Қала күніне тарту көп

Шіл 16, 2026

Павлодар қаласының туған күні биыл да ауқымды мерекелік бағдарламамен ерекшеленбек. 10-26 шілде аралығында өтетін шаралар қаланың орталық жағалауын ғана емес, шағын аудандар мен ауылдық аймақтарды да қамтиды.

Қала тұрғындары мен қонақтарына спорттық жарыстар, мәдени-көпшілік бағдарламалар, көрмелер, фестивальдер, концерттер және алғаш рет ашық аспан астында өтетін киберспорт турнирі ұсынылады.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның айтуынша, мерекелік бағдарлама әр жастағы тұрғындардың қызығушылығын ескере отырып жасалған. Мерекелік бағдарлама балалар мен жасөспірімдер арасында өткен жағажай футболы және жағажай баскетболы чемпионаттарымен басталған.

– 2 апта бойы қалада түрлі бағыттағы шара ұйымдастырылады. Спортты ұнататындар да, мәдени демалысты қалайтындар да, балалар мен жастар да өздеріне қызықты бағдарламаларды таба алады. Біздің мақсатымыз – Павлодардың туған күнін барлық тұрғын үшін есте қаларлық мерекеге айналдыру, – деді С.Гладышева.

16 шілде күні сағат 11.00-де Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде «Павлодарлықтар – Павлодарға» атты фотокөрме ашылады. Көрмеге қала тұрғындарының өздері түсірген Павлодардың көрікті жерлері мен күнделікті тыныс-тіршілігін бейнелейтін фотосуреттер қойылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрме тұрғындардың туған қаласына деген сүйіспеншілігін көрсететін ерекше жоба болмақ.

20 шілде күні сағат 16.00-де қалалық орталық кітапханада Павлодар қаласы мен облыстың Құрметті азаматы Евгений Азаров туралы кітаптың тұсаукесері өтеді. Шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен оқырмандар қатысады деп жоспарланған.

24 шілдеде мерекелік шаралар қаланың бірнеше шағын ауданында жалғасады. Усолка және Достық шағын ауданында, бірнеше мектеп аумағында «Color Fest» фестивалі, концерттік бағдарламалар, спорттық сайыстар мен балаларға арналған ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылады. Бұл күні барлық отбасы мүшесіне арналған түрлі мәдени-демалыс бағдарламасы ұсынылады.

Ал 25 шілдеде сағат 10.00-де орталық жағалауда дәстүрлі ашық қалалық шахмат турнирі басталады. Турнирге кәсіби шахматшылармен қатар әуесқой ойыншылар да қатыса алады. Кешкі уақытта павлодарлықтар мен қала қонақтарын орталық жағалауда өтетін ауқымды мерекелік концерт күтеді. Онда өнер көрсететін жұлдыздардың есімдері әзірге жарияланған жоқ. Өйткені, олармен келіссөздер әлі де жалғасып жатыр. Дегенмен, ұйымдастырушылар концерт бағдарламасы әртүрлі жастағы көрерменнің көңілінен шығатынына сенімді.

26 шілдеде мерекелік шаралар дәстүрлі «Qala Fest» жартылай марафонымен жалғасады. Таңғы сағат 06.00-де басталатын жарыс орталық жағалаудан жолға шығып, қала көшелерімен өтеді. Оған Павлодар тұрғындарымен қатар еліміздің өзге өңірлерінен келетін спортшылардың қатысуы
күтілуде.

Биылғы мерекенің басты ерекшеліктерінің бірі – «Counter-Strike 2» ойыны бойынша республикалық киберспорт турнирі. 26 шілде күні сағат 16.00-де орталық жағалаудың басты сахнасында турнирдің финалдық кездесулері мен үздік командалардың шоу-матчы өтеді. Павлодар ашық аспан астындағы басты сахнада осындай нұсқадағы киберспорт жарысын өткізетін Қазақстандағы облыстық маңызға ие алғашқы қала атанбақ. Турнирге қатысуға еліміздің барлық өңірінен командалар 20 шілдеге дейін өтінім бере алады. Іріктеу кезеңінен кейін үздік 8 команда финалда бақ сынайды.

Шаһардың туған күніне арналған мерекелік бағдарламаны ұйымдастыруға қалалық бюджеттен шамамен 12 миллион теңге бөлінген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – павлодарлықтар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қаланың мәдени және спорттық әлеуетін кеңінен таныстыру.

Айдана БОРАНБАЕВА.