Мәдениет үйінің жаңарған келбеті

Қыр 10, 2026

Биыл Ертіс ауылы тұрғындарының көптен күткен тілегі орындалды. Аудан орталығындағы сонау 1973 жылы бой көтерген мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, заманауи кейіпке енді. Бұған дейін көпшілік жиі жиналатын нысанда ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп келген. Жергілікті халық мәдени ошақтың ашылу салтанатын асыға күтуде.

Ағымдағы жылдың ақпан айында қолға алынған күрделі жөндеу жұмысы маусым айында аяқталған. Ауқымды іспен «Элекон С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысты.

— Мәдениет үйіне жасалған күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігер ұйым нысанның іші мен сыртына толық жөндеу жүргізді. Ғимараттың инженерлік және ішкі инфрақұрылымы жаңартылды.  Атап айтсам, су және  жылу желілері, төбе жабындысы, жарықтандыру жүйесі ауыстырылды. Терезе мен есіктер, еден де жаңа кейіпке енді. Мәдениет қызметкерлері өнер көрсететін сахна мен қызметтік кабинеттер қазіргі заман талабына сай қайта жабдықталды, — дейді аудандық мәдениет үйінің директоры Әділет Қаженов.

Атап өтерлігі, мәдениет үйі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының грантын жеңіп алған. Ұтып алған қомақты қаражат жаңа кейіпке енген мәдениет үйін заманауи талаптарға сай жабдықтауға мүмкіндік бермек.

Әділет Жұмагелдіұлының айтуынша, аталған грант аясында аудан тұрғындары үшін жаңа шығармашылық бағыттар іске қосылады. Жаңа үйірмелер жергілікті халықтың қабілетін шыңдайды. Бұл ретте ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған үйірме —  «Зерде» орталығы, вокал, би, театр үйірмесі жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек, медиа орталығы, қолөнермен айналысуға мүмкіндік беретін «Шебер қолдар» үйірмесі де ашылады. Ауылдағы тұрғындар ұлттық аспаптар үйірмесіне де қатыса алады.

— Бұл жобалар балалардың, жастардың және ересектердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға және мәдени өмірге белсенді қатысуына кең мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мәдениет үйінде жаңа жобалар жүзеге асырылып, мәдени іс-шаралардың саны артып, аудан тұрғындары үшін қолжетімді әрі мазмұнды мәдени орта қалыптастырады. Ұтып алған грантқа қор өкілдері жаңа музыкалық аппаратура орнатып, мәжіліс залындағы орындықтарды ауыстырады. Орталық алаңға сахна қоятын болады. Алтыбақан мен киіз үй макетін де орнатады. Алдағы уақытта «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен келісімшарт жасалып, жаңарған мәдениет үйінің ашылу салтанаты өткізіледі, — дейді Ә.Қаженов.

Әділет Жұмагелдіұлының айтуынша,  жергілікті тұрғындар мәдениет үйінде өткізілетін мерекелік шараға белсенді қатысады. Күрделі жөндеу жұмыстары басталған уақыттан бастап өнерпаздар мерекелік кештерді ауданға жақын орналасқан мәдениет ошақтары мен Ертіс ауылындағы мектеп, әкімдік ғимаратында өткізіп келеді. Бұдан бөлек, тұрғындар орталық алаңдағы сахнаға жиналады. Жаз айы басталғалы әсем кештер далада ұйымдастырылып келеді.

Атап өтерлігі, Ертіс ауылында әр сенбі сайын жергілікті жұртшылық би кешіне қатысады. Оған шамамен 200-ге жуық адам қатысады екен. Бұдан бөлек, жұма күндері тұрғындар ашық аспан астында кино тамашалайды. Бұл шаралардың бәрі тегін өткізіледі. Заманауи кейіпке енген мәдениет үйінің ашылуы ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік берері сөзсіз.

Еске сала кетейік, Ертіс ауданында жалпы саны 22 мәдениет үйі жұмыс істейді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.