Абайдан жеткен мұра

Там 6, 2026

Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты сирек құжаттар мен фотосуреттер сақталған. Бұл жәдігерлер ақынның өмір жолы мен рухани мұрасын танытатын маңызды тарихи деректердің қатарын толықтырып отыр.

Музейдің бөлім басшысы Гүлжайнат Әлиеваның айтуынша, қордағы Абайға қатысты материалдардың көпшілігі өткен ғасырдың басында зерттеу қоғамының жұмысы барысында жинақталған.

– 1920 жылы Орынборда Қазақ өлкесін зерттеу қоғамы құрылды. Кейін бұл ұйым Қазақстанда зерттеу қоғамы болып қайта құрылды. Сол кезеңдегі өлкетанушылар мен тарихшылар еліміздегі әр өңірдің тарихи, мәдени және әдеби мұраларын жинақтап, музей қорларын қалыптастырды. Олардың қатарында осы Абайға қатысты фотосуреттер мен құжаттар да болды, – дейді бөлім басшысы.

Бүгінде музей қорынан Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған 1940 жыл-
дары жарық көрген өлеңдері, 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған, Кәкітай Ысқақұлы құрастырған ақынның тұңғыш өмірбаянының алғашқы беті, сондай-ақ Біржан салдың Абайға арнаған өлеңінің түпнұсқасын тамашалауға болады. Сондай-ақ, Семей қаласындағы Абай тұрған үйдің, өзі білім алған Ахмет Риза медресесінің, Ақшоқыдағы қонысының, Жидебайдағы ақын зиратының және 1945 жылы ашылған Абайдың мемлекеттік әдеби-мемориалдық музейінің тарихи фотосуреттері де бар. Одан бөлек, Абайдың балалары Ақылбай, Тұрағұл, Әбдірахманға қатысты сирек фотоматериалдар да көрме экспозициясына енгізілген.

Ал музей қорындағы құнды жәдігерлердің бірі – Абай Құнанбайұлының өз қолымен жазған қолжазбасының көшірмесі. Көрме барысында келушілер ұлы ақынның төл қолтаңбасымен жазылған бұл тарихи құжатты да тамашалай алады.

Айта кетейік, Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде Абайдың 1909 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында басылып шыққан ең алғашқы жинағының бір данасы сақталған. Сирек кездесетін басылымды Ертіс ауданындағы ардагер ұстаз Нұрболат Әбутәліпов музейге сыйға тартқан. Ол бұл кітапты атасынан алып, сақтап келген.

 Айдана БОРАНБАЕВА.