Әуежай қайта ашылады

Там 13, 2026

Өткен жылдың сәуір айында жұмысын уақытша тоқтатқан облыс орталығындағы әуежай қыркүйек айында қайта ашылмақ. Бүгінде облыс орталығынан Астана және Алматы қалаларына билеттер сатылымға шығарылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары қолға алынған еді. Былтыр басталған іске мемлекеттік қазынадан 9 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Нәтижесінде бұл жолақтың ені 15 метрге ұзарды. Сөйтіп, халықаралық талаптарға сай келетін болды. Бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынбаған жағдайда жергілікті әуежайға тиісті сертификат берілмей, әуе кемелерін ұшыру мен қабылдау мүлде тоқтатылатын еді.

Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, бүгінде тиісті жұмыстардың 98 пайызы аяқталды. Енді асфальттің соңғы қабатын төсеу жұмыстары ғана қалды. Содан соң қабылдау комиссиясы жарық сигналды құралдарды тексереді. Жоспар бойынша, әуежайды іске қосу құжаты 25 тамызға дейін берілуі тиіс.

Ал бүгінде Павлодардан Астанаға және Алматы қаласына 1 қыркүйектен бастап жолға шығу үшін билеттер сатылымға қойылды. Бұл ретте бас қалаға жету құны субсидияланады. Яғни, билет бағасының 55 пайызын мемлекеттің өзі өтейді. Нәтижесінде елордаға апаратын бір билеттің бағасы 15 мың теңге болады.

Сонымен қатар, жергілікті билік алдағы уақытта Шымкент, Ақтау және Ақтөбе қалаларына рейс ашуды жоспарлап отыр. Халықаралық бағыттар да назардан тыс қалған жоқ. Әуежай жұмысы қайта жанданған соң Новосібір – Павлодар – Ташкент және Омбы – Павлодар – Ташкент бағыттарында да әуе кемесі қатынауы мүмкін. Бүгінде ресейлік тарап мұндай бағытты толығымен қолдап отыр. Ал өзбек елінің тарапымен келіссөздер жүргізілуде.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.