Елімізде еңбек етуге ниетті азаматтарға жоғары жалақылы жұмыс табылады. Бұл ретте мемлекет те екі қолға бір күрек табуға ынталы тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетуге әзір. Уақытша жұмыссыз жүрген жандарды кәсіптік оқуға жолдап, кейін оның тұрақты қызметке орналасуына қолғабыс етеді. Колледж, университетті енді ғана тәмамдаған түлектерге де, зейнет жасына таяп қалған азаматтарға да жақсы еңбекақы төленетін жұмыс орнын қарастыруға мүмкіндік бар. Тек тетігін тапса болғаны.
Екі тарап та ұтады
Кейде көпшілік арасында «Жөні түзу жақсы жұмыс жоқ» деген жаңсақ пікірлер айтылып жатады. Бірақ бұл олай емес. Шын мәнінде адал еңбек етіп, маңдай термен табыс табуды қалайтын азаматтарға түрлі тетік қарастырылған. Алысқа бармай-ақ, білім алып жүрген студенттердің өздері күнделікті нәпақасын табу үшін жеткізуші, даяшы сынды түрлі қызметті атқарудан қысылмай-тынын көз көріп жүр.
Осы орайда мемлекет тарапынан да екі қолға бір күрек табуға ынталы тұрғындарға көмек көрсетіледі. Павлодар облыстық еңбек ұтқырлығы орталығы жұмыс беруші мен іздеуші арасындағы көпір іспетті рөл атқарады. Орталық директоры Қазбек Жомартовтың айтуынша, екі тарапқа да тиімді болар ұсыныс жасап, тұрғындардың жоғары жалақылы жұмысқа орналасуына, ұйым, мекемелердің іздеген білікті маманын табуына ықпал ету – басты мақсат.
— 2023 жылы ел көлемінде еңбек ұтқырлығы орталықтары құрылды. Олар бұрын халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысын үйлестіреді. Бұған дейін аталмыш орталықтар аудан-қала әкімдіктеріне қарасты болса, бүгінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты ұйым болып саналады. Қазір олар мансап орталығы деп аталып, әр аудан-қалада жұмыс істейді. Мансап орталықтары жұмысқа орналасуға, азаматтардың кәсіп ашуына, қандай да бір мамандықтарды меңгеріп, біліктілікті арттыруға көмектеседі, — дейді Қазбек Ертайұлы.
Бүгінгі таңда көпшілік бірден көңілінен шығатын, өзіне ұнайтын, бастысы кірісі жақсы жұмыс іздейтіні белгілі. Бірақ кейде өзі білім алған мамандығы бойынша мұндай мүмкіндіктер болмай жатады. Немесе уақыт өте келе бұл салада жұмысын жалғастыруды жөн көрмейді. Сондай кездерде қысқартылған кәсіби оқудан өтіп, тың бағытты таңдап, жақсы жұмысқа орналаса алады. Бұл бағытта еңбек ұтқырлығы орталығы бірнеше таңдау береді. Алғашқысы – жұмыс берушінің сұранысына сай оқуға жіберу. Мәселен, қандай да бір мекеме электр желілерімен жұмыс істей алатын маман қажет екенін білдіріп, өтініш берді делік. Мұндай жағдайда орталық мамандары жұмыс іздеп жүрген адамдарға аталмыш мамандықты меңгеруге ұсыныс жасайды. Ниет танытқан адам болса, төртжақты келісім жасалады. Оған жұмыс беруші, жұмыс іздеуші, оқыту орны мен еңбек ұтқырлығы орталығы қол қояды. Сөйтіп, нақты бір мекеме үшін адам арнайы оқудан өтеді. Мұндай жағдай әу баста электр желілерінің «тілін» білетін маманды іздеген мекеме оқудан өткен азаматты қызметке қабылдау міндетін мойнына алады. Бас тартқан жағдайда жұмыссызды оқытуға жұмсалған шығындар-дың орнын өтеуге тиіс болады. Ал оқудан өткен тұрғынға қатысты мұндай талап жоқ. Ол қысқартылған оқу бағдарламасынан соң бұл салаға бүйрегі бұрмайтынын түсінсе, өзге жұмыс орнын қарастыра алады. Қазбек Жомартовтың сөзінше, мұндай жағдайлар сирек кездеседі. Көбіне бастапқыда жасалған келісім орындалады.
Екінші таңдау – жұмыс беруші өз мекемесінің негізінде оқытуға ұсыныс жасайды. Айталық, дәнекерлеуші қажет болса, орталыққа өтініш жолдап, осы бағытта жұмыс істеуді қалайтын адамды өзіне шақы-рады. Тәлімгерді тағайындайды, үш ай оқытады, тиісті сертификатты береді. Қазбек Ертайұлы мұндай жүйе тиімді екенін алға тартады. Себебі жұмыс іздеушінің бірден тәжірибені меңгеріп, жұмыс барысын көруге мүмкіндігі бар.
— Жыл басынан бері 360 адам жұмыс берушінің өтініші бойынша оқу орталықтарында білім алып, жұмысқа орналасты. Сол сияқты 65 адам білікті маман іздеген мекемеге барып, сол жерде қажеттінің бәрін үйреніп, қызметке орналасты. Жұмыс берушінің ұйымында білім алу бағдарламасының басталғанына көп бола қойған жоқ. Сол себепті болар, дәл осы бағыт бойынша тұрақты жұмысқа орналасқандар қатары аса көп емес. Бірақ өте келе бұл бағыт та тиімділігін көрсетеді деп ойлаймын, — дейді орталық басшысы.
Жасқа да, жасамысқа да мүмкіндік бар
Қазіргі таңда кей жастар қолға диплом алған соң бірден жоғары жалақылы жұмысқа орналасу қиын екенін алға тартып жатады. Себебі, мекемелердің басым бөлігі тәжіри-белі мамандарды қызметке қабылдауды құп көріп, бұл салада бірнеше жыл жұмыс істеген мамандарға басымдық беріп жатады. Сонда күні кеше оқу орнын тәмамдаған жастарға қайтпек керек? Олар да табысы тұрақты қызмет атқаруды қалайды. Мұндай жағдайда «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының берері мол. Ерекше атап өтерлігі, аталмыш бағдарлама арқылы жастарды жұмысқа қабылдаған мекеме жалақыны «қалтасынан» шығармайды. Бұл ретте еңбек-ақысын мемлекеттің өзі төлейді. Жұмыс беруші жас маманның қарым-қабілетін бір жыл аралығында бағамдап, әлеуеті жоғары болса әріптестікті жалғастырады. Өз кезегінде кешегі түлек тәжірибе жинап, шыңдалады. Оған бұл жұмыс орнының талаптары ұнамаса, тәжірибелі маман ретінде басқа жұмыс орнын қарастыра алады.
Сол сияқты еңбек ұтқырлығы орталығы зейнет жасына жақындап қалған, 50-ден асқан азаматтардың да жағдайын ойластырады. Ол үшін «Күміс жас» бағдарламасының игілігін пайдаланады.
— Кейбір жұмыс берушілер жас, күш-жігері мол мамандарды іздесе, енді бірі керісінше тәжірибелі, толысқан қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды қалайды. Осындай жағдайда «Күміс жас» жобасына қатысуды ұсынамыз. Бұл, әсіресе, жұмыс берушілер үшін тиімді. Себебі бірінші жылы жалақының 70 пайызын мемлекет субсидиялайды. Бірақ субсидия көлемі 30 айлық есептік көрсе-ткіштен аспауы тиіс. Айталық, ауылдағы шаруашылықтардың біріне механизатор керек, жалақысы – 100 мың теңге. «Күміс жас» бағдарламасы бойынша оның 30 мың теңгесін ғана шаруашылық иесі төлейді. Қалған
70 мың теңгені мемлекет өтейді. Сол сияқты екінші жылы 65 пайызы, үшінші жылы 60 пайызы субсидия ретінде беріледі, — дейді Қ.Жомартов.
Байқағанымыздай, колледж, университетті енді ғана тәмам-даған түлекке де, тәжірибесі толысып, білім-біліктілік жинаған жасамыстың да жақсы жұмысқа орналасуына жан-жақты жағдай қарастырылған. Еңбек етуге деген ниет болса болғаны.
Жоғары жалақылы жұмыс қайсы?
Павлодар облысы еліміздің индустриялық орталығы болғандықтан, кәсіпорындарда жұмыс қыз-қыз қайнап жатады. Статистикалық деректер бойынша, жоғары жалақылар дәл осындай өндіріс орындарында төленеді. Сондықтан зауытта еңбек етуге ниеттілер де баршылық. Дегенмен, өндірістің қарқын алып, жаңа цехтардың ашылып, тың жобалардың іске қосылуына байланысты білікті мамандарға сұраныс жоғары. Яғни, энергетика, өнеркәсіп салаларына слесарь, электрмонтаждаушы сынды жұмысшылар үнемі қажет. Сонымен қатар, құрылысшыларды қабылдауға өтініштер жиі түсетін көрінеді. Ал ауылдық елді мекендерде ауыл шаруашылығы мамандары тапшы болып жатады. Шаруашылықтар агроном, механизатор сынды мамандық иелеріне жоғары жалақы төлеуге дайын. Қазбек Ертайұлының айтуынша, өңірде инженер, энергетик және мұғалімдердің жалақысы жоғары болып есептеледі. Бұл салаларға сұраныс та жоғары.
Мамандарға деген сұранысты өтеп, тұрғындарға да көңілге қонымды жұмыс орнын ұсыну үшін жұмыс күші көп өңірлерден азаматтарды көшіріп әкелу бағдарламасы да жүзеге асып жатқанын атап өткен жөн. Еңбек ұтқырлығы орталығы бұл бағытта да табысты еңбек етуде.
— Еліміздің оңтүстік, батыс өңірлерінде тұрғындар саны көп, бірақ жұмыс орны аз. Біздің аймақта керісінше бос жұмыс орындарына мамандар табылмай жататын кездер болады. Сондай сәттерде қоныс аудару бағдарламасының берері мол. Біз еліміздің өзге өңірлеріндегі ағайынға мамандығына сай жұмыс орнымен қатар, баспана алу мүмкіндігін де ұсынамыз. Балалары балабақша мен мектепке орналасады. Өз кезегінде бос жұмыс орындары жабылады. Осылайша, барлығына қолайлы болар мемлекеттік бағдарлама да жемісін беріп келеді, — дейді орталық басшысы.
Қорыта айтқанда, еңбек етуге ынталы аймақ азаматтарына да, өзге өңірлерден қоныс аударушыларға да жұмыс бар. Жақсы жалақылы іс те табылады. Тек еңбектің көзін таба білсе болғаны. Өз кезегінде мемлекет жұмыс іздеушілерге де, жұмыс берушілерге де тиімді тетіктерді ұсына алады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
