Технология мен ғылымның дамыған тұсында қай сала болсын адам өмірін барынша жеңілдетуге мүмкіндік жасауда. Әсіресе медицина қызметкерлері үшін цифрлық технологиялардың маңызы зор. Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының мұндай мүмкіндіктерді пайдаланып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қазірде онда 109 жедел жәрдем көлігінің 70-ке жуық бригадасы қызмет атқарады. Бұдан өзге жеделдік пен сапаны арттыратын жаңа қосымшалар да бар.
Бүгінде дәрігердің көмегін қажет еткен азаматтар өтінішті «pvl-103» телеграм-бот арқылы да жібере алады. Соның нәтижесінде шұғыл қоңыраулардан бөлек кеңес алғысы келетін пациенттерге де осы бот арқылы көмек көрсетіледі. Аталған байланыс желісінің қолданысқа не себепті енгені жайлы облыстық жедел жәрдем станциясының бас инженері Серік Ишманев айтып берді.
— Covid-19 вирусы күшейген кезеңде 103 байланыс желісіне келген қоңыраулар базаға ауыр жүктеме түсірді. Қоңырау шалған тұрғындардың көбі шұғыл көмекке емес, кеңес алу мақсатында хабар-ласты. Жедел жәрдем қызмет-керлеріне осы кезеңде қосымша байланыс желісін қолдану керек болды. Сондықтан қызметкерлердің сұранысымен «Komek» бағдарла-масы арқылы «pvl-103» телеграм-боты іске қосылды. Ботта дайын пәрмендердің көмегімен пациенттер керек қызметке жедел өтінім бере алады, — деді ол.
Аталған ботта пациенттің мекенжайы, аты-жөні сондай-ақ, мазалап тұрған сұрақтарын енгізу қажет болады. Әрі қарай өтінімдер станциядағы led экранға шығады. Одан кейін кезекші мамандар тиісті шараларды қолдануға кіріседі. Дәрігерлердің сөзінше, дәл мұндай қызметтер есту және сөйлеу қабілеті төмен жандарға қолдануға ыңғайлылық туғызады.
Статистика бойынша, бастапқы кезеңге қарағанда қазір бот арқылы жедел жәрдем көмегіне жүгінетіндер саны артқан. «pvl-103» телеграм-боты арқылы бір күнде 7-8 өтінім келіп түсетін көрінеді. Мамандар қолданушылардың басым бөлігі жастар екенін атап өтті.
Сондай-ақ, жедел жәрдем қызметкерлерінде жүрек қағысын тексеруге арналған телеметрия бар. Ол құрылғы арқылы науқастың жағдайы тікелей аға дәрігердің онлайн бақылауында болады. Соның нәтижесінде соңғы 15 жылда жүрек қағысына қатысты аурулардың алдын алуда бірде-бір қате дерек тіркелмеген, дейді Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.
— Науқастың ЭКГ өлшемін қашық-тықтан алу үшін жедел медициналық жәрдем бригада-ларында телеметрия құралы қолданылады. Яғни, жүрек аурулары мазалаған пациенттер бір мезетте аға дәрігерлерің бақылауында бола алады. Мұнда ЭКГ аппараты арнайы сигнал таратқышқа жалғанған. Қыстырғыштардың көме-гімен науқастың жүрек қағысы смартфоннан көрінеді. Ал ондағы толқындар станциядағы дәрігер-лердің компьютеріне шығады. Телеметрия арқылы өлшеудің көмегімен бірнеше жыл қатарынан көптеген жүрек ауруларын дәл әрі нақты анықтап келеміз, — дейді дәрігер.
Бұдан өзге станцияда дәрілер қорына да ерекше көңіл бөлінген. Арнайы штрих-кодтар арқылы препараттар базада сақталады. Бұл ақпарат көбінесе дәрі-дәрмектің жарамдылық мерзімін бақылауда ұстауға, ысырапшылдықтың алдын алуға көмектеседі.
Цифрландыру көмегімен қызметкерлердің қауіпсіздігі мен пациенттердің жағдайын онлайн бақылау үшін жедел жәрдем көлік-терінде арнайы GPS орнатылған. Нәтижесінде шақырылым кезіндегі көліктің жылдамдығы, жалпы жағдайы орталықтың бақылауында болады.
Ал қызметкерлердің құқығын қорғау мақсатында әр бригадаға бір бейнежетон құрылғысы таратылған. Онда аудио, видео жазбалар сақ-
талады. Жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың сөзінше, аталған құрылғының көмегімен бүгінге дейін 3 жағдай сотқа жөнелтілген. Олар қызмет-керлерді келемеждеу, балағаттау фактілері бойынша кінәлі болған. Алайда бұл медициналық деректер болғандықтан, видеожетон түсірген ақпарат медицина қызметкерлеріне ғана қолжетімді болады.
Аталған станция инновациялық жобалармен жұмыс істеуді әлі де жетілдіріле түспек. Алдағы уақытта жедел жәрдем қызметінің тағы екі пунктін ашу жоспарланған.
Сара ӘБДОЛ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.
