Құрылыс қатаң қадағаланбақ

Там 6, 2026

Аймақта заңсыз құрылыстардың алдын алу шаралары күшейтілмек. Енді мұндай нысандар толық салынып біткеннен кейін емес, құрылыс жұмыстары басталған сәттен бастап бақылауға алынады. Сонымен қатар, жаңа Құрылыс кодексінің талаптарына сәйкес салада цифрлық бақылау мен мемлекеттік қадағалау күшейтіледі. 

Бұл мәселелер облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен алқалы жиында қарастырылды. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қазбек Арантаевтың мәліметінше, осы жылдың басынан бері құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы 340 хабарлама келіп түскен. Оның 90-ы бюджет қаржысы есебінен жүзеге асырылатын нысандарға тиесілі.

Есепті кезеңде 63 жоспардан тыс тексеру ұйымдастырылып, 85 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде жалпы көлемі 36,6 миллион теңге айыппұл салынды. Заң талаптарын бұзудың негізгі түрлері – құрылыс жұмыстарын тиісті хабарлама талонынсыз бастау, жобалық құжаттама мен мемлекеттік сараптаманың болмауы және құрылыс сапасының талапқа сай келмеуі.

Соттың заңды күшіне енген шешімімен Павлодар қаласындағы Академик Бектұров көшесі, 20-үй мекенжайында заңсыз тұрғызылған жапсарлас құрылысы бұзылды. Ал Московская көшесі, 71-үй мекенжайындағы заңсыз боксқа қатысты атқарушылық іс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Екібастұз қаласындағы су құбырларын жаңғырту жобасын орындаған «SK Megaron» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс-монтаж жұмыстарына арналған лицензиясынан айырылған.

6 ай ішінде аталмыш басқарма eLicense жүйесі арқылы 152 мемлекеттік қызмет көрсетті. Проку-ратураның ұсынуы негізінде лицензиялық талаптарды бұзған 41 лицензия иесіне 5,1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, 17 лицензияның қолданылуы тоқтатылды. Бұдан бөлек, жобалау жұмыстарын жүргізетін 9 ұйым 1,1 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеп, 2 лицензиясының күші тоқтатылды. Іздестіру жұмыстарымен айналысатын
2 ұйымға 230 мың теңге айыппұл салынып, бір лицензиясының қолданылуы уақытша тоқтатылды. Осылайша, жалпы 20 лицензияның күші тоқтатылды.

Жиында 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Құрылыс кодексінің талаптарын іске асыру барысы да сөз болды. Құжатқа сәйкес E-Qurylys ақпараттық жүйесі арқылы құрылыс саласының бірыңғай цифрлық ортасы қалыптастырылады. Техникалық қадағалау құрылыс-монтаж жұмыстарына күн сайын бақылау жүргізеді. Мемлекеттік қаржыға салынатын барлық нысан міндетті түрде мемлекеттік сараптамадан өтеді. Пайдалануға беру алдында құрылыс сапасына берілетін қорытынды басқармамен келісіледі, ал мемлекеттік құрылыс инспекторлары әрбір нысанды барып тексереді.

Аймақ басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділік талаптарына сәйкес келмейтін коммерциялық нысандар мен тұрғын үй кешендерін пайдалануға және қабылдауға болмайтынын тағы бір мәрте еске салды.

– Заңсыз құрылыстың алдын алу жұмыстары нысан толық салынған кезде емес, алғашқы кезеңінен басталуы керек. Заң талаптарының сақталуына немқұрайлы қарауға болмайды. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының әкімдері заңсыз құрылыс анықталған жағдайда мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына дереу хабарлауы қажет. Құрылыс сапасы мен нысандарды уақытылы пайдалануға беру – басты міндеттердің бірі, – деді А.Байханов.

Қазіргі уақытта аталмыш басқарма қала және аудандық сәулет бөлімдерімен бірлесіп тұрақты мониторинг жүргізіп, заңсыз салынып жатқан нысандарды анықтады. Олар бойынша заңнама аясында тиісті шаралар қабылдануда.

Айдана БОРАНБАЕВА.