Жаңа оқу жылының басталуына небары он-ақ күн қалды. Ал балалар оқуға қаншалықты дайын? Мектепке қажетті киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып алуға ата-аналардың қаражаты жетіп жатыр ма? Сауда орындарындағы баға қалай? Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында облыс орталығындағы бірқатар дүкен мен базарларды аралап, баласына керек-жарағын іздеген ата-аналармен тілдесіп қайтқан едік.

Ата-аналар тілегі қандай?

Қаладағы қай базарға барсақ та, халық қарасы қалың екенін байқадық. Қос-қостан балаларын жетектеп алып, арлы-берлі сабылған ата-аналардан көз сүрінеді. Бәрінің айтар уәжі бір, ол – биыл мектепке қажетті киім-кешек бағасының қымбаттап кетуі. Осылай деген көпбалалы ана Тоғжан Алпысова:

— Мен балаларымның оқуға қажетті дүниелерін алу үшін Баянауылдан қалаға арнайы келдім. Базардағы баға өте қымбат. Мәселен, осында ересек ер балаға арналған ең арзандау деген костюм-шалбар 20000 теңгеден сатылуда. Саудаласа келіп, 18000 теңгеге түсіртіп алдым. Енді бұған қоса ақ жейде, аяқ киім, спорттық киім-кешектер, кеңсе тауарлары, сөмке сатып алуым қажет. Олардың да бағасы аспандап тұр. Осылайша, 3 баламды мектепке дайындауым керек. Жасыратыны жоқ, біз сияқты көпбалалы отбасылары үшін қалтаға әжептәуір салмақ түспек. Бір қуантарлығы, мектептен сабақ оқитын балалардың әрқайсысына ақшалай материалдық көмек берілді. Бұл қолдау біраз сеп болды. Дегенмен, тауарлар қымбат болғандықтан, оған 2-3 киім ғана сатып алдық, — дейді. Ал мұндай көмекке ілінбей қалған кейбір ата-аналардың өкпесі қара қазандай екенін аңғардық. Солардың бірі Роза Абайқызы:

— Менің 3 қызым бар. Барлығы — оқушы. Осы уақытқа дейін мемлекеттен де, мектептен де қолдау көрген жоқпыз. Киім-кешектің бағасы шарықтап тұр. Тек сапасы тәуірлеу деген 1 спорттық киімді 30000 теңгеге алдық. Былтырғы жылмен салыстырғанда киім-кешек әжептәуір қымбаттап кетіпті. Оның үстіне есейіп қалған қыздардың таңдауы да, талғамы да жоғары. Қатарынан қалмасын деген оймен қалаған киімдерін сатып алып беру үшін банктен несие ресімдедік. Басқа амалымыз қалмады. Біз сияқты 2-3 баласы барларға жәрдемақы да төленбейді. Тым болмаса жаңа оқу жылы қарсаңында бір рет барлық балаға мемлекеттен материалдық көмек көрсетілсе деген тілегім бар, — дейді. Бір қызығы, мұндай ренішті бірнеше адамнан қатар естідік. Бұған қарап, қос бүйірден қысқан қымбатшылық шынымен де қарапайым халықтың арқасына аяздай батып бара жатқанын байқадық. Саудагерлер болса, соңғы бірнеше жылдың ішінде тауар бағасы 2 есе қымбаттағанын мойындап, бұл жағдайға бағаны реттей алмаған жауапты мекемелер жазықты екенін айтады.

— Біз өзіміз тауарды Алматыдан қымбат бағамен аламыз. Сосын оның үстіне 15-20 пайыз қосып сатамыз. Себебі, ай сайын осы орынға төлейтін жалдау ақысы, салық бар дегендей… Шығындарымызды өтеуіміз қажет. Дегенмен де, киімдер 2-3 есеге қымбаттап кетті. Мысалы, мен қазір 28000 теңгеден сатып жатқан түркиялық спорт киімдерді осыдан 2-3 жыл бұрын 10000-11000 теңгеден саудалаған едім. Әрине, қара халыққа жанымыз ашиды. Кейбір ата-аналар қымбатсынып, ренжіп кетіп жатады. Бірақ, бізге де күнкөріс керек. Арзан дүние сату үшін тауарлардың ішкі-сыртқы нарықтағы бағасы мемлекеттік деңгейде реттелуі тиіс, — дейді өзін Света деп таныстырған саудагер әйел.

Баға қалай?

Павлодар қаласындағы халық көп баратын бірнеше базар мен дүкендерді аралау барысында мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен оқушыларға арналған киім-кешек бағаларының құбылып тұрғанына көз жеткіздік. Нақты мысалдармен айтар болсақ, автобекет аумағында орналасқан әмбебап жәрмеңке кешенінде, яғни халық арасында «Қытай базары» деп аталып кеткен сауда орталығында қыз балаларға арналған ақ жейденің бағасы 5000-10000 теңге, шалбарлар мен юбкалар 5000-15000 теңге, жемпірлер 6000-12000 теңге, бәтеңкелер (ұл-қыздікі) 6000-10000 теңге аралығында сапасына қарай сатылуда. Ер балалардың ақ жейдесі 6000-12000 теңге, жоғары сыныптың ұлдарына арналған костюм-шалбар бірге 18000-30000 мың, бастауыш сыныптағылардікі 10000-20000 теңге, спорттық киімдер өлшемі мен сапасына қарай 10000-30000 теңге, кроссовкилер 6000-18000 теңге деп бағалануда. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, аты айтып тұрғандай, аталмыш базардағы тауарлардың 90 пайызға жуығы Қытай елінен шығарылған, дейді саудагерлер. Сондықтан да, көпшілік мұндағы баға басқаларына қарағанда арзандау екенін айтады. Ал орталық базардағы (Ярмарка) бағаның бұдан қымбаттау екенін көрдік. Мұнда қыздардың ақ жейдесі 8000-16000 теңге, юбкалар мен шалбарлар 7000-18000 теңге, жеке костюмдер 12000-20000 теңге, ақ бантик 1000 теңге (1 данасы), колготки 1500-2500 теңге, ер балалардың ақ жейдесі 8000-15000 теңге, шалбарлары 8000-12000 теңге, спорттық киімдер 15000-35000 теңге, спорттық аяқ киімдер 9000-25000 теңге, бәтеңкелер 7000-18000 теңге, костюм-шалбар қосылып 20000-40000 теңге аралығында сатылып жатыр. Қалтасы көтермейтін адамдар амалсыздан айналып өтетін «Артур» сауда үйіндегі мектеп оқушыларына арналған киімдердің құны да аспандап тұрғанын айтпасқа болмас. Есесіне, сапасына сын таға алмаймыз. Сауда үйінің сатушылары дүкен сөрелерінде сапасыз арзанқол дүниелерге орын жоқ екенін, тек таңдаулы фирмалық киімдерді ғана сататынын айтады. Соның дәлеліндей, бұл орталықтағы қыз балалар мен ұлдарға арналған ақ жейделердің орташа бағасы 10000-20000 теңге, костюм 20000-45000 теңге, аяқ киімдер 20000-40000 теңге деп тұр. Одан арзанын таппайсыз. Сондай-ақ, соңғы үлгідегі бренд киімдер бұдан да жоғары бағамен сатылуда. Оған «Асандар» болмаса, «Үсендердің» қолы жетпейтіні шындық.   Шаһардағы көпшілікке жақсы таныс сауда орындарының бірі – «Bayan mall» дүкені. Тұрғындардың көбі осындағы тауар бағасына көңілі толатынын айтады. Сонымен, аталмыш сауда орталығында қыз балалардың ақ жейдесі 4500-7700 теңге, ер балалардікі 4200-7000 теңге, шалбарлар 4000-8000 теңге, юбкалар 4000-7000 теңге, бәтеңкелер 5000-10000 теңге, спорттық киімдер 9000-15000 теңге, спорттық аяқ киімдер 7000-12000 теңге тұрады екен. Қаланың қақ ортасында «Алматы бағалары» деген атпен айқайлап тұрған арзандау сауда дүкендеріне де бас сұқтық. Тұрғындар осындағы киім-кешектің құны қолжетімді деген пікірде. Шынымен де, басқалармен салыстырғанда тауар бағасы едәуір төмендеу көрінетінін көз шалды. Мәселен, қыз балалардың ақ жейдесін 3000 теңгеден, тоқыма жемпірлерді 4500 теңгеден, ер балаларға арналған ақ жейдені 2500 теңгеден, ұлдардың костюм 8500 теңгеден, кроссовкилерді 6000 теңгеден сатып алуға болады. Сауда нүктесіндегі кеңесші қыздардың айтуына қарағанда, бұл тауарлардың көбі Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен әкелінеді. Ата-аналар жиі баратын балаларға арналған «Еркем-ай» сауда нүктесінде де оқушыға қажетті киімдер самсап тұр. Негізгі тауарлардың бағасына келер болсақ, юбкалар 3990-11999 теңге, ақ жейделер 4990-6590 теңге, жасөспірімдерге арналған шал-барлар 7990-13999 теңге деп көрсетілген. Ал «Гулливер» дүкенінде ақ жейделер 4500 теңгеден, шалбарлар 6000 теңгеден, спорттық киімдер 10000 теңгеден, юбкалар 4000 теңгеден, ақ майкалар 640 теңгеден, аяқ киімдер 5500 теңгеден басталады. Атап өтерлігі, жоғарыда біз мектепке арналған негізгі киім-кешектердің бағасына ғана шолу жасадық. Ескере кететін жайт, оқушыға бір ақ жейде мен юбка, шалбар аздық етеді. Сондықтан ата-аналардың көбі қос-қостап алып жатады. Сонымен, есептей келе бір баланың «бір киеріне» орта есеппен 60000-120000 теңге жұмсалады екен. Яғни, ең арзанын ғана алсаңыз, әрі-бері тартып жүріп 60000 теңгені жеткізуге болады. Ал қалтаңыз көтеріп, қымбаттауын қаласаңыз 100000-120000 теңгеге балаңызды басынан-аяғына дейін бір киіндіріп шығасыз. Таңдау мен талғамға талас жоқ. Бірақ «арзанның жілігі татымайтынын» білетін көзі қарақты ата-аналардың көбі қалтасына салмақ түсіп, қарызға батса да қымбаттауын алуға тырысатынын айтады.

— Баламыз үшін мектеп киімі қанша теңге болса да алып береміз. Мәселен, мен 2 балама да тамыз айының басында сатып алып қойдым. Себебі, ұл-қызым айдың соңына дейін базардағы тәуір әрі таңдаулы киімдер сатылып кететінін айтып, ертерек қамдануымызды өтінді. Сөйтіп, олардың киімдерін алып бердік. Әрине, сапасына сай бағасы да қымбат болып шықты. Мәселен, қызымды 115000 теңгеге, ұлымды 108000 теңгеге киіндірдім. Былтыр арзандау киім алып, бір оқу жылына жетпей қалған еді. Екінші тоқсаннан кейін жейделерінің түймесі үзіліп, қолтығы мен жеңі сөгілді. Юбка, шалбарлары түтеленіп, сүзіліп кетті. Сондықтан амалының жоқтығынан арзан киім алып жататын балаларға жаным ашиды. Қымбатын алуға кейбірінің жағдайы келмейді. Басқасын қайдам, осы мектеп киімінің сапалы әрі бағасының қолжетімді болуы мемлекеттік деңгейде қатаң қадағаланса екен деймін, — дейді Павлодар қаласы-ның тұрғыны Әсем Олжасова.

Кеңсе тауарлары қолжетімді ме?

Мектепке баратын әрбір оқушының басты қажеттілігі – кеңсе тауарлары мен оқу құралдары. Онсыз сабақ оқу мүмкін емес. Алайда, сөмке, қалам-қарындаш, дәптер, күнделік, тыс, қайшы, желім, өшіргіш, ұштағыш сынды дүниелер сырт көзге ұсақ-түйек көрінгенімен, қалтаңыздан біраз қаржыны қағатыны сөзсіз. Қаладағы қай базарға, дүкенге барсаңыз да, осы айтылғанның түр-түрі көздің жауын алып, самсап тұр. Бағалары да тауардың жасалған материалы мен сапасына қарай сан түрлі. Мәселен, сөмкелер мен рюкзактар орталық базарда 8500-15000 теңге деп тұрса, «Еркем-ай» сауда нүктесінде 5999-22666 теңге аралығында сатылуда. Мектепте күнделікті қолданылатын қаламсаптар 50-500 теңге, жай қара қарындаштар 40-100 теңге, 12 беттік жұқа дәптерлер 25-45 теңге, 48 беттік қалың дәптерлер 250-500 теңге, арнайы пәндерге арналған қалың дәптерлер (12 дана) 3000-5000 теңге, түрлі-түсті қарындаштар саны мен сапасына қарай 250-2500 теңге, фломастерлер 500-3000 теңге, сызғыш 50-500 теңге, желім 100-1000 теңге, өшіргіш 80-400 теңге, ұштағыш 60-500 теңге, дәптер мен кітап тыстарының жинағы (10 дана) 400-1000 теңге, күнделіктер 450-800 теңге, сурет салуға арналған альбом бетінің қалыңдығына байланысты 1500 теңгеге дейін сатылуда. Бір байқағанымыз, кеңсе тауарлары да киім-кешек сияқты әр базар мен сауда орталығында түрлі бағамен тұр. Қарапайым базарларда ұсақ заттардың бағасы өзгелерден 15-20 теңге, ал рюкзактардың құны сапасына қарай ірі дүкендерден 2 есеге дейін арзандау екенін атап өткен жөн. Ата-аналардың айтуынша, осы ұсақ-түйектерді сатып алу үшін бір балаға кемінде 20000-30000 теңге жұмсалған. Ал қымбатын таңдап алсаңыз, әрине бұдан 2 есе көп шығындаласыз. Қорыта келе, мектепке бір баланы дайындау үшін орта есеппен 100000-150000 теңге қажет. Егер, бір отбасында бірнеше бала сабақ оқитын болса, ата-анаға әжептәуір салмақ түсетіні анық.

Кімдерге көмек көрсетіледі?

«Адам көркі — шүберек» демекші, кез келген бала 1 қыркүйекте алтын ұя мектебіне жаңа киім киіп, жарқырап барғысы келеді. Өкінішке қарай,  ата-ананың барлығы бірдей баласына жағдай жасай алмайды. Әсіресе, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар үшін оқушыны мектепке дайындау үлкен мәселе екені сөзсіз. Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, бүгінде аймақ бойынша осындай 12 мыңнан астам оқушы мектепке қажетті кеңсе тауарлары мен киім-кешекке мұқтаж. Мұндай жеткіншектерге қолдау көрсету мақсатында елімізде 1 тамыздан бастап республикалық «Мектепке жол» акциясы өтуде. Яғни, аталған қайырымдылық шарасы аясында шынайы көмекке мұқтаж балалардың қатарынан қалмай оқуға баруы үшін киім-кешектер және кеңсе тауарлары үлестірілмек.

— Көмекке мұқтаж балалардың бірыңғай деректер базасы құрылды. Сол бойынша 3 мыңнан астам отбасынан шыққан 12 584 оқушыға қайырымдылық көмегі көрсетіледі. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасыларынан 4139 бала, жан басына шаққандағы табысы төмен шаңырақтардан 4927 оқушы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 812 жет-кіншек, төтенше жағдайлар нәтижесінде шұғыл көмекті қажет ететін отбасыларынан 3 бала, білім беру ұйымының алқалы органы айқындайтын өзге де санаттардан 2703 оқушы бар. Әлі де көмекке зәру немесе қиындыққа тап болған шаңырақтардың балалары үшін барлық аудандар мен қалада арнайы сенім телефондары, жедел желілер жұмыс істейді. Бүгінде аталған телефондарға 40-қа жуық өтініш келіп түсті, — дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова. Оның айтуынша, қазіргі уақытта басқармада 65-00-60, 87074916405 сall-centr жұмыс істеуде. Қайырымдылық шараларына павлодарлық меценаттар, әлеу-меттік серіктестер мен мемлекеттік құрылымдар белсенді қатысуда. Бүгінгі таңда демеушілердің есебінен 1600 оқушыға 15 миллион теңгеден астам сомаға көмек көрсетілген. Бұдан басқа, балаларға жалпыға бірдей міндетті оқыту қоры есебінен де қомақты көмек берілуде. Биыл аталмыш қор оқушыларды тамақтандыруға 1548 млн теңге, мектеп формасы мен кеңсе тауарлары үшін 614,4 млн теңге бөлген. Нәтиже-сінде, көмекке мұқтаж оқушыларға 100 пайыз қолдау көрсетілмек. Балаларды мектепке қажетті керек-жарақпен қамту мәселесіне Үкімет басшысы да назар аударып, барлық облыс әкімдеріне қатаң тапсырма берді.

— Өңір әкімдіктері көмекке мұқтаж балаларды 100 пайыз мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуі тиіс. Шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңкелері мен көшпелі автодүкендерді ұйымдастыру қажет, — деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов. Үкімет басшысының бұл тапсырмасы біздің өңірімізде де өз деңгейінде орындалуда. Бүгінгі таңда облысқа қарасты барлық ауданда, шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңкелері, көшпелі автодүкендер ұйымдастырылуда. Ал оның сапасы қалай? Есеп үшін өткізіліп жатқан жоқ па? Бұл сұрағымызға жауап берген облыстық білім беру басқармасының өкілдері тауардың сапалы әрі қолжетімді болуына қатысты қайырымдылық шарасына қатысушы кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілгенін мәлімдеді.

Түйін:

Осылайша, тамыз басталғалы базар жағалап, баласының керек-жарағын түгендеген ата-аналар жүгірісі әлі де аяқталған жоқ. Сөз басында айтып кеткеніміздей, бірі қарызданып, бірі несие алып, әйтеуір отбасындағы оқушылардың қамын жасауда. Сонымен қатар, дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы да қызып, жоқ-жітіктерге қайырымдылық көмегі көрсетілуде. Бастысы, білім беру саласының өкілдері барлық баланың мектепке дайындығы назарда екенін айтады.

 

Нұржайна ШОДЫР.