Қазіргі уақытта қысқы мал азығын дайындау үшін шабындық жерлерде шөп шабу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұндай сәтте орман–тоғайда өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау қажет, дейді мамандар. Осы мақсатта Шарбақтыда рейдтік іс-шаралар күшейтілуде.
«Ертіс орманы» резерваты мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері бірлесіп, өрт шығуының алдын алу мақсатында шабындық жұмыстары жүріп жатқан аумақтарды аралауда.
Мамандар сондай-ақ, рейдтер өткізіп, шөп шабу орындарында қауіпсіздікті сақтау, техникаларды дұрыс пайдалану, оттың тұтануын болдырмау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, өрттің шығуын болдырмауға қатысты ережелер көрсетілген ақпараттық парақшалар да таратуда.
Осылайша, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері тұрғындарға қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы тілсіз жауды тізгіндеп, орманды сақтауға болатынын түсіндіруде.
Н.АҚЫТЕГІ.
Шарбақты ауданы
