Ғалым Жұлдыз САҒЫНТАЕВА: Қазақша ойлау – ең үлкен жетістік

Қыр 3, 2026

Аймағымызда тілдік мәдениетті дамыту жолында тіл ғылымы саласында сүбелі зерттеулер жасап жүрген ғалымдардың бір шоғыры бар. Солардың бірі – Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Жұлдыз Сағынтаева. Ғалыммен сұхбаттасып, мемлекеттік тіл саласын-дағы ғылыми зерттеулері, қоғамдық жұмыстары тақырыбында әңгіме өрбіттік.

– Жұлдыз Қайратқызы, тіл ғылымы саласында қандай сүбелі зерттеу жүргіздіңіз?

– Ғалым және ұстаз ретіндегі ғылыми зерттеу бағытым – қазақ тілінің даму заңдылықтары мен ішкі табиғатын, оның ұлттық танымдық және мәдени әлеуетін зерделеу. Сонымен қатар, осы ғылыми негіздерді қазақ тілінде оқыту тәжірибесімен сабақтастыру. Мен ғылыми педагогикалық салада 22 жыл қызмет етіп келемін. Осы уақытта қазақ тілінің құрылымын нығайтуға, оның қолданысын кеңейтуге, тілдік тұлға қалыптастыруға, тілдің ұлттық мәдени мазмұнын дамытуға қатысты бірқатар зерттеу жүргіздім. Менің ғылыми зерттеу жұмыстарым бойынша магистрлік диссертациямның тақырыбы қазақ мектебінде тілдік тұлғаны қалыптастыру тақырыбына арналды. Ал докторлық зерттеу жұмысым оқушы-лардың қарым-қатынас тілін дамытудың педагогикалық жағдайларын зерделеуге бағытталды. Тіл туралы ғылыми ізденістер қоғамның тілдік мәдениетін дамытуға, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және жаңа цифрлық кеңістікке бейімдеуге қызмет етуі тиіс.

– Қазіргі жастардың тіл меңгеруі қандай деңгейде? Өз тілін ғана емес, өзге тілді де меңгеру маңызды-
лығын жақсы түсінген болар…

– Еліміздегі жастардың басым бөлігі қазақ тілінде білім алады. Дегенмен, олар бір тілмен ғана шектелмей, көптілділікке бейімделген. Қазақ тілінде білім ала жүріп, орыс тілін жетік меңгеріп алады. Одан кейін ағылшын тілін үйренуді де қолға алып жатады. Сонымен қатар,
қытай, түрік, неміс тілдеріне де қызығу-шылық танытатындар көп. Бір сөзбен айтқанда, жастардың тілдік капиталы қаншалықты көп болса, олардың мүмкін-шіліктері де сондай болмақ. Оған біз ешқандай кедергі жасамай, керісінше қолдау көрсетуіміз қажет.

– Жоғарыда жастардың көптілді болуына қолдау жасалу керек деді-
ңіз. Ол – заман талабы. Ал мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың бұлжымас міндеті деген қағиданы қалай сіңіру керек?

– Иә, біз қазақ мемлекетінде тұрған-дықтан, олардың қазақ тілін білуге деген құлшынысы бірініш орында болуы керек. Ана тілімізді күнделікті қарым-қатынаста, соның ішінде ғылымда, кәсіби ортада, цифрлық кеңістікте еркін әрі сауатты қолдану деңгейіне жеткізуіміз керек. Мемлекеттік тіл саясатының бағыты да осыны көздеп  отыр. Мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесін арттыра беру — ең өзекті мәселе. Бұл жерде өзге тілде білім алатын жастарға көп назар аудару керек. Кейінгі ұрпақтың қазақ тілін меңгеруіне ықпал ету үшін қазақ тілін оқу пәні емес, өмір сүру тіліне айналдыруымыз керек. Бұл — отбасынан басталып, тәрбие және білім беру мекемелеріне жалғасатын жүйелі үрдіс. Біз көбінде бар міндетті балабақша мен мектепке жүктеп қоямыз да, отбасында не істеп жүргеніне назар аудармаймыз. Бұл – бір. Одан кейін бір жүйеге түспей, өзінің ретін таппай келе жатқан тағы бір мәселе бар. Ол – құжат тілінің алашұбар болуы. Міне, осы көрініс көп жағдайда кері әсерін тигізіп келеді. Барлық ісқағаздар бір ғана мемлекеттік тілде жүргізілсе, адамдар өзінен-өзі сол тілге мұқтаж болар еді. Бұл — тек тіл мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның жанайқайы. Алаш зиялылары бұл мәселені осыдан бір ғасыр бұрын түсініп, әрекетке көшкен болатын. Бұл — ұлттың сақталып қалуына ықпал ететін ең негізгі фактор. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген екен. Бұл сөз бүгінде өзінің өзектілігін жойған жоқ. Алашшылар тіл туралы айтып ғана қойған жоқ, әліпби құрастырды, ғылым жасады, тілдің ғылыми негізін қалыптастырды, баспасөз арқылы ұлттың санасын оятты. Яғни, өздерінің нағыз ұлт жанашыры екенін нақты іспен дәлелдеді. Бұл жерде қазақша сөйлеуге мәжбүрлеу бар да, қажеттілік туғызу бар. Біз соның екінші тәсілін қолдануымыз керек. Ол үшін заманауи білім жүйесін, сапалы контент, үздік технология, пайдалы медия кеңістігін құру маңызды. Тағы бір мәселе, ана тіліміздің болашағы ол кейінгі ұрпақтың қазақша ойлана алуында. Ол үшін баланың белі бесіктен шықпай жатып тілі қазақша шыға бастауы керек. Ойы қазақша баланың тілі де қазақша болады. Ондай ұрпақ ұлтына ешқашан жаман атақ келтірмейді.

– Жоғарыда ғалым ретінде атқарған жұмыстарыңызды атап өттіңіз. Ал жалпы қоғамның бір өкілі ретінде қазақ тілінің кең қолданылуына қандай үлес қостыңыз?

– Мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келемін. Олардың қатарында аймағымыздағы ресми ісқағаздардың қазақша үлесін арттыру, көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндерінің сауаттылығын бақылау, жастар үшін әр түрлі инновациялық, креативті жобаларды жүзеге асыру сынды жұмыстарға атсалысып келемін. Біз тілі-мізді оқу орнының қабырғасында оқытып қана қоймай, одан ары дамуы үшін түрлі қоғамдық шаралар арқылы өзіміздің үлесімізді қосып келеміз. Сондай-ақ,
жастар арасында мемлекеттік тілді дәріптейтін «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы», үш тілді меңгерген жастарға арналған «Тіл шебері» облыстық конкурс-тарына қазылық еттім. Жақында ғана «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» конкурсы, «Мен қазақша сөйлеймін» байқауында қазылар алқасының мүшесі ретінде қатыстым. Аталмыш конкурстарға қатысқан қазақ жастарының да, өзге ұлт өкілдерінің де қазақ тілінде ойын еркін жеткізіп тұрғаны көңілімізді марқайтты. Бұл шаралардың барлығы — мемлекеттік тілді насихаттау, жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар.

– Сіз қазақ тілі мен әдебиеті ғылымы бойынша оқытушылар бірлестігінің төрайымы қызметін қоса атқарып келесіз. Осы  бірлес-тіктің мақсат-міндеті қандай?

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытушылар бірлестігі мұғалім-оқытушыларға әдістемелік қолдау көрсетіп келеді. Яғни, тіл мамандарының ғылыми-әдістемелік топтарын біріктіріп, тәжірибе алмасу, ғылыми ізденістерді қолдау, қазақ тілін оқытудың жаңа бағыттарын насихаттау бойынша жұмыстарды ұйымдастырамыз. Жалпы, тілдің болашағы бір мекеменің немесе тіл мамандарының ғана жұмысы емес, бүкіл қоғам болып осы бағытта жұмылып жұмыс істегенде ғана нәтижесін көреміз.

– Әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.