Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді. Сапар барысында министр Екібастұз жылу-электр орталығына, Екібастұз ГРЭС-1 кәсіпорнына барып, энергетикалық объектілердің жұмысымен танысты. Арнайы ұйымдастырылған баспасөз жиынында журналистердің сұрағына жауап беріп, Екібастұз қаласының тұрғындарымен кездесті.

Оралхан ҚОЖАНОВ

Жөндеу жұмыстары кестеге сай

Екібастұз жылу-электр орталығындағы ахуалды министрге облыс әкімінің бірінші орынбасары Хасар Хабылбеков айтып берді. Белгілі болғандай, техникалық аудит нәтижесінде Екібастұз ЖЭО акционерлерімен бірлесіп, қаланы жылумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес «ОАЭК» АҚ-ның жеке қаржысы (8,2 млрд теңге) және Үкімет резерві мен облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен (8,5 млрд теңге) барлығы 10 қазандық агрегаты (5 бу және 5 су жылыту) жөнделмек. Бүгінде магистральдік және орамішілік желілерге жүргізілген гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған 304 ақау жойылып, 62 шақырым құбыр мен 95 дана бекіту арматурасының 76-сы ауыстырылды. Сондай-ақ, Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен 5,4 шақырым жылу магистралі жаңартылып жатыр. Жалпы, Екібастұздағы апатты жағдайлардың алдын алу үшін екі жобаны іске асыру қажет. Бірінші жоба – Екібастұз ЖЭО-ға техникалық судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін магистральдық құбырдың құрылысы. Екіншісі – жаңа жылу магистралінің құрылысы. Бұл шешім қаланың төрт шағын ауданындағы жылу жүйесінің теңгерімділігін қамтамасыз етіп, 9 мыңнан астам қала тұрғынын жылумен қамтамасыз ету параметрлерін айтарлықтай жақсартады. Бес су жылыту қазандығын мемлекет балансына алып, оны жөндеу жұмыстарына Үкімет резервінен 7,4 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражат қондырғыны толығымен күрделі жөндеуден өткізуге жетеді. Нәтижесінде қысқы жылыту маусымында қазандықтар 90 пайыз қалыпты жұмыс істеуге қауқарлы болады. Сондай-ақ, Үкімет резервінен бөлінген 9 млрд теңгеге қаладағы 5,4 шақырым жылу магистралі жаңартылуда. Келесі жылы тағы 8,9 млрд теңге қаражат бөліп, жылу жүйесін жаңғырту көзделіп отыр. Ал Екібастұз ГРЭС-1 станциясында «№1 энергоблокты қалпына келтіру» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба станцияның қуатын 4 000 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Оның құны — шамамен 162 млрд теңге. Жоба — 2023 жылдың соңында аяқталады деп күтіліп отыр.

 

Тариф көтеріле ме?

Журналистер үшін ұйымдастырылған баспасөз жиынына Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен облыс әкімі Асайын Байханов қатысты. Белгілі болғандай, Екібастұз қаласында ұзындығы 422 шақырым жылу желісі бар. Оның шамамен 90 пайызы тозған. Былтыр қыстағы апаттан кейін 70 шақырымға жуық жылу желісі ауыстырылған. Жалпы, қаладағы 370 шақырым жылу желісін ауыстыру керек. Ортамерзімді жоспарға сәйкес, 3-5 жылда жоқ дегенде 50-70 шақырым жылу желісі жаңартылса, онда 5 жылда желінің тозу деңгейін азайтуға жол ашылмақ. Жыл сайын жылу желісін жаңартуға кем дегенде 5-9 млрд теңге қаражат керек. Биыл тоқсан аралығындағы жылу желілерін жаңғыртуға, гидравликалық сынақтарға облыс бюджетінен 3 млрд теңге бөлініпті. Төтенше жағдай кезінде бүлінген пәтерлердің барлығы жылу берушілердің есебінен жөнделгенін атап өткен жөн.  Асайын Байхановтың айтуынша, оларды қалпына келтірумен «Екібастұзжылуэнерго» акционері айналысқан. Кәсіпорын зардап шеккен барлық пәтерді өз есебінен жүз пайыз қалпына келтірді. Оған қала мен облыс әкімдіктерінен қаражат бөлінген жоқ. Белгілі болғандай, бүгінде жылу маусымын бастау үшін Екібастұз жылу-электр орталығының екі қазандығы толығымен дайын.

– Жылыту маусымын бастау үшін қала әкімдігінің қаулысына сәйкес, ауа райы температурасы есепке алынады. 1 қазанда бастау жоспарланып отыр. ЖЭО-дағы екі қазандық жылу маусымын бастау үшін жеткілікті. 20 қыркүйекке дейін үш қазандық агрегатында жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жылыту маусымының басына қарай 5 қазандық дайын болады. Бұл минус 30-32 градус температурада жұмыс істеу үшін жет- кілікті, – деді Асайын Байханов. Сондай-ақ, 11, 15 қазандықтарда жұмыс көлемінің 60 пайыздан астамы және екі энергетикалық қазандықта 100 пайыз аяқталған. Кварталішілік жылу желілері бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Магистральдік желілерді қайта құру жұмыс көлемінің 80-88 пайы-
зы аяқталған. Жылу желілері бойынша тиісті жұмыстарды 10 қыркүйекке дейін тапсыру жоспарланып отыр. Облыс әкімі Екібастұздағы тариф мәселесі туралы сауалға да жауап берді.

– Кеншілер шаһарындағы тарифті көтеру мәселесін облыс әкімдігі табиғи монополияларды бақылау жөніндегі өңірлік депар-таментімен бірге талқылауда. «Екібастұзжылуэнерго» жылу энергиясы тарифін 109 пайызға дейін көтеруді сұраған еді. Бірақ жергілікті билік ұсынылып жатқан мөлшерлемемен келіспейді. Тариф мәселесін алатын болсақ, бір жағынан біз тұрғындардың отбасылық бюджетіне үлкен өсімге жол бермеуіміз керек. Ал екінші жағынан «Екібастұзжылуэнерго» өзінің жылу желілеріне, сорғы станциялрына, жалақысына инвестициялау үшін қаражаты болуы қажет. Тариф бойынша шешімді биыл тамыз айында қабылдаймыз, – деді Асайын Байханов.

 

Тұрғындармен кездесу

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Екібастұз қаласының тұрғындарымен болған кездесуде өңірдегі ірі энергетикалық объектілерді жаңғырту және реконструкциялау мерзімдері, Екібастұз ЖЭО жөндеу науқанының барысы, жылыту маусымына дайындық, сондай-ақ Павлодар облысын газдандырудың қарастырылып отырған нұсқалары туралы баяндап, өзекті сұрақтарына жауап берді.

– Павлодар облысы елімізде электр энергиясын өндіру бойынша бірінші орында тұр. Республиканың барлық электр энергиясының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ете отырып, энергетиканың көшбасшысы болып табылады. Облыстың электр станцияларының белгіленген электр қуаты шамамен 8 000 МВт, қолда бар электр қуаты 7 500 МВт-тан астам. Павлодар облысында электр энергиясының ең ірі көздері ГРЭС-1, ГРЭС-2 және «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» болып табылады. Осы жылдың тамыз айының басын-
дағы жағдай бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 27,8 млрд  кВт/сағатты, облыстың ішкі тұтыну көлемі 11,3 млрд кВт/сағатты құрады. Жұмыс сапары барысында облыс
басшылығымен бірлесіп, Екібастұз жылуэлектр орталығында және ГРЭС-2-де болдық. Жөндеу жұмыстарының барысын және алдағы жылыту кезеңіне дайындықты тексердік. Екібастұздағы энергетикалық объектілердің ахуалы – басты назарымызда, – деді министр. Кездесу барысында тұрғындар жылу мен жарыққа қатысты сұрақтар қойып, сала ардагерлері өз ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Екібастұз қаласы.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.