Күнтізбелік жоспар белгіленді

Шіл 9, 2026

Осы жылдың 23 тамызында жаңадан күшіне енген Конституция аясында Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді. Бұл – еліміз үшін маңызды саяси науқан. Бұған дейін болған қос палаталы Парламенттің орнына енді Құрылтай іске кіріседі.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бұл сайлаудың мәні өзгеше екенін атап өтті. Сондықтан саяси науқанның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы да маңызды.

— Бұл — Орталық сайлау комиссиясы мен барлық сайлау комиссиялары үшін үлкен жауап-кершілік. Біздің міндетіміз – сайлауды заң талаптарына қатаң сәйкестікте, ашық, жария әрі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізіп, сайлау процесіне қатысушылардың барлығына тең жағдай жасау, — деді Н.Әбдіров. Бүгінде Құрылтай депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары дайын. Соған сәйкес, 2 шілдеден 13 шілдеге дейін партиялар кандидаттардың аты-жөні енгізілген өз тізімдерін ұсына алады. Ал 11 шілдеге дейін аумақтық сайлау комиссияларының құрамдары, олардың орналасқан жерлері жариялануы тиіс. Сол сияқты 16 шілдеге дейін учаскелік сайлау комиссияларының құрамы, шекаралары мен орналасқан жер-
лері жариялануы шарт. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін 23 шілде күнгі сағат 18.01-ден
22 тамыздағы 00.00-ге дейінгі уақыт белгіленді. 22 тамыз – тыныштық күні. Жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімдерін учаскелік сайлау комиссияларына 2 тамызға дейін ұсынады. Ал дауыс берушілер 7 тамыздан бастап өздерін сайлаушылар тізімінен тексере алады. Сонымен қатар, есептен шығару куәліктерін беру 7 тамызда басталып, 22 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша сайлаушылар тізіліміне тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 12 561 644 азамат енгізілген. Сайлауды өткізу үшін 10 427 сайлау учаскесі, оның ішінде 64 мемлекеттегі 82 шетелдік сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады.

Құрылтай бірыңғай жалпы-ұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды сайлау жүйесі негізінде сайланатын 145 депутаттан тұрады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл. Саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітін қаржыландыру тек сайлау қорлары арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, саяси партиялардың сайлау қорларының шекті мөлшері ұлғайтылды.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов партиялық тізімдерді ұсыну тәртібі ашықтық пен партияішілік демократия қағидаттарына негізделгенін атап өтті.

— «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң барлық саяси партияларға сайлауға қатысу үшін тең мүмкіндіктер береді. Заң талаптарына сәйкес келетін әрбір саяси партия өз партиялық тізімін ұсынуға құқылы. Бұл ретте ұсыну мен тіркеу рәсімі нақты регламенттелген: партияның жоғары органы шешім қабылдаған сәттен бастап құжаттарды Орталық сайлау комиссиясының тексеруіне дейінгі барлық кезеңдер заңмен айқындалған. Мұндай тәсіл сайлау рәсімдерінің ашықтығын және заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді, – деді Шавхат Өтемісов.

Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу үшін Орталық сайлау комиссиясы электоралдық оқытудың көпдеңгейлі жүйесін іске қосады. Оқыту аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесін қамтиды. Олар дауыс беруді жаңа Конституция мен жаңартылған сайлау заңнамасына сәйкес ұйымдастыруы тиіс.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.