Павлодар қаласы мен ауылдық елді мекендерінің келбетін келістіріп, инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар іргелі жобалар іске асуда. Сондай-ақ, инвестициялық бастамалар да аз емес. Аймақ басшысы Асайын Байханов аталмыш жұмыстардың барысымен танысып, бірқатар тапсырмалар берді.
Спорт кешенінің ерекшелігі бар
Алдымен облыс әкімі Павлодар қаласындағы «Батыр» стадионының орнында бой көтеретін маңызды нысанның құрылыс алаңына барды. 1,4 гектар аумақта спорт кешені салынады. Мердігер ұйым «Innovation development» ЖШС директоры Берік Төлегеновтің айтуынша, 3,5 мың шаршы метр болатын нысанда екі үлкен спорт зал болады. Ғимараттың бір бөлігінде бассейн қарастырылады. Әкімшілік блок, жаттығу, күрес, үстел ойындары залдары, медициналық кабинеттер салынады. Ең бастысы, бұл кешенде инклюзивті спортқа мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге арналған жеке жаттығу залдары болады. Қазіргі таңда нысанның шұңқыры қазылып, орны әзірленуде. Қараша айына дейін нөлдік деңгейге шығуды көздеп отыр. Қара суық түспей, бетонын құйып, қыста металл конструкцияларын орнатпақ. Мер-
дігер құрылыс жұмыстары кесте-сіне сәйкес нысанды 2027 жылдың желтоқсан айында аяқтайтындарын айтты. Аймақ басшысы өңіріміз үшін маңызды жобаның құрылысын созбай, келесі оқу жылы қарсаңында қолданысқа беру қажеттігін атап өтті.
– Павлодар облысында мұндай спорт кешені болған емес. Нысанның құрылысы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асуда. Былтыр ел Президенті Астана қаласында осындай мекемеге барғанда әр облыс орталығында инклюзивті ерекше қажеттілігі бар балаларды қамтитын кешен салуды тапсырды. Сол тапсырма аясында қолға алынды. Ендігі мақсат – сапалы салу, – деді облыс әкімі А.Байханов.
Облыс әкімі «Батыр» стадионы бұзылып, орны сүрілген сәттен бастап қоғамда желдей ескен күмәнді сұрақтар туындағанын жасырмады.
– «Көпшілікте стадион орнына қандай нысан салынбақ?», «Тағы да тұрғын үй құрылысына беріле ме?», «жекеге өтіп кетті ме?» деген күмәнді сұрақтар қойыла бастады. Стадионның орнына, міне, әлеуметтік нысан салынуда. Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталық болады. Толық талапқа сай жабдықталады, керекті құралдармен қамтамасыз етіледі. Мүмкін-дігі шектеулі балаларға 100 пайыз бейімделіп салынады. Кіріп-шығуына да ыңғайлы етіп жасалады. Қалалық балалар мен жасөспірімдер ғана емес, облыстан келіп, спортпен айналысуға болады, – деді аймақ басшысы.
Аймақ басшысы билік тарапынан қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Осы ретте, қала әкімдігіне құрылыс жұмыстары кестесін қыркүйек айының ортасына дейін қайта қарастырып, «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бекітуге беруді тапсырды. Айта кету керек, бұл нысан аталмыш қор есебінен салынуда. Ғимарат құрылысына 4 млрд теңге шамасында қаржы бөлінген. Инженерлік желілер қала әкімдігі тарапынан тартылады.
Үйлердің қасбеті қапталуда
Павлодар қаласында Лермонтов көшесіндегі сүреңсіз ескі үйлерге рең келтіру мақсатында көпқабатты үйлердің қасбеттерін қаптау жұмыстары жүргізілуде. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақытжан Әлімғазиновтің мәлімдеуінше, аталмыш көшеде биыл 20 көпқабатты үйдің сырты өзгермек. Яғни, тұрғын үйлердің төрт жағы да қапталады. Бұл мақсатқа 2 млрд теңге бөлінген.
Мердігер ұйым жұмыстарды биыл жыл соңына дейін аяқтамақ. Қара суық түскенге дейін үйлердің іргетасын қорғайтын тұстағы жұмыстарды алдымен тәмамдайды. Ал металл қаптамаларды қыста 20 градус суыққа дейін орнатуға еш кедергі жоқ. Осы ретте, облыс әкімі Асайын Байханов соңғы жылдары дауылды желдің бірнеше рет орын алғанын еске салды. Сондықтан, қаптамаларды бекітуде осы жағдайларды ескеруді қатаң тапсырды. Басқарма басшысы дауылды желдің әсері ескеріліп, қасбеттік конструкцияларға арналған ұзындығы 12 сантиметрлік бекіткіштер қолданылғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, облыс әкімі үйлердің қасбеті өзгертілуіне байланысты бірінші қабаттағы бизнес нысандарымен жұмыс жүргізу қажеттігін алға тартты.
– Сыртқы келбет үйлесімділігін реттеу қажет. Яғни, бір стандартқа келтіру керек. Бизнес өкілдерін шақырып түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Облыстық мәслихат сессиясында абаттандыру бойынша жаңа ережелерді бекіттік. Сол мәслихаттың шешімімен ережеге сәйкес тәртіпке шақыру керек. Әйтпесе, әртүрлі түс қаланың көркін бұзады. Дизайн кодқа сәйкестендірген жөн. Үйдің қасбетінің және бірінші қабаттағы бизнес нысандар келбетінің қарама-қайшылығы болмауы тиіс, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы жылына кемінде 50 үйді қаптау керектігін айтты. Қасбет бюджет қаражатынан қапталуда. Алдағы жылдары қаланың басты көшелері мен кіреберістегі үйлердің көркін келтіру көзделіп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, қаланың дизайн коды мәслихат деңгейінде бекітіледі. Ол құзырлы органдар үшін ұсынымдық сипатта болады.
Импортты алмастырады
Павлодар қаласында тағы бір өндіріс орны ашылмақ. Мұнда кәсіпорындарда кеңінен қолданылатын техникалық май шығарылады. «ECOil» ЖШС директоры Даниял Жұманиязовтың айтуынша, мұнда жылына 15 мың тонна индустриялық, трансформаторлық, мотор, турбиналық, гидравликалық майлар өндіріледі. Кәсіпорын дайын базасы бар жер телімін алған. Бүгінде қажетті құрылыс жұмыстарының 50 пайызын аяқтаған. Қажетті жабдықтарын орнатуда. Кәсіпорын басшысы нысан қыркүйектің соңына дейін іске қосылып, толық өндірістік қуатына шығады. Сонда 200 адамды жұмыспен қамтиды. Осылайша, павлодарлық кәсіпорын Қазақстан нарығындағы тағы бір импорттық өнімді алмастырады. Толық болмаса да, біраз бөлігін өндіріс орындары өзімізден алу мүмкіндігіне ие болады. Мұнда шикізат ретінде ресейлік және ирандық мұнайдан алынатын базалық май қолданылады. Жобаға кәсіпорын 1,3 млрд теңге жеке қаражатын құйған. Жыл соңына дейін тағы 400 млн теңге салынады.
Облыс әкімі Асайын Байханов мұнай-химия саласындағы жобаның маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта шикізатты Павлодар мұнай өңдеу зауытынан алу мүмкіндігін қарастыруды құзырлы органға тапсырды. Нақтысы, жергілікті мұнай өңдеу зауытымен бірлесіп, базалық май алу қондырғысын орнату жолын іздестіру ұсынылмақ. Сондай-ақ, өңір басшысы аймақтың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары өкілдерін жинап, отандық өнім алуға келісімшарт жасауға шақыратынын атап өтті.
– Президент бізден, әкімдерден, бизнеске толыққанды қолдау білдіруді талап етеді. Себебі, дәл осы бизнес мемлекетті қуатты етеді. Сондықтан, біздің тарапымыздан барлық қолдау жасалады, – деді Асайын Қуандықұлы.
Бұл өндірістен бөлек, инвестор тағы екі жобасын таныстырды. Бірі – қолданылған техникалық майларды қайта өңдеу кешені. Оны кәсіпкер жыл соңына дейін іске қоспақ. Көп өндіріс орындары қолданылған майларды жоюда қиналады. Міне, осы мәселені шешуде жаңа жобаның септігі мол болмақ. Экологиялық тұрғыдан да тиімді бастама екенін аймақ басшысы да атап өтті. Оған қоса, қайта өңделген майға кәсіпорында бағалы импорттық присадка қосылып, оны техникалық май шығаруда базалық май ретінде қолданады. Сәйкесінше, сырттан әкелінетін базалық май көлемін азайту мүмкін болады. Екіншісі –
мұнай базасы. Сыйымдылығы – 14 мың текше метр. Мұнда дизель отынының сапасы жақсартылмақ. Ол үшін құны 1 млрд теңгеге жететін жабдық сатып алынбақ. Кәсіпорында жеке теміржол тұйығы да бар. Сондықтан, жанар-жағармайды уақытылы әрі ешбір жоғалтусыз мүмкіндігі бар.
«Ауыл көшесі керемет»
Павлодар ауылына аялдау кезінде тұрғындардың жиі айтқан тіркесі осы болды. Себебі, аталмыш елді мекенде биыл 30 көшенің жолы асфальтталды. Яғни, 13,5 шақырым асфальт төселген. Бұл мақсатқа 767 млн теңге жұмсалған. Арасында ешқашан тас жол болмаған көшелер бар. Павлодар ауылының әкімі Аманбек Ұнаттың айтуынша, ауылдағы 76 көшенің 52 көшесі асфальтталған. Келесі жылға 14 көшеге жобалық-сметалық құжаты әзірленген. Ауылда 6800 адам тіркелген. Бейресми дерек бойынша 8 мыңға жуық адам тұратын көрінеді. Көбі қалада тіркеуде болғанымен ауылда тұрып жатыр. Ауыл көшелері толық жарықтандырылған.
Аймақ басшысы Асайын Байханов Павлодар қаласының әкімі болған кезінде тұрғындармен тұрақты кездесулерде көшелерге тас жол төсеу басты мәселе ретінде алға тартылғанын атап өтті. Енді, міне, сол сұраныстар ретімен орындалуда. Облыс әкімі халқы өсіп келе жатқан ауылға қаржы құюдан аянып қалмау қажеттігін тілге тиек етті. Аймақ басшысы аталмыш елді мекенде келесі жылы балабақша салынатынын мәлім етті. Қала мен ауыл әкімдеріне орналастыратын жерін тұрғындармен бірлесіп анықтауды тапсырды.
– 2022 жылы тұрғындармен кездесуде балабақша салуды сұраған еді. Сол кезде «алдымен, көшелерден бастайық, жарықтандыруды, қоқыс шығаруды реттеп алайық» деген едім. Яғни, базалық мәселелерді шешіп алуды ұсындым. Мәдениет үйін салуды уәде еттік, салынды. Енді тұрғындар саны өсуде. Сондықтан, балабақша құрылысының кезегі келді, – деді Асайын Байханов.
Қазіргі жасалып жатқан жұмыс-тарға ризашылығын білдірген тұрғындар енді интернет мәселесіне көңіл бөлуді сұрады.
Ескі көпір – естеліктер мекені…
Келесі жылы ескі көпірмен жаяу серуендеп, ерке Ертістің әсемдігіне көз тігетін әдемі орын пайда болуы мүмкін. Олай дейтініміз, Ертіс өзенінен өтетін автомобиль жүретін жаңа көпір қолданысқа берілген соң ескі көпірді жаяу жүргіншілердің пайдалануына беру көзделген.
«Қазавтожол» ҰК АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Алексей Логвиненконың айтуынша, қазіргі таңда ескі көпірге техникалық тексеру жүргізілуде.
– Әсіресе, су астындағы тіреуіштерінің жағдайы зерделенуде. Суасты тіреуіштерге соңғы рет 2017 жылы техникалық байқау жасалған. Алдағы қыркүйек айының ортасында техникалық қорытындысы дайын болады. Содан кейін ары қарайғы әрекет айқындалады. Яғни, қандай жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі белгілі болады. Ескі көпірді сақтап, оны жаяу жүргіншілер аймағы ретінде абаттандыру шешімі қабылданса, жобасы жасалып, белгілі бір жұмыстар жүргізу керек болады, – дейді А.Логвиненко.
Егер ескі көпірді жаяу жүргіншілер қолданысына қалдыру шешімі қабылданса, онда мұнда серуендеу аймағы жасалады. Веложолақ та қарастырылады. Эскизде көпірге көтерілер тұста көліктер тұрағы болмақ.
Алдын ала эскиздік жобамен танысқан облыс әкімі қауіпсіздік мәселелеріне басымдық беруді ескертті. Сонымен қатар, фуд-корт орындарын да ойластыруға кеңес берді.
Құзырлы органдар 2027 жылы жаңа көпір қолданысқа берілген соң ескі көпірді қалдыру шешімі қабылданса, бірден оны түрлендіруге көшеді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.

