Тазалық айлығы басталды

Қыр 17, 2026

Ақсу қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақтарда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында абаттандыру және санитарлық тазалық айлығы басталды. Соның аясында аумақтар қоқыстан тазартылып, қала мен ауыл іші ретке келтірілмек.   

Төрт апта бойы қала және ауылдық аумақтарды тазалау, абаттандыру, көшелерді, аулалар мен қоғамдық орындарды санитарлық тазалау, көгалдандыру және ағаш отырғызу жұмыстары ұйымдастырылады. Оған қала кәсіпорындары мен ұйымдарын, мемлекеттік мекемелерді, кәсіпкерлер мен тұрғындарды тарту жоспарланып отыр.

Тазалық айлығы аясындағы алғашқы сенбілік 12 қыркүйек күні өтті. Оған 3 мыңнан астам адам қатысты. Аумақтарды тазалауға және қоқысты шығаруға 40-тан астам техника жұмылдырылып, 100 тонна қалдық шығарылды. Қала әкімі Әнуарбек Амановтың айтуынша, айлық барысында полигон жиналған қоқысты тегін қабылдайды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында балалар эко-техно орталығында да танымдық іс-шара өтті. Қатысушылар спорттық және экологиялық ойындарға қатысып, шығармашылық шеберлік сабақтары мен қызықты тапсырмаларды орындады. Ойын мен белсенді демалыс арқылы табиғатты аялау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтаудың маңыздылығы тереңінен түсіндірілді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

Ақсу қаласы