Күні кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді. Вице-премьер сапар барысында Екібастұз бен Павлодар қалаларындағы кәсіпорындарда жүргізіліп жатқан жұмыстардың, инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты.
Тозу деңгейі төмендеді
Алдымен Нұрлыбек Мәшбекұлы Екібастұз шаһарындағы «Богатырь-Көмір» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен танысты. Соңғы жылдары кәсіпорында өндірісті жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жаңа техникалар сатып алынып, цифрлық басқару жүйелері енгізілуде. Бұл көмір өндіру көлемін арттырумен қатар, өндіріс тиімділігін жетілдіріп, экологиялық әсерді төмендетуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, мұнда цифрландыру бағытында ауқымды жобалар қолға алынған. Мәселен, Black Maker бұрғылау-жару жұмыстарын жобалауға арналған бағдарламалы-техникалық кешен, диспетчерлік басқарудың автоматтандырылған жүйесі, қызметкерлердің міндетті медициналық тексерілуін автоматтандыру, карьерлі өзіаударғыш жүргізушісінің қырағылығын бақылау жүйесін және қауіпті оқиғаларды есепке алу және тәуекелдерді азайту бағытындағы жобалар жүзеге асырылған. Сондай-ақ, жасанды интеллект элементімен жоспарланған ТТК NES жүйесін енгізу және жүк ағымдарын оңтайландыру жүйесі мен өндірісті жоспарлау, модельдеу жүйесі енгізілген.
Кейін Нұрлыбек Нәлібаев аталмыш шаһардағы жылу-электр станциясындағы жобалардың жүзеге асу барысын бағамдады. Кәсіпорынның бас директоры Айдарбек Қыстаубаевтың айтуынша, станциядағы жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Қазіргі таңда мұнда 620 адам еңбек етеді. Орталықтың жылу өндіру қуаты – 750Гкал/сағат. Қуаты – 12МВт.
– Соңғы 3 жылда кәсіпорынды жаңғыртуға 26,7 миллиард теңге инвестиция бағытталған. Оның ішінде 2024 жылы – 8,9 млрд теңге, 2025 жылы – 6,4 млрд теңге, ал 2026 жылы 11,4 млрд теңгені игеру жоспарланған. Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының нәтижесінде негізгі жабдықтардың тозу деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Егер 2022 жылы бұл көрсеткіш 54 пайызды құраса, осы жылы оны 45 пайызға дейін төмендету көзделген. Биылғы жөндеу науқаны аясында бірнеше қазандық пен турбинаны күрделі және ағымдағы жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, қазандық-турбиналық цехтың бас корпусын қайта қалпына келтіру жобасы қолға алынған. Жоба өткен жылдың 1 тамызында басталып, 2026 жылдың 9 тамызында аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазірде аталмыш жұмыстардың 67,7 пайызы орындалды. Одан бөлек, №3 түтін мұржасына күрделі жөндеу жалғасуда. Жобаның орындалу деңгейі – 27,3 пайыз. Аяқталу мерзімі осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін, – деді А.Қыстаубаев.
Нысанның жұмысымен танысқан Нұрлыбек Нәлібаев өндірісті жаңғырту мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Кейін еліміздегі ірі теміржол машина жасау холдингінің жұмысы таныстырылды. Мұнда жылына 300 мың тұтас таптамалы дөңгелек, 20 мың теміржол осі мен дөңгелек жұбы, 2 342 темірбетон шпалы мен білеу, 1,1 миллион рельсті бекітпе, 160 мыңнан астам ұста-бандаж және 3 мыңнан аса жүк вагоны, 300 жолаушылар көлігі мен 6 мың жөнделетін дөңгелек жұбы өндіріледі.
Одан соң Премьер-министрдің бірінші орынбасары шаһарда жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалардың бірі – «Mineral product international» ферроқорытпа өндіру зауытының құрылыс барысын көрді. Кәсіпорын директоры Дин Кимнің айтуынша, аталмыш жобаны әзірлеу 2022 жылдың 1 тоқсаны мен 2024 жылдың 2 тоқсанында жүргізілген. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда. Ал жобаны 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.
– Құрылыс жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Жоба өңірдің өнер-кәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, құрылыс қауіпсіздікті қамтамасыз ететін озық технологияларға негізделген. Зауыт іске қосылғаннан кейін өндіріс барысы тұрақты әрі өнім сапасы жоғары болуы үшін технологиялық шешімдер қолданылады, – деді Д.Ким.
Екібастұз қаласындағы жұмыс сапары ГРЭС-2 станциясында түйінделді. Қазіргі уақытта Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және қайта құру инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. Соның негізінде 2030 жылға дейін әрқайсысының қуаты 550 МВт болатын 2 энергиялық блокты орнату жоспарланған. Бұл жоба толығымен іске асса, станция қуаты 2 есе, қосымша 1 100 МВт-қа артады.
Н.Нәлібаев кәсіпорындарда атқарылып жатқан ауқымды жобалардың тиімділігі мен маңыздылығына тоқталып, аталмыш жұмыстарға оң бағасын берді.
Құрылыс жұмыстары қарқынды
Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмыс сапары келесі күні Павлодар қаласында жалғасын тапты. Алдымен шаһардағы жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары туралы баяндама жасалды. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта квартал ішіндегі жылу желілерін қайта жаңарту бойынша 2 жоба жүзеге асырылуда.
– Алғашқы жоба Назарбаев – Ломов – Жаяу Мұса көшелері аумағын қамтиды. Бұл жоба аясында жалпы ұзындығы5,9 шақырым болатын желілер жаңартылып, 159 көпқабатты тұрғын үй қамтылады. Аталған желілердің тозу деңгейі – 98 пайыз. Екінші жоба Усолка шағын ауданында іске асырылуда. Мұнда ұзындығы 4,8 шақырым инженерлік желі қайта жаңғыртылып, 78 тұрғын үй қосылады. Бұл аумақтағы желілердің де тозу деңгейі 98 пайызды құрайды. Бірінші жоба осы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарланса, келесі жобаны 2027 жылы аяқтау көзделген, – деді қала әкімі.
Ал «Қазақстан алюминийі» АҚ мен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ өндірісті жаңғырту және өнім көлемін ұлғайту бағытындағы жобаларды жүзеге асыруда. Кәсіпорындарда өндірістік қуатты арттырумен қатар, цифрландыру мен экологиялық жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, саңылаулы анодтар өндірісі жолға қойылып, технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі жаңартылған. Сонымен қатар, алюминий қожын қайта өңдеу жобасы іске қосылып, күйдіру пештері мен газ тазалау жабдықтары жаңғыртылды.
Алдағы жылдары өндірістік қуатты кеңейту үшін қосымша 16 электролизер орнату, алюминий мен оның қорытпаларын терең өңдеу өндірісін дамыту және заманауи технологияларды енгізу жоспарланған. 2030 жылға дейінгі экологиялық стратегия аясында шаң-газ тазарту жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылып, өндірістің қоршаған ортаға әсерін төмендету көзделіп отыр.
Жоба жемісін беруде
Содан кейін Павлодар қаласындағы «Достық» шағын ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы таныстырылды. Шаһар басшысы Хасар Айтбекұлының баяндамасына сүйенсек, 2017 жылы іргесі қаланған шағын ауданда бүгінге дейін 18 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, 1 200 орынға арналған мектеп пен 80 орынға арналған шағын орталық салынған. Қазіргі уақытта 11 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, 1 200 орынға арналған мектеп, 240 орынға арналған 2 балабақша, мұз айдыны, 1 500 орындық 2 концерт залы бар көпфункционалды конгресс-холл, спорт кешені және шағын ауданның айналасына трамвай желісін салу жоспарланған. Оның жалпы ұзындығы 4,9 шақырымды құрайды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қарасты Павлодар мұнай-газ зауытында да өндірісті жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту бағытындағы бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылуда.
Кәсіпорынның бас директоры Маждай Ахметовтің сөзінше, 2022-2026 жылдары орталықта жоспардан тыс тоқтап қалу уақыты айтарлықтай қысқарған. Егер 2022 жылы бұл көрсеткіш 187 сағатты құраса, биылғы алғашқы 6 айда небәрі 5,45 сағатқа дейін төмендеген. Сенімділікті арттыру үшін зауытта предиктивті аналитика, дірілді онлайн бақылау, жабдықтардың тәуекелін бағалау және статикалық жабдықтарды цифрлық мониторингтеу жүйелері өз кезеңімен енгізіліп жатыр. Қазірде зауытта жалпы құны 240 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында ДОГТ қондырғысын жаңғырту, сутегі өндіретін жаңа қондырғы салу, зауытты жаңа алаңға көшіру, мұнайды терең өңдеу кешенін жаңарту және басқа да өндірістік жобалар бар. Аталмыш жобалардың орташа орындалу деңгейі 47 пайызды құрайды. Жаңғырту нәтижесінде 2032 жылға қарай мұнай өңдеу көлемін 9 млн тоннаға жеткізу, өңдеу тереңдігін 99 пайыздан жоғары деңгейге көтеру көзделген.
Облыста республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жол саласы бойынша ұсынылған жоспарға сәйкес, өңірдегі республикалық жолдар желісінің жалпы ұзындығы 1 663 шақырымды құрайды.
Жыл басынан бері 172,3 шақырым жолда жөндеу аяқталды. Оның ішінде 21 шақырымына күрделі, 151,3 шақырымына орташа жөндеу жүргізілген. Қазірде тағы 129,5 шақырым автожолда жұмыс жалғасып жатыр. Оның 24 шақырымы күрделі, 105,5 шақырымы орташа жөндеу санатына жатады. Сонымен қатар, облыстағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы жалғасуда. Нысан Қызылорда – Павлодар – Успен – Ресей Федерациясының шекарасы республикалық автожолының 1381 шақырымында салынып жатыр. Жоба бойынша свайларды орнату, ростверктер мен тіректердің құрылысы толық аяқталған. Іске қосу кешенінің барлық 4 блогы дайын. Көпірдің негізгі аралық құрылымдарын монтаждау жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні 139 секцияның 94-і орнатылған. Кіреберіс жолдардағы жер жұмыстарының 78 пайызы орнатылған. Жобаға 290-нан астам жұмысшы мен 86 техника жұмылдырылған.
Жылыту маусымына дайын ба?
Жұмыс сапарынан соң Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыстық әкімдікте өзге өңір басшыларының онлайн қатысуымен алқалы жиын өтті. Жиын барысында кәсіпорындар мен нысандардың жылыту маусымына дайындығы мен энергетика саласы кеңінен қозғалды. Салаға жауапты басшылар мен мамандар атқарылған жұмыстар бойынша баяндамалар жасап, алдағы жоспар-лармен бөлісті.
Облыс әкімі Асайын Байханов та аймақтың алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы баяндады. Аймақ басшысы өз сөзінде өңірде мемлекет қолдауының арқасында соңғы 3 жылда жылу құбырларының тозу дең-гейі 82 пайыздан 72,2 пайызға төмендегенін атап өтті. Сондай-ақ, биыл облыста жылу және электр желілерін тарату бойынша 16 жоба іске асырылған. Ал жалпы құны 21,7 миллиард теңгені құрайды. Жұмыстар келесі жылыту маусымына дейін толық аяқталады.
– Алдағы жылыту маусымына дайындық барысында негізгі 41 жабдық жөндеуден өтуде. Бүгінде 10 жабдық жөнделіп, 15-інде жұмыстар жалғасуда. Ал қалған 16 жабдық жоспарға сәйкес қайта қалпына келтіріледі. Сонымен қатар, жылыту маусымын сенімді өтуі үшін негізгі және қосалқы жабдықтарға, сорғы станцияларына, жылу құбырларына жөндеу жүргізілуде. Электр желілерінде 2 093 шақырым желіні және 790 жабдықты жөндеу көзделген. Қазірде 1 010 шақырымы және 350 жабдығы жөндеуден өтті. Сондай-ақ, биыл жалпы 48,9 шақырымға жуық электр желілері жөнделді, – деді А.Байханов.
Жиын соңында Нұрлыбек Мәшбекұлы бүгінде елімізде аталмыш салалар бойынша бірнеше ауқымды жобаның жүзеге асырылып жатқанын алға тартты. Дегенмен, сол жобалар аясында артта қалып жатқан өңірлерге сын-ескертпелерін де айтты. Сондай-ақ, сала мамандарына бірнеше бағыт бойынша тапсырма беріп, барлық кемшілікті 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.
Айдана БОРАНБАЕВА
Екібастұз, Павлодар қалалары.
