Болашақ дәрігерлерді оқыту мерзімін ұзарту керек пе?

Там 6, 2026

Медицина саласындағы кадр даярлау мәселесі тағы да қоғамдық талқының өзегіне айналды. Болашақ дәрігерлердің оқу мерзімін ұзартып, тәжірибелік даярлықты күшейтуге бағытталған ұсыныс қызу пікірталас тудырды. Бір тарап мұндай өзгеріс жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартады деп есептесе, енді бірі мәселенің түйіні оқу ұзақтығында емес, қолданыстағы білім беру жүйесінің сапасы мен тәжірибені ұйымдастыруда екенін алға тартады. Расында, оқу мерзімін ұзарту медициналық білімнің сапасына оң әсер ете ме әлде мәселенің шешімі мүлде басқа бағытта ма? Бұл бастама денсаулық сақтау жүйесіне қандай өзгеріс әкелуі мүмкін? Осы сауалдарды «Алаңның» талқысына салған едік.

Гүлнәр СЕЙІТҚАЗИНОВА,

«Саламатты Павлодар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Қоғам үшін маңызды әрі өзекті мәселе көтеріліп отыр. Медициналық білім беру жүйесінде тәжірибелік даярлықтың рөлі ерекше екені баршаға мәлім. Дегенмен, оқу мерзімін ұзарту тек жоғары оқу орындарына емес, студенттерге, оқытушыларға және денсаулық сақтау мекемелеріне де қосымша жауапкершілік жүктейді. Сондықтан мұндай өзгерісті қабылдамас бұрын оның тиімділігі жан-жақты зерттелуі қажет. Алдымен қаржылық мүмкіндіктері, кадрлық әлеуеті, материалдық-техникалық базасы және ұзақ мерзімді нәтижелері мұқият сарапталуы тиіс. Сондай-ақ, медицина саласы мамандарының, жоғары оқу орындары өкілдерінің, жұмыс берушілер мен қоғамның пікірін ескеру маңызды. Егер ұсыныс ғылыми негізде пысықталып, барлық мүдделі тараптың пайым-пікірлері ескерілсе, бұл бастама медициналық білім беру жүйесінің сапасын арттырып, денсаулық сақтау саласының дамуына оң ықпал етуі әбден мүмкін.

 

Зәуреш ДҮЙСЕНБАЕВА,
медицина саласының ардагері:

– Бұл ұсынысты қолдамаймын. Қазіргі суденттер медициналық оқу орындарында онсыз да ұзақ жыл білім алады. Ал оқу мерзімі ұзартылатын болса, бұл салаға ниет танытатын жастардың қатары азайып кетуі әбден мүмкін. Бұл ретте мәселе оқу мерзімінің ұзақтығында емес, алдымен білім беру сапасында болуы керек. Қазіргі медицина студенттері онсыз да бірнеше жыл бойы теориялық әрі тәжірибелік білім алады. Егер осы уақыт тиімді ұйымдастырылып, тәжірибелік сабақтар жоғары деңгейде өткізілсе, оқу мерзімін ұзартудың қажеттілігі болмайды. Бастысы – студенттердің кәсіби машығын жетілдіру, оларды заманауи медициналық құрал-жабдықтарды еркін қолдануға үйрету және тәжірибелі дәрігерлердің тәлімінен өткізу. Сонымен қатар, болашақ мамандар нақты клиникалық жағдайларда жиі тәжірибе жинақтап, пациентпен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеруі қажет. Сондықтан оқу уақытын ұзартқаннан гөрі қолданыстағы білім беру бағдарламаларын жетілдіріп, тәжірибелік оқытудың сапасын арттыру әлдеқайда тиімді шешім деп есептеймін. Сонда ғана денсаулық сақтау саласына білікті, жауапкершілігі жоғары әрі бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік туады.

 

Меруерт БАЛКЕНОВА,

Ақсу қаласының тұрғыны:

– Дәрігердің кәсіби біліктілігі – адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан болашақ медицина мамандарының тәжірибелік даярлығын күшейтуге бағытталған бұл ұсынысты толық қолдаймын. Теориялық білім қаншалықты маңызды болғанымен, оны нақты жағдайда дұрыс қолдана білу одан кем емес. Студенттер оқу барысында ауруханалардың күнделікті жұмысына белсенді араласып, тәжірибелі дәрігерлердің жетекшілігімен жұмыс істесе, олардың кәсіби дағдылары қалыптасып, жауапкершілік сезімі артады. Мұндай тәжірибе болашақ дәрігерлердің түрлі клиникалық жағдайда дұрыс шешім қабылдауына, пациент-термен тиімді қарым-қатынас орнатуына және өз мамандығына деген сенімін нығайтуына мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде еңбек жолын енді бастаған жас мамандар өз қызметіне сенімді кірісіп, тұрғындарға сапалы медици-налық көмек көрсете алады. Сондықтан бұл бастама еліміздің денсаулық

сақтау жүйесінің сапасын арттыруға, халықтың дәрігерлерге деген сенімін нығайтуға және кәсіби деңгейі жоғары мамандар даярлауға оң ықпал етеді деп ойлаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.