Мемлекеттік қызметті жаңғыртудағы маңызды бағыттардың бірі – жас мамандарға жол ашу. Бүгінде жастарға сенім арту жай ұран емес, нақты кадрлық саясатқа айналды. Негізгі мақсат – білімді әрі қабілетті жастарды мемлекеттік қызметке тарту ғана емес, олардың кәсіби шыңдалуына, тәжірибе жинауына және басқарушылық қабілетін дамытуға жағдай жасау.
Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – Президенттік жастар кадр резерві. Мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылы қолға алынған бастама мемлекеттік басқаруға жаңа буын мамандарын тартудың тиімді тетігіне айналды.
Президенттік жастар кадр резерві талай жерлесімізге мол мүмкіндік сыйлады. Мәселен, 2019, 2021 және 2023 жылдары резервке алынған 400 адамның ішінен Павлодар облысынан 16 мемлекеттік қызметші кірді. Оның 10-ы облыстың жергілікті атқарушы органдарында басшылық қызметке тағайындалды.
Бүгінде бұл бастама өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Резервке алынған мамандардың 78,4 пайызы мемлекеттік басқару жүйесінде еңбек етіп жүр. Олардың 37 пайы-здан астамы қызмет барысында бірнеше рет мансаптық өсуге қол
жеткізген.
Президенттік жастар кадр резерві алдымен меритократия қағидатына сүйенеді. Мұнда маманның білімі, кәсіби білігі, көшбасшылық қасиеті мен стратегиялық ойлау қабілеті бағаланады. Ашық әрі заманауи іріктеу жүйесі еліміздің барлық өңіріндегі жастарға өз мүмкіндігін сынауға жол ашты.
Бұл жұмыс өңірлік деңгейде де жалғасын тапты. 2024 жылы алғаш рет еліміздің барлық облысы, республикалық маңызы бар қалалары мен Астанасында Өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жүргізілді. Нәтижесінде 505 азамат резервке алынды. Кейін резерв құрамындағы тағы 46 маман есепке қосылып, жалпы саны 551 адамға жетті. Олардың 50,9 пайызы жұмысқа орналастырылды.
Өңірлік резервтердің маңызы зор. Себебі бұл – жергілікті жерлердегі талантты жастарды анықтап, олардың туған өңірінде қызмет етуіне мүмкіндік беретін жүйе. Жас маман өз білімін елордада ғана емес, облыс пен аудан
деңгейінде де іске асыра алады.
Жастарға беріліп отырған мүмкіндік мұнымен шектелмейді. Жоғары оқу орнын жақсы көрсеткішпен тәмамдаған түлектер үшін де мемлекеттік қызметке кіру жолы жеңілдетілді. GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары 845 жас маман конкурстық іріктеусіз мемлекеттік қызметке орналасты. Оның 497-сі аудандық, 348-і ауылдық деңгейдегі қызметтерге тағайындалды.
Бұл – бір жағынан, білімді жастарға кәсіби жолын бастауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға ықпал ететін маңызды қадам.
Жаңа заңнамада бұл тетікті одан әрі кеңейту көзделген. Енді жоғары үлгерім көрсеткен, ақылы негізде білім алған түлектерге де мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз орналасуға мүмкіндік беріледі. Яғни жас маманның мемлекеттік қызметке келуіне білімінің сапасы мен кәсіби әлеуеті негізгі өлшем болмақ.
Кадр саясатының тағы бір жаңа бағыты – жастарды ерте кәсіби бағдарлау. Бұл жұмыс мектеп қабырғасынан басталмақ. Оқушыларға мемлекеттік қызмет туралы түсінік беріп, оның мүмкіндіктерін таныстыру көзделген. Кейін бакалавриат пен магистратура деңгейінде мемлекеттік басқару саласына қажетті мамандарды даярлау жоспарланып отыр.
Мұның бәрі бір мақсатқа бағытталған. Ол – жастарға дайын қызмет ұсыну емес, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына жағдай жасау. Білім алу, тәжірибе жинау, өз қабілетін сынау, жауапкершілік алу және біртіндеп басқарушылық деңгейге көтерілу үшін нақты мүмкіндік қалыптастыру. Сонымен қатар, жастарға басымдық беру аға буынның тәжірибесін жоққа шығару деген сөз емес. Керісінше, тиімді мемлекеттік басқару тәжірибе мен жаңашылдықтың сабақтастығына сүйенуі керек. Аға буын институционалдық жады мен кәсіби тәжірибені сақтаса, жас мамандар жаңа көзқарас пен заманауи тәсілдер әкеледі. Осы екі буынның үйлесімі мемлекеттік қызметтің сапасын арттырады.
Бүгінгі жас маман – цифрлық дәуірде қалыптасқан, өзгеріске тез бейімделетін, жаңа технологияларды меңгерген және қоғамның сұранысын жақсы түсінетін буын. Сондықтан олардың мемлекеттік басқару жүйесіне келуі – кадр құрамын жаңарту ғана емес, жаңа идеялар мен жаңа басқару мәдениетіне жол ашу.
Мемлекет үшін ең маңызды капитал – адам. Ал сол капиталды ерте кезеңнен дамыту – ұзақмерзімді нәтижеге бастайтын жол. Жастарға сенім білдіру де осы қағидаға негізделеді. Сондықтан бүгінгі кадрлық саясаттың басты мәні – жастарды қызметке әкелу ғана емес, жаңа буынның кәсіби қалыптасуына жағдай жасау. Бұл – мемлекеттік басқарудың ертеңіне жасалған инвестиция.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
