 14 автокөлік, 4 қайық, 6 автоцистерна, 18 трактор, 15 шағын орман өрт сөндіру кешені, 33 мотоцикл және басқа да техникалар бар.

Бұл ретте орман өртінің қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Жыл басынан бері мекеме аумағында 16 орман өрті тіркелген. Осыған байланысты Асайын Байханов орман алқаптарына тәулік бойы мониторинг жүргізуді, тұрғындар арасында алдын алу жұмыстарын күшейтуді, техниканың әрдайым дайын болуын қамтамасыз етуді, өрт ошақтарына дер кезінде әрекет етуге кедергі болатын кез келген тәуекелдің алдын алуды тапсырды.

— Әрбір табиғи өрт — адамдардың қауіпсіздігіне, экологияға және өңір экономикасына төнетін қауіп. Барлық күш пен құралдар толық дайындықта болуы тиіс, ал әрекет ету барынша жедел болуы қажет, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Одан кейін облыс әкімі Шақа ауылындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бесқарағай филиалында болды. Филиал 134 мың гектардан астам орман қоры аумағын қадағалайды. Жазғы кезеңде мемлекеттік инспекторлармен қатар, орман алқаптарын патрульдеу, өрттің алдын алу және сөндіру, жасыл желекті қалпына келтіру жұмыстарына жүздеген маусымдық жұмысшы тартылады. Асайын Байханов орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайтуды, төтенше жағдайлар туындаған кезде барлық қызметтердің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуді және өрт қауіпсіздігі мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі Аққулы ауданының Ямышев ауылында болып, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта ауылдағы 316 үй шаруашылығы немесе 1100-ден астам тұрғын толығымен орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Алайда су құбыры желілерінің жартысына жуығының тозу деңгейі жоғары, сондықтан елді мекеннің одан әрі даму әлеуетін ескере отырып, оларды кезең-кезеңімен жаңғырту қажет. Жоспарға сәйкес су станциясының жабдықтары жаңартылып, сорғылар мен резервуарлар ауыстырылады, олардың қуаты мен сыйымдылығы ұлғайтылып, тазалау және өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

— Сапалы ауызсу — әр адамның негізгі қажеттілігі. Біздің міндет — тұрғындарды сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұзақ жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін сенімді жүйе қалыптастыру, — деді А.Байханов.

Сонымен қатар облыс әкімі Железин ауданындағы Үрлітүп, Тереңкөл ауданындағы Максим Горький орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне барып қайтты. Мемлекеттік орман қорының 46,5 мың гектар аумағын Үрлітүп мекемесі, ал 27,6 мың гектар аумағын Максим Горький мекемесі қадағалайды. Екі мекеменің қарамағында 11 өрт сөндіру автокөлігі, 33 трактор, 22 патрульдік автокөлік, 20 шағын орман өртін сөндіру кешені, 5 жүзу құралы және өзге де арнайы техникалар бар. Биыл екі мекеменің аумағында 7 орман өрті тіркелді. Мамандардың айтуынша, өрттердің басым бөлігі адами фактордың салдарынан орын алуда. Сонымен қатар, жауын-шашынның ұзақ уақыт болмауы да өрт қаупін одан әрі күшейтіп отыр.

Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы минералдандырылған жолақтар жаңартылып, жылжымалы өрт сөндіру бекеттері жұмыс істеуде. Өртке қарсы ескерту тақтайшалары орнатылып, ақпараттық материалдар таратылып, тұрғындар арасында орман өрттерінің алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Асайын Байханов аптап ыстық пен құрғақ ауа райы жағдайында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін барлық күш пен құралды барынша жұмылдыру қажеттігін атап өтті.

— Бүгінгі басты міндет — орман қорын сенімді қорғауды қамтамасыз ету. Ол үшін тәулік бойы мониторинг жүргізіп, техниканы толық дайындықта ұстау, кез келген өрт ошағына жедел әрекет ету және тұрғындар арасында алдын алу жұмыстарын күшейту керек. Ормандарымыздың сақталуы барлық қызметтердің үйлесімді әрі тиімді өзара іс-қимылына тікелей байланысты, – деді А.Байханов.

Аймақ басшысы жұмыс сапарларын қорытындылай келе, орман алқаптарын тәулік бойы бақылауды қамтамасыз етуді, орман шаруашылығы мекемелерінің төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын күшейтуді, тұрғындар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.