Амандасудың жөні қалай болуы керек?

Қыр 10, 2026

Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың бұрын дәстүрде болмаған амандасу жолдарына байланысты пікірін айтқан болатын. Кейін бұл пікір қоғамда бірден қызу талқыға салынып, қазақтың дәстүрлі амандасу әдебі бұрын қандай болған деген сұрақ қайта көтерілді. Шынымен, бүгінде құшақтасып, беттен сүйіп амандасу күнделікті өмірде де кең тараған. Бірі мұны жақындық пен сыйластықтың белгісі десе, енді бірі ұлттық әдепке жат деп санайды. Ер мен әйелдің күнделікті бет сүйісіп амандасуы қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрпында болды ма? Қазақтың амандасу әдебі уақыт өте қалай өзгерді? Аталмыш сауалдарды «Алаңның» талқысына салып көрдік.

 

Рүстембек ҚАЛЫМҚҰЛОВ, Ж.Марданов атындағы өлкетанушылар қоғамының төрағасы, өлкетанушы:

— Қазақтың амандасу мәдениетіне зер салсақ, оның ар жағынан зор тәрбие мен терең танымды аңғарамыз. Біздің дәстүрде артық эмоцияға берілуден гөрі әдептілік, арақашықтықты сақтау, адамның қадірін білу басым болған. Ата-бабамыз әрбір қимыл мен ишараның өзіне мән берген. Мәселен, төс қағысу – кез келген адаммен жасала беретін қарапайым құшақтасу емес. Оның мәнін құдалықтан анық көруге болады. Екі жақ келісіп, жаңа туыстық байланыс орнаған сәтте құдалар төс қағыстырып, бір-біріне деген ақ ниетін білдірген. Бұл – «төсіміз түйісті, бір туыс болдық, арамызда кірбің қалмады» деген символдық серт. Мұнда артық қылық емес, ер-азаматқа тән мығымдық пен адалдық бар. Ал Көрісу (Амал) күні ел-жұрт бір-бірін арнайы іздеп барып, қос қолдап амандасып, амандық сұраған, өкпе-ренішті ұмытып, ақ тілегін арнаған. Ағайынның құшақтасуы да осы күні ерекше мәнге ие болған. Алайда күнделікті өмірде орынсыз құшақтасу мен шамадан тыс жақындасу қазақы әдепке жат саналатын. Үлкеннің кішіге деген мейірімі де өзінше көрініс тапқан. Ата-әжелер баласы мен немересін беттен сүймей, маңдайынан немесе шүйдесінен иіскеген. Ал жас келіннің үлкендерге басын иіп, сәлем салуы – ізет пен үлкенді сыйлаудың белгісі.

 

Ақжол ИСАБЕК, Шарбақты аудандық Қызыр мешітінің бас имамы:

— Асыл дінімізде қалыптасқан әдептердің бірі амандасу мәдениеті екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Расында амандасу – адамзат баласының бір-біріне құрмет білдіруінің, ізгі ниет пен татулықтың белгісі. Ислам діні адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен бауырмалдықты нығайтатын игі амалдардың бірі ретінде сәлемдесуге ерекше мән берген.

Қазақ дәстүрінде ер азаматтар «Ассалаумағалейкум!» деп амандасып, үлкендер «Уағалейкумассалам!» деп жауап берген. Ер адамдар көбіне қол алысып амандасады. Үлкенге құрмет ретінде «Ассалаумағалейкум» деп бас изеп, қолын жүрек тұсына қойып амандасады. Жасы үлкенмен қол беріп амандасқанда екі қолдап амандасу құрмет көрсетудің белгісі саналады.

Жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетіне назар аударып, адамдар арасындағы әдеп пен өзара сыйластықтың маңызын атап өтті.

Қоғамда туыстығы жоқ кейбір бөтен ер мен әйелдің құшақтасып немесе бетінен сүйіп амандасуы байқалады. Бұл — дәстүрімізге жат көрініс. Сәлем берген сәтте адамдардың жеке кеңістігіне кірмеу керек. Сәлемдесу дегеніміз – тек сөз алмасу емес, жүректерді жақындастыратын рухани құндылық екенін ұмытпайық.

 

Айнұр ЖАҚЫПОВА, Екібастұз қаласының тұрғыны:

— Меніңше, адамдардың бір-бірінің бетінен сүйіп амандасуында тұрған ештеңе жоқ. Қазақта бұл – жақын адамды көргендегі қуаныш пен сағынышты білдірудің бір жолы. Әсіресе, көптен көрмеген туыстарымызбен кездескенде қол алысып қана қоймай, құшақтасып, беттен сүйіп амандасып жатамыз. Мұнда ешқандай жаман ниет жоқ деп ойлаймын. Бұл – адамның жақындығын, сыйластығын білдіретін қалыпты нәрсе.

Әрине, әр адамның өз шекарасы, өз тәрбиесі бар. Біреуге мұндай амандасу қалыпты көрінсе, енді біреуге ыңғайсыз болуы мүмкін. Оны да түсінуге болады. Бірақ адамды бетінен сүйіп амандасудың бәрін бірдей әдепсіздік деп қабылдау дұрыс емес секілді.

Біздің қазақта туысқа, досқа, жақын адамға деген ықыласты ашық білдіру бар. Қуанып көріскенде құшақтасып, маңдайынан сүйіп, жылы сөз айту бұрыннан келе жатыр. Сондықтан мұндай нәрсеге бірден жаман мағына бермей, жағдайға қарай қараған жөн.

Менің ойымша, бастысы – ниет. Егер адам жақынын көріп, қуанышынан құшақтап, беттен сүйіп амандасса, оны басқа нәрсеге жорудың қажеті жоқ. Әдеп те, сыйластық та сақталса, амандасудың түріне бола үлкен мәселе жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.