Болашаққа бағдар

Шіл 9, 2026

Аққулы ауданында балалардың жазғы демалыстарын қызықты өткізу мақсатында «Жазғы хакатон: Идеядан – іске», Travel-лагері, «Тірі тарих» және «Project Bureau: Болашақ агенттігі» атты бағдарламалар өткізілуде. Бұл бағдарламалар танымдық бағытта ғана емес, бүлдіршіндердің тұлғалық қасиеттерін дамытуға арналған.

Аққулы ауданы білім бөлімінің әдіскері Әсем Оспанованың айтуынша, жаз мезгілінде іске асырылған іс-шараларға барлық білім беру ұйымдарының оқушылары қатысқан.

– Жобалармен орта есеппен 1500 оқушы қамтылды. Қатысушылар 3–7-сынып аралығындағы білім алушылар болды. Бұл бастамалар олардың шығармашылық, зияткерлік және жеке дамуына бағытталды, – дейді Ә.Оспанова.

Оқушыларға әлеуметтік экологиялық және білім беру салаларына қатысты жаңа идеяларымен бөлісіп, жоба құрастыруға мүмкіндік беретін бағдарлама «Жазғы хакатон: Идеядан – іске» деп аталады. Мұнда олар топпен жұмыс істеу, мәселені шешу, жобаны қорғау сынды дағдыларды жетілдіреді.

Travel-лагерьде оқушылар аудан аумағындағы көрікті жерлерді аралап, сол жердің тарихымен таныса алады. Ал тірі тарих бағдарламасы аясында оқушылар халқымыздың мәдени мұрасы, тарихи тұлғалары мен маңызды оқиғалар туралы деректермен танысты. Аталған кездесулер, көрмелер мен шығармашылық жұмыстар олардың тарихи санасын қалыптастыруға ықпал етті.

Осы бағдарламалардың ішінде ең маңыздысы — «Project Bureau: Болашақ агенттігі». Оқушылар нарықтағы ең қажетті мамандықтармен танысты. Өз қабілеттеріне сай келетін практикалық тапсырамаларды орындап, қай салаға жақын екендерін көрсетті.

Аққулы ауданында жүзеге асқан бұл бастамалар мектеп жанындағы лагерьлердің тек демалыс орны емес, тәрбие мен білім беретін маңызды орта екенін көрсетті. Жазғы тәжірибе оқушыларға жаңа оқу жылын тың серпінмен бастауға мүмкіндік берді.

 

С.ӘБДОЛ.

АҚҚУЛЫ АУДАНЫ