200 теңгемен өткенге саяхат

Там 6, 2026

Павлодар қаласының Астана көшесі – аймақтың мәдени-рухани өмірінің маңызды орталықтарының бірі. Бұл көшеде облыстың өткені мен бүгінінен сыр шертетін бірнеше мұражай орналасқан. Солардың ішінде ерекше саналатын нысан – ашық аспан астындағы музей. Мұнда келген әрбір адам небәрі 200 теңгеге уақыт көшіне ілесіп, 200 жылды артқа тастап, Павлодардың тыныс-тіршілігімен және қаланың қалыптасу тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады.

Ашық аспан астындағы музей қорында облыс орталығының тарихына қатысты 100-ден астам құнды жәдігер жинақталған. Экспозиция қаланың алғашқы даму кезеңдерін, тұрғындардың күнделікті тұрмысын, қолөнер мен сауда-саттықтың өркендеуін және өндірістің қалыптасуын жан-жақты таныстырады. Мұнда қойылған әрбір бұйым өткен дәуірдің үнсіз куәсіндей әсер қалдырады.

Экскурсия Павлодар тарихының бастауына айналған тұз өндіру кәсібінен басталады. Келушілер тұзды Усолка шағын ауданына дейін жеткізу үшін пайдаланылған көне құралдарды көріп, өңірдің алғашқы шаруашылық тіршілігі туралы тың мәліметтер алады. Мамандардың айтуынша, дәл осы кәсіптің дамуы кейін қаланың өркендеуіне негіз болған. Сонымен қатар, музейде 1838 жылы салынған Флора мен Лаврдың ағаш шіркеуінен сақталған түпнұсқа қоршау бөліктері қойылған. Археологиялық экспедициялар барысында табылған тас қол диірмендер де сол кезеңнің тұрмысын айшықтайтын маңызды жәдігерлердің қатарына енген.

Экспозицияның дәл ортасында орналасқан көне су айдау сорғысы да көпшіліктің назарын бірден аудартады. Бұрын қаладағы үйлердің басым бөлігі ағаштан тұрғызылғандықтан, өрт қаупі жиі туындайтын. Осындай жағдайда су айдау құрылғысы өрттің таралуына жол бермей, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге пайдаланылған.

Музей қорындағы көптеген экспонатты павлодарлықтар өздері тапсырған. Соның нәтижесінде көне қақпалар, ағаш қоршаулардың бөліктері, жұмыс істеп тұрған флюгер, адмиралтейлік зәкір және басқа да сирек кездесетін тарихи бұйымдар бүгінгі күнге дейін сақталып отыр. Бұл жәдігерлер — өңір тұрғындарының өз тарихына деген құрметінің айқын көрінісі.

Музейдің құнды жәдігерлерінің бірі – XIX ғасырдың соңында өмір сүрген белгілі көпес әрі қайырымдылық істерімен танылған Фаттах Рамазановтың қоймасы. Бұл ғимараттың қабырғаларында көпестің аты-жөнінің алғашқы әріптері мен сол заманнан сақталған өрнектер әлі күнге дейін көрінеді. Қойма ішінде сол дәуірдегі сауда-саттық пен шаруашылыққа қатысты көптеген бұйым қойылған. Келушілер май сығатын құрылғыны, астық сақтайтын орындарды, дән өңдеу құралдарын, тері илеуге арналған жабдықтарды, тоқыма станогын және ғылыми экспедицияларда пайдаланылған геологиялық төсекті тамашалай алады.

Қойманың жанында бұрынғы ағаш үйлердің сәнін келтірген оймышты терезе жақтаулары қойылған. Олар тек сәулеттік әсемдік үшін емес, терезелерді жауын-шашыннан қорғау мақсатында да қолданылған.

Музейдегі ағаш үйдің бір бөлігінде XIX ғасырдағы қарапайым отбасының тұрмысы толықтай қайта жасалған. Мұнда ағаш бесік, кереует, түрлі үтік, қыш құмыралар, иінағаш және басқа да тұрмыстық бұйымдар қойылған. Келушілер ерекше қызығушылықпен тамашалайтын жәдігерлердің бірі – «жлухта» деп аталатын ағаш құрал. Әйелдер бұл құрылғыны өзенде кір жуған кезде пайдаланып, киім-кешектің ағысқа кетіп қалмауын қамтамасыз еткен. Ал аулада сол кезеңдегі әрбір үйде болған құдық-көтергіштің үлгісі сақталған.

Экспозиция тек көне тарихпен шектелмейді. Мұнда Павлодар-дағы өндіріс орындарының бірінде пайдаланылған алғашқы компью-терлердің бірі де қойылған. Сонымен қатар, тың игеру кезеңіне арналған бөлімде алғашқы қоныс-танушылар қолданған соқалар сақталған.

Музейдегі тағы бір ерекше экспонат – «Ертіс – Қарағанды» каналының құрылысымен байла-нысты ЭШ-4/40 экскаваторының шөміші. Тарихи деректерге сәйкес, 1963 жылы дәл осы шөмішпен каналдың сорғы станциясының құрылысына қажетті алғашқы топырақ алынған.

Ал экспозициядағы көне жәдігерлер Баянауыл өңірінен табылған тас мүсіндер саналады. Мамандардың айтуынша, ежелгі адамдар мұндай мүсіндер адамды жамандықтан қорғайды әрі кең далада жол көрсетеді деп сенген. Сондықтан бұл тастар тек тарихи мұра емес, халқымыздың дүниетанымынан сыр шертетін ерекше ескерткіштердің бірі болып есептеледі.

Ашық аспан астындағы музей жазғы және күзгі маусымда келу-шілерге қызмет көрсетеді. Кіру құны балалар үшін – 100 теңге, ересектер үшін – 200 теңге. Осы қаражатпен келген әрбір адам Павлодардың бүгінгі келбеті қалыптаспай тұрған кезеңге көз жүгіртіп, 2 ғасыр бұрынғы қала өмірін, тұрғындардың тұрмысын және өңір тарихының маңызды беттерін жақыннан көруге мүмкіндік алады.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген –  Есенжол Исабек.