Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…

Там 6, 2026

Абай – қазақ халқының ғана емес, күллі адамзаттың рухани әлемінен ойып орын алған кемеңгер тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері, ағартушылық идеялары мен тағылымға толы өсиеттері ғасырлар өтсе де, өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ұлы ойшылдың мұрасы бүгінгі қоғамды білімге, еңбекке, әділдікке және адамгершілікке үндеп келеді. Ертіс-Баян өңірінде де Абай есімі айрықша құрметке ие. Ақынның рухани мұрасы еңселі ескерткіштерде, білім ордаларында, елді мекендер мен көшелердің атауларында, әдеби-мәдени жобалар мен қоғамдық бастамаларда өз жалғасын тауып отыр. Бұл – ұлы ақынға деген тағзым ғана емес, оның асыл мұрасын кейінгі ұрпаққа аманаттаудың жарқын көрінісі. Осы мақалада аймақта Абай Құнанбайұлының есімін ұлықтау бағытында жүзеге асырылып жатқан игі істерге тоқталып, өңірдің рухани өміріндегі ақын мұрасының алар орнына шолу жасаймыз.

Ұлы ақынға тағзым

Облыс орталығындағы Академик Сәтбаев және Қайырбаев көшелерінің қиылысында, облыстық әкімдіктің дәл алдында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші бой көтерген. 2020 жылы орнатылған монумент бүгінде Павлодардың сәулеттік келбетін айшықтап тұрған көрнекті нысандардың бірі әрі тұрғындар мен қала қонақтары тағзым ететін рухани мекенге айналды.

Ескерткіштің жобасы Қазақ-стандағы монументалды өнер туындыларын орнату жөніндегі республикалық комиссияның қарауына ұсынылып, байқау қорытындысы бойынша Қазақстан  Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Асқар Нартовтың шығармасы үздік деп танылған. Автор Абайдың кесек тұлғасын, терең ойлы келбетін және халқына деген шексіз сүйіспеншілігін шебер бейнелей алған.

Ескерткіш қоладан құйылып, гранит тұғырға орнатылған. Жалпы биіктігі – 10,25 метр. Оның ішінде мүсіннің биіктігі – 5,25 метр, ал тұғырының биіктігі – 5 метр. Биік тұғырдағы ақын бейнесі оның қазақ руханиятындағы айрықша орнын айқындай түседі.

Бүгінде ескерткіш маңында Абай күніне арналған әдеби-мәдени шаралар, поэзиялық кештер, гүл қою рәсімдері өткізіліп келеді. Сондай-ақ, бұл орын жастардың ұлы ойшылдың шығармашылығымен танысып, оның мұрасын дәріптейтін маңызды мәдени кеңістіктердің біріне айналған.

Одан бөлек, Павлодар қала-сындағы Жаяу Мұса көшесі 7-үйдің қабырғасында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының алып портреті салынған. Граффитиді Tigrohaud Crew шығармашылық тобының суретшілері Әли
Закир мен Ержан Танай ақынның 175 жылдық мерейтойына арнаған болатын.

Кемел келешекке жол ашқан

Павлодар өңірінде Абай Құнанбайұлының есімі берілген білім ордалары – ұлы ақынның рухани мұрасын дәріптеп, жас ұрпақты білім мен парасатқа тәрбиелеп келе жатқан қасиетті қарашаңырақтар. Солардың ішіндегі іргелісі – Павлодар қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназия.

Бұл мектептің тарихы өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарынан бастау алады. Ал 1940 жылдың 14 сәуірінде мектепке қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Содан бері гимназия өңірдегі қазақ тіліндегі білім беру ісінің көшбасшыларының бірі ретінде танылып, ұлттық руханият пен сапалы білімнің алтын діңгегіне айналды.

Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасы мыңдаған шәкіртті
қанаттандырып, елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткер-лерін, ғалымдарды, ұстаздарды, дәрігерлерді, мәдениет және өнер саласының өкілдерін тәрбиелеп шығарды. Бүгінде гимназия тек жоғары білім сапасымен емес, әлемдік деңгейде танылған дарынды түлектерімен де мақтанады.

Абай мұрасын ұлықтау ісі облыстың өзге өңірлерінде де жалғасын тапқан. Ақсу қаласындағы Абай атындағы гимназия, сондай-ақ Екібастұз қаласындағы, Аққулы, Шарбақты, Ақтоғай, Успен, Ертіс және Железин аудандарында ақын есімі берілген мектептер табысты жұмыс істеп келеді. Бұл білім ордалары өңірдегі Абай мектептері желісіне біріктіріліп, өзара тәжірибе алмасу, ғылыми-танымдық жобалар, әдеби байқаулар, тағылымдық кездесулер мен түрлі мәдени іс-шараларды тұрақты ұйымдастырады.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыста Абай Құнанбайұлының есімі берілген 9 білім беру ұйымы бар. Бұл мектептер ұлы ойшылдың ағартушылық идеясын жалғастырып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды, ғылымға құштарлықты және адамгершілік қасиеттерді сіңіруге зор үлес қосып келеді.

Абай есімі – аймақ картасында

Ұлы ақын Абай Құнан-байұлының есімі Павлодар өңірінің қоғамдық кеңістігінде де кеңінен ұлықталған. Бүгінде облыс аумағында «Абай» атауын иеленген 2 елді мекен бар. Оның бірі – Железин ауданындағы Абай ауылы болса, екіншісі – Май ауданындағы Абай ауылы.

Ақынның есімі елді мекендермен ғана шектелмейді. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында, сондай-ақ облыстың көптеген аудан орталығында Абай атындағы көшелер бар.

Абай атындағы көшелерде білім беру, мәдениет және әлеуметтік нысандар орналасып, ақын мұрасын насихаттайтын түрлі әдеби-мәдени іс-шара ұйымдастырылып келеді. Осылайша, Абай есімі өңір тұрғындарының күнделікті өмірімен біте қайнасып, кейінгі ұрпақты білімге, еңбекке, адамгершілік пен елжандылыққа тәрбиелеудің маңызды құралына айналып отыр.

Рухани мұра – жас ұрпаққа

Облыста ақынның шығармашылық мұрасын насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өңірде жыл сайын Абай оқулары, көркемсөз оқу байқаулары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, әдеби кештер мен танымдық кездесулер ұйымдастырылып, жастардың ақын шығармашылығына деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Ертіс-Баян өңірінің оқушылары республикалық «Абай оқулары» байқауына тұрақты қатысып, «Абайдың қара сөздері», ақын өлеңдері мен поэмаларын мәнерлеп оқу, шығармашылық зерттеу бағыттары бойынша жүлделі орындарды иеленіп келеді. Бұл – өңірдегі білім беру ұйымдарында Абай мұрасын терең меңгертуге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Ақын шығармаларын насихаттауда Павлодар қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназия оқушылары да белсенділік танытып жүр. Солардың бірі – гимназияның 8-сынып оқушысы Аделя Сансызбай. Ол Абайдың бірнеше өлеңін жатқа айтып, түрлі әдеби-мәдени іс-шараларға тұрақты түрде қатысып келеді.

– Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқыған сайын жаңа ой түйемін. Ақынның шығармалары адамды білімге, еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиелейді. «Абай оқуларына» қатысу арқылы ақын мұрасын тереңірек танып, сахнада еркін сөйлеуді үйрендім. Ұлы ақынның шығармаларын жатқа оқу – мен үшін зор мақтаныш, – дейді Аделя.

Осындай тағылымды бастамалар арқылы жас ұрпақ ұлы ойшылдың шығармашылығымен терең танысып, оның білімге, еңбекке, адамгершілікке үндейтін өсиеттерін өмірлік бағдар ретінде қабылдауда.

 

Түйін:

Абай – уақытпен өлшенбейтін ұлы тұлға. Оның есімі Павлодар өңірінде ескерткіш болып асқақ-
тап, білім ордаларына ұран болып, көше мен ауыл атауларында жаңғырып, ұрпақ санасында өмір сүріп келеді. Ертіс-Баян жұрты ұлы ойшылдың мұрасын қастерлеуді өткенге тағзым ғана емес, келешекке аманат деп біледі. Өйткені, Абайдың сөзі – ұлттың шамшырағы, ал оның рухы – елдің мәңгілік темірқазығы.

Әзірлеген — Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.