Павлодар облысында бүгінде 1630 шағын көлемді кеме есепке алынған. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің рейдтік іс-шаралары барысында тіркелмеген шағын кемелер де анықталуда. Шомылу маусымы басталғалы бері судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 253 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұл туралы Павлодар облысы Төтенше жағдайлар Департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тілекжан Ғалямов мәлімдеді.
– Шомылу маусымы басталғалы бері Төтенше жағдайлар Департаменті полиция және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді. Негізгі мақсат – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу. Бүгінгі күнге дейін 1641 рейд өткізілді. Оның қорытындысы бойынша 253 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі шомылу кезінде және шағын көлемді кемелерді пайдалану барысында қауіпсіздік талаптарын сақтамауға байланысты анықталды, – деді ол.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелердің қозғалысын бақылау құзыреті Көлік министрлігінен Төтенше жағдайлар министрлігіне берілген. Осыған байланысты Ертіс өзенінің су айдынында тұрақты рейдтік бақылау ұйымдастырылып отыр.
– Қазіргі таңда шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзған 8 азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлерімен бірлескен түнгі рейдтер барысында шағын кемені мас күйінде басқарған 3 жүргізуші анықталды. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 358-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясында 50 тәулікке дейін қамауға алу, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза көзделген, – деді Тілекжан Ғалямов.
Рейд нәтижелері көрсеткендей, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі шағын көлемді кемелерді пайдалану кезіндегі қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеуден орын алады. Атап айтқанда, жолаушылардың құтқару кеудешесін кимеуі, кеменің борттық нөмірінің талапқа сай орналастырылмауы немесе кемеге рұқсат етілген мөлшерден көп адамның мінуі жиі кездеседі.
Мамандардың айтуынша, борттық нөмірлер кеменің алдыңғы бір жақ жанында анық көрінетіндей етіп орналастырылуы тиіс.
Сондай-ақ шағын көлемді кемені пайдалану кезінде оның сыйымдлығын қатаң сақтау қажет. Артық жүктеме түскен жағдайда кеменің аударылып кету қаупі артады. Биылғы шомылу маусымы басталғалы осындай 3 оқиға тіркелген.
Бұдан бөлек, жүргізушілердің шағын көлемді кемені басқару құқығын растайтын құжатының, кеме билетінің болуы және құтқару кеудешесін пайдалануы қатаң бақылауға алынған.
Айта кетейік, шомылушыларға қатысты рейдтік іс-шаралар шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады. Ал шағын көлемді кемелердің қозғалысына бақылау Ертіс өзенінде мұз қата бастағанға дейін жүргізілмек.
Сара ӘБДОЛ.
