31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсекеде 113 елден 3 мыңға жуық спортшы этноспорт түрлерінен бақ сынады. Бұл ретте Қазақстан құрамасы ел қоржынына 74 медаль салып, көш басынан көрінді. Көрші елден олжалы оралғандардың қатарында павлодарлық спортшылар да бар.
Жалпы, Көшпенділер ойыны — көшпелі халықтардың мәдени мұрасы мен ұлттық спорт түрлерін жанданды-руға бағытталған халықаралық ірі сайыс. Ол 2014 жылы Қырғызстанда бастау алған болатын. Ал уақыт өте бүкіл түркі әлемі мен өзге де мемлекеттерді біріктіретін, екі жылда бір рет ұйымдастырылатын ауқымды спорттық-мәдени шараға айналды. Осыдан екі жыл бұрын V Көшпенділер ойынын біздің ел қабылдап, жоғары деңгейде өткізген еді. Астана қаласындағы бұл сайыс ел тарихындағы ең ауқымды халықаралық жарыстардың бірі болды.
Араға екі жыл салып VI Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қайтадан Қырғызстанда жалғасын тапты. Бұл жолы іргелес елдің астанасы – Бішкек қаласына 113 елдің спортшылары жиналды. Олар ат спорты, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі садақ ату және аңшылық өнер, зияткерлік ойындар, басқа да ұлттық және күш сынасатын сайыстар түрлері бойынша өзара жарысқа түсті. Барлығы спорттың 43 түрінен, оның ішінде қазақ халқының ұлттық спорт түрлерінен де шеберлік байқасты. Қазақстанның атынан 152 спортшы сынға түсті. Осы орайда отандастарымыз 43 спорт түрінің бәрінде кіл мықтылармен жарыс жолына шыққанын атап өткен жөн.
Біздің жерлестер Көшпенділер ойынының алғашқы күнінен-ақ мықтылығын көрсетіп, қанжығаға жүлде байлау үшін барын салды. Бұл еңбектері еш кетпеді. Бір аптаға жалғасқан жарыста қазақстандық спортшылар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жеңімпаз және жүлдегер атанды. Күн сайын қоржынға медаль салды. Нәтижесінде отандастарымыз 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар.
Мұндай жоғары жетістікке жетуде павлодарлық спортшылардың үлесі зор. Атап айтқанда, Ерасыл Әутәліпов тоғызқұмалақтан жеке және командалық есепте алтын медаль иеленді. Қуаныш Қабылда ордодан, Ернұр Мерешев пен Ардақ Қанапашев овари бойынша командалық есепте қола жүлдені қоржынға салды. Аламан бәйгеде біздің «Айман» атты жүйрікке тең келері болмады. Иесі – Жасыбай Нығманов, шабандоз — Нұрасыл Бекбатыр. Ал «Көк Серек» атты сәйгүлігіміз мәре сызығын екінші болып кесіп, күміс жүлде еншіледі. Шабандоз – Имберген Қуантаев, жаттықтырушысы – Қанат Дулатпеков. Сол сияқты 3200 метр қашықтықтағы тегіс жарыста павлодарлық жүйрік қарсыластың бәрін шаң қаптырды. Жерлесіміз Бақтияр Байзақовтың «Береу Рейсер» атты аты ешкімге дес берген жоқ. Сөйтіп, тағы бір алтын медаль қанжығаға байланды. Сәйгүлікті тізгіндеген – Аслан Байкенов. Осылайша, Павлодар облысынан Қырғызстанға Дүниежүзілік көшпенділер ойынына аттанған жерлестеріміздің барлығы бірдей олжа салып, жүлде иеленіп қайтты. Бұл – өңір үшін жоғары жетістік әрі ұлттық спорт түрлерінің аймақта қарқынды дамып жатқанының жарқын үлгісі!
Қазақстан ұлттық құрамасының VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында табысты өнер көрсетуін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалады. Бұл туралы Президент кеңесшісі — баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
— Президент осынау жоғары нәтижеге спортшыларымыз тайсалмас табандылықтың, жанқиярлық еңбек пен мұқалмас ерік-жігердің арқасында жеткенін атап өтті. Мемлекет басшысы чемпиондар мен жүлдегерлерге, бапкерлер құрамына және барша мамандарға шынайы ризашылығын жеткізіп, мұндай ерен жетістіктер Қазақстанның ұлттық спорт түрлері дамыған ел ретінде халықаралық беделін асқақтата түсетінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың ең беделді сайыстарда биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді, — делінген хабарламада.
Жалпыкомандалық есепте Қырғызстан барлығы 84, Ресей 36 медаль еншілеп, екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Бұл ретте қырғыз ағайындардың қоржынында 30, ресейліктерде 7 алтын жүлде барын айта кету керек.
Жомарт РАХЫМБЕРДИЕВ, тбапкер:
— Біз биыл Дүниежүзілік көшпен-ділер ойынына бірінші рет қатысып, «Айман» атты жүйрігімізді аламан бәйгеге қостық. Халықаралық деңгейдегі жарыс болғандықтан, тыңғылықты дайындалып бардық. Себебі, жауапкершілік жүгін жақсы түсіндік. Жалпы, аламан бәйгеге ат қосу оңай емес. Басқасын былай қойғанда, тұлпарды шекараның ар жағына жеткізудің өзі қиын. Соған қарамастан, ел намысын қорғау үшін барымызды салдық. Барлығы 31 арғымақ жарысқа түскен 25 шақырымдық аламанда біздің «Айман» бірінші болып келді. Бұл ретте шабандозымыздың тәжірибесін де атап өту керек. Нұрасылдың ат құлағында ойнап, бәйгелерге тұрақты түрде қатысып жүргеніне үш жылдан асты. Сондықтан мұндай деңгейдегі жарыс оған таңсық дүние емес. Десе де, қобалжуды жеңіп, сәйгүлікті баптап, қоржынға алтын медаль салды.
Ардақ ҚАНАПАШЕВ, қола жүлде иегері:
— Қырғызстанда өткен Дүние-жүзілік көшпенділер ойыны біздің ел құрамасы үшін сәтті өрілген сайыстардың бірі болды. Әсіресе, Павлодар облысы спортшыларының бағы мен бабы қтар келіскен жарысқа айналды. Ұзақ жыл бойы тоғызқұмалақпен кәсіби түрде айналысып жүрмін. Ал бұл жолы көшпенділер ойынында африкалықтардың төл спорты – овари бойынша бақ сынадым. Бұл спорт түрі біздің елде аса дами
қойған жоқ, әйтсе де тоғызқұма-лаққа ұқсас болғандықтан, білімді толықтырып, біліктілікті шыңдап, овариді де үйрендік.
Ақпан айында өткен республикалық іріктеу кезінде 56 адамның ішінен үшінші орын алып, үздік төрттікке кірдім. Кейін сол төрттіктің қатарынан іріктеліп, павлодарлық спортшы – Ернұр Мерешев екеуіміз ел абыройын қорғау үшін ұлттық құрама сапына қосылдық. Сөйтіп, жолдама алдық.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынына бірінші рет қатыстым. Жоғары деңгейдегі жарыстан алған әсер ерекше. Овари сайыстарына 44 елден 56 адам қатысты. Солардың қатарынан біздің ерлер құрамасы үшінші орын алдық. Бұл қола біз үшін алтыннан кем емес! Бас жүлдені осы спорт түрінің отаны – африкалық Гана мемлекетінің өкілдері еншіледі. Ал біз үшін көрші елде өткен жарыс мол тәжірибе мен ұмытылмас сәт-
тер сыйлады. Бастысы, ел қоржы-нына жүлде салғанымызға қуаныштымыз.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
